«Ауылға! Ауылға! Мен барам ауылға!» деген ән салуды радиода, теледидарда жиілетті.
Оң жағыңа қарасаң да ауыл. Сол жағыңа қарасаң да «Ауыл» деген плакаттар ілініп, баяғы кеңестік кездің «Родина зовет!» деген жігерлі шақыруын көзге елестетті.
Телеарналардың бәрін де ұжымшарлар, кеңшарлар насихатталып, тырылдаған тракторлардың дауысы фонында қолына күрек-сайман ұстаған егіншілер көрсетілді. Тілші:
– Қалай, ағай Ауыл жылында шаруашылықтарыңызға көмек болып жатыр ма?
– Енді нетіп жатырмыз ғой. Әкімдер несиеге көмектесеміз деп жатыр... Қазір жақсы.. Иә...бала-шағамызбен ...
– Сіздер егінмен айналысасыздар ғой деймін.
– Жоқ, қарағым. Бір-екі мал тұяғы бар соған нетіп...
Әрмен қарай тілші сусылдап, ой, бір дүрілдетіп жібереді дейсің. Барлығы қарқ болып жатқан жағдай паш етіледі. Ауданның әкімінсіз хабар қорытындылана ма? Ақ көйлек, қара костюм әкім малшылармен қоян-қолтық араласып «еңбек» ете қалады. Тағы да тілші шолу жасап, әкімнің ауылға жасап жатқан ұшан-теңіз жақсылығын баяндағаннан кейін:
– Енді, міне Ауыл жылы атқарылып жатқан тамаша жұмыстар туралы әкімнің өзі айтсын деп, микрофонды ұстады. Ол да сайрап береді. Сөздің түйінінде бәрі дұрыс, бәрі қарқ. Бір инедей кемшілік деген болсайшы. Жанармай дегенің ойбай-ау, су тегін. Кім алғысы келсе алады. Ауданда пәлен жанармай стансасы «Кәне келсең, кел» бензинің мөлтілдеп тұр. Бірақ солардың сөйлеген сөздерінде жаттандылық барын біреу аңғарды, біреу аңғармады.
Шаруалар алақаны қышыса, жақсылыққа жорыды.
– Ойпырым-ай, шаруашылығыма аз-мұз тиын-теңге түсіп қала ма екен. Мына алақаны неғып қыши қалды. Әнебір ескі трактордың доңғалағы кетіп тұр еді. Ең болмаса жер жыртып алуға дейін шыдаса етті. Апырай-ай, тұқым-сұқым сатып ала алмасақ тағы қиын-ау, – деп таңның атысы мен күннің батысы ауылға бөлінетін қаражаттан хабар күтті.
Алғашқы жылы ешнәрсе болмады. Шаруалар келесі жылға нық сеніммен қарады.
– Үкімет қатаң көз қадап отыр ғой ауылға. Өткен жылғы нете алмағандарын биыл нететін шығар, – деп келесі жылға иегін артты.
Бұл кезде ауылдың астарлы мафиясы қызу жүріп жатты. Мемлекеттен бөлінген миллиард несие ауыл бишікештерінің керек жеріне саймен де жағалады, оймен де жағалады. Мәселе, кім соның есебін таба алады де.
Ешкімі жоқтар еңіреген күй кешті. Әр ауылда жанармай стансасын ашып алған әкімнің жақын-жуығы несиеге процентсіз бөлінген жанармайдың бағасын жандырды. Арызданғандардың арызы ауданнан ауылға беті «аймандай» болып қайтып келген қыздай күй кешті. Оны былайғы жұрт қайдан білсін. Үкіметке деп қол қойып, шаруалар енді бірлесіп жоғары жаққа хат жөнелтті. «Осылай да осылай, миллиондап қаржы бөлінді деп жатыр едіңдер, оны көрмей отырмыз. Көрсетіп кетіңдер, түге» деп. Иә, көрсетті. Жергілікті әкімдер шаруалардың өз арызымен өз көзіне шұқыды.
– Неге тыныш отырмайсыңдар, а?! Неменені бүлдіріп жүрсіңдер, а?! Менің үстімнен арыз жазып оңа қоямын дедіңдер ме, а?! Біздің кеңшарға бөлінгені 100 миллионнан 100 мың теңге ғана. Қайсысыңа бөліп берем, а?! Арқа етім арша, борбай етім борша боп сендер үшін әнебір май құятын станса салып едім, көре қалдыңдар а?! Ал енді менің үстімнен аттап арызданып, қаржыға қарық бола қойдыңдар деп үлкенді-кіші деместен ұрсып бергенде ауылдағылар әкімнің өзін аяп кетті.
– Сен ғой, жазайық деген, мен ғой қол қойғанмын. Бишара біз үшін май бекетін салдырғанын кім білген. Рас-ау, әйтеуір алысқа бармай тракторға осы жерден құйып алады дегені екен ғой.
– Жоқ, Бекеңнің біз үшін шырылдап жүргені рас. Ай, біз де түсінбей, қой кешірім сұрайық. Бір білместік болды дейік.
– Ертең малымызға шөп сұраймыз, жем сұраймыз дегендей, бәрібір күніміз әкімге қарайды.
Өстіп мәмілеге келген шаруалар ақсақалдарын алдына салып ауыл әкімінен кешірім сұрауға кезекке тұрады.
– Қарағым, Бекен, біз қателесіппіз. Адамды қара бастырса солай болады. Өзара татулығымыз бен ауызбірлігімізге не жетсін. Біздікі Үкімет қаржысынан ернімізге бір нәрсе көппен бірге тие ме деген ғой. Тимесе, әдірам қалсын. Осыған дейін де өлген жоқпыз, бұдан кейін де өлмеспіз. Сен бізді кешір! – деді.
Ауыл әкімі енді кешіре ме? Жәупілдемеде кешіре қоймайды. «Жыны» одан әрі қозады.
– Бірде жүретін, бірде жүрмейтін тырқылдақ «Пазбен» күнара қалаға қатынап, базарға барасыңдар. Сатып жатқан сүт-майларың жоқ.
Шаршайсыңдар, шалдығасыңдар. Сондағы алатындарың күнделікті қант-шай ғана. Сендер жүгіріп дедектемесін деп үйдегі келіндеріңізге осы ауылдан дүкен ашып берейін десем, ақша болып тұр ма? Несиеге бөлінген аз-маз ақшаның үстіне қосып, соны да неттірмей отырсыңдар.
Көп ішінен біреудің көңілі түсе қалады.
– Ойбай-ау, ондай дүкен ашылатын болса, алысқа шапқылап неміз бар, келіннің дүкенінен осы жерде ала берер едік те.
– Келін өзіміздің адам, кейде қарызға да қарасып беретін шығар...Әкім одан сайын қоқиланады.
– Әрине, сол үшін ғой. Сіздер үшін. Ертең біреу келеді, басқа жақтан аудан әкімінің туысқаны. Осы жерден дүкенді ашады да, аузымыз аңқияды да қалады. Итак, күнде сұрайды. «Ауылда дүкен ашылды ма?» деп. Мен айтамын, «ашылайын деп жатыр» деп. Көкірегіндегілерін сезіп отырмын.
– Қой, ойбай, қарағым, онда тездетіп келін дүкен ашсын, өзімізді білетін.
– Е, өстіп жөнге келмейсіңдер ме? Ауданға арызданғанша. Май құятын стансасы бар баласында, қатынында дүкен бар деп тағы да әр нәрсені жазып жүретін болсаңдар, оны айтыңдар қазір көзбе-көз. Ал араларыңда дүкен ашатын біреу болса, пожалыста, ашыңдар. Мен қарсы болмаймын. Бірақ мен білем ғой, сіздердің халдеріңізді... Артық-ауыс ақша жоқ екенін...
– Ойбай-ау, қолда тиын-тебен болса, мал сатып алар едік қой... Дүкен ашу қайда...
Ауыл әкімі содан кейін барып қабағын ашты.
– Көкелер-ау, міне өстіп түсінсеңдерші. Менен де жоғарылар бар ғой. Олар өздеріне нетеді. Өздеріне неткеннен қалғанды біздерге нетеді.
– Иә, қалқам, түсіндік, түсінеміз ғой. Алдымен сендер нетіп алсаңдаршы, бізге сол сендерден қалған ұшықтың пұшығы болса да жетеді, – деп қанағат етті шаруалар.
Қайтсін, өйтпеске амал да жоқ. Ауыл тірлігі бұдан отыз жыл бұрын осылай еді, әлі осылай.
Өріс ЯШҮКІРОВА