Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қара­ғанды облысына барды. Онда өңірдегі мә­слихат депутаттарымен кездесті.
Ашаршылық туралы жинақ
1,184
оқылды

Сондай-ақ Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйым­дастырылған «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағының жаңа томдарын көпшілікке таныстыру рәсіміне қатысты.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Долинка ауылында орналасқан «ҚарЛаг» музейіне барып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті. Қасіретті кезеңнің ізі қалған осы тарихи орында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» бірегей құжаттар жинағы­ның жаңа 6-7-томдары жұртшылыққа таныстырылды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Сенаттың қол­дауымен іске асырылған жинақтың 2021 жылы бес томы жарық көрді.

Аталған құжаттар хроникасының авторлары – белгілі отандық ғалымдар мен тарихшылар. Еңбекке енген құжат­тардың басым бөлігі бұрын-соңды Қазақстанда жариялан­баған. Тіпті, кітапқа басылған сол кездегі анықтама, бұй­рық, қарарлардың бір бөлігі бүгінге дейін құпия сақталып келген.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде өткен ғасырдың 30-жыл­дары қазақ халқы үшін аса ауыр болғанын, тіпті ұлт ретінде сақталып қалуға үлкен қауіп төнгенін айтты. Сол тұстағы алапат ашаршылық пен аяусыз қуғын-сүргінді зерделеп, оның ақиқатын тануға тек Тәуелсіздік алғаннан кейін қол жеткенін де тілгі тиек етті. Бүгінге дейін ғалымдар бұл тақырыптар бойынша көптеген зерттеулер жүргізіп, архив материалдарымен жұмыс істеді. Алайда көп құжаттың құпия белгісімен сақталуы және олардың жеткіліксіздігі тарихшылардың жұмысына кері әсерін тигізіп келді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың бастамасымен соңғы жылдарда ашар­шылық тақырыбын зерттеу жұмыстары жандана түсті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы да бастама көтерді. Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, бұрын құпия болып келген көптеген ар­хив материалдары ашылып, қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде көптомдық жинақ жарық көрді. Де­генмен әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы аталған тақырыптарды ғылыми тұр­ғыда зерттеп-зерделеу мәселесін күн тәртібінен түсірмеу керектігін де атап өтті. Ол Сенат бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, қолға алынған іс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

«Соңғы екі жылдың ішінде Сенаттың бастамасымен ашаршылық тақырыбына арналған бес томдық құжаттар жинағы әзірленді. Соның аясында бұрын еш жерде жария­ланбаған бірегей құжаттар жиналды. Жұмыс мұнымен тоқтамай, жалғасын тауып, нәтижесінде бүгін аталған жи­наққа жаңа екі том қосылып отыр. Бұл жеті томдық жинақ – Сенаттың ашаршылық тақырыбын зерттеуге қосқан нақты үлесі. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғас­тырудың маңызы зор. Сол себепті Сенаттың бастамасын тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми институттар қолдап, зерттеулер жалғаса береді деп сенеміз», – деп Мәулен Әшімбаев жинақ­тың жаңа томдарының жарық көруіне атсалысқан ғалымдар мен редакция алқасына алғысын білдірді.

Сонымен қатар облысқа сапары барысында Сенат Төрағасы жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыру жолындағы бірлескен жұмыс­тың негізгі басымдықтарын талқылады.

Осы орайда Палата Спикері өзара іс-қимылды жаңа форматта жүргізудің маңызды екенін айтып, бұл қадам қолға алған бастамаларды сапалы әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарын заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға шақырды және өңірдегі өзекті проблемаларды шешудің жаңа жолдарын ұсынды.

Одан бөлек, сенаторлар Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құра­мы­мен және студенттерімен кездесті. С.Сәпиев атындағы Бокс орталығына арнайы ба­рып, ерекше қажеттілігі бар спортшылардың боч­чадан ашық жаттығуына қатысты. Мәулен Әшімбаев тағдырдың сынына тап болса да мойымай, спортпен шұғылданып жүрген жандардың ерік-жігері қолдауға лайық екенін айтып, алдағы уақытта да елімізде инклюзивті орта құру жұмысы жалғаса беретініне назар аударды.