Ұлттық кітапханада өткен жаңа кітапты таныстыру рәсіміне Мұрат Жұрынов, Мәмбет Қойгелді, Әшірбек Көпіш, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қасымхан Бегманов, Ерболат Төлепбаев, Темірғали Көпбай сияқты белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Келушілер мемуар авторының өмірдегі азаматтық принциптері мен адамгершілік танымдары туралы өз ойын ортаға салды. Белгілі айтыскер ақын Хазірет Бердіхан қоғам қайраткеріне арнаған жыр арнауын тарту етті.
Жалпы, жинақта ұзақ жыл қала, облыс әкімі, министр, депутат сияқты түрлі мемлекеттік жауапты қызмет атқарып, бұл күнде 80 жасқа толып отырған Амалбек Қозыбақұлы өмірде көргендері мен көңілге түйгендерін толғаныс ретінде қағазға түсірген.
Кітапта адал азаматтың ақиқатқа жүгіне отырып, өз халқының алдында, ұрпақтары мен ар-ожданының алдында арылуы десе де болады. Автор өз замандастарының басынан өткен жағдайлар туралы терең толғана отырып, дүниені мүлде басқа қалыпта қабылдайтын бүгінгі жас жеткіншектердің санасындағы психологиялық қайшылықтарды дұрыс пайымдауға тырысады.
Түрлі ой-толғаныстан тұратын жинақ негізінен «Ұлы мәртебелі адам», «Ұйқыдағы патшалық», «Орға жығатын да, шыңға шығаратын да билік», «Жеміс ағашы және тас пен таяқ», «Атқа міндім екен деп», «Қос ананың құшағындағы жылу» атты негізгі алты бөлімнен тұрады. Кітап қайраткердің сөзіне «Алға Қазақстан!» атты патриоттық рухқа шақыратын өлең жолдарымен аяқталады.
Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан шыққан жинақтың көлемі – 26,5 баспа табақ. Тұсаукесер жиынды белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Қансейіт Әбдезұлы жүргізді.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы