Кеше Алматыда Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Тұрғын үй қорын басқару жүйесіндегі Меншік иелері бірлестіктерінің мәселелерін талқылауға арналған жиынға Мәжіліс депутаттары, Қоғамдық палата мүшелері, мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Тұрғын үйді басқару мәселесін талқылады
884
оқылды

Көшпелі отырысты Парламент Мәжілісі­нің депутаты, Қоғамдық палатаның төрағасы Айдос Сарым жүргізіп отырды.    

Көшпелі отырыста Мәжілістегі «АМАNАТ» партиясы депутаттық фракциясы­ның мүшесі Екатерина Смышляева мәселенің алғышарты жекешелендіру жылдарынан бас­талғанын айтады. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын­да қордаланған мәселелерді осыдан бірнеше жыл бұрын басталған тұрғын үй реформасы шешуі тиіс еді. Жиналғандардың айтуынша, былтырғы жоспарға сәйкес, ескірген және ылғи да жыры бітпейтін басқару тәсілі болып келген Пәтер иелері кооперативін жаңаша  құрылған  Меншік иелері бірлестігі  ауыстыруы керек болған. Алайда басқарудың жаңа жүйесіне көшу процесі басынан-ақ сүрініп, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық­тағы жағдай одан әрі күрделене түскен. Мұны мүдделі органдарға күнделікті тұрғын­дардан түсетін арыз-шағымдардан да байқауға болады.

«Жақында Қазақстан Республикасының «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына пәтер иелері кооператив­терінің (ПИК) қызметін тоқтатуды көздейтін норманы алып тастау туралы түзету қабыл­данды. Бұл қадам 1 шілдеде басталуы мүмкін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сында белгілі бір ретсіздікті болдырмауға мүмкіндік берді деп есептеймін. Бірақ бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық мәселелерін шешудің жолы емес. Бұл тұрғыда алдымызда көп жұмыс күтіп тұр. Бүгінгі басқосу қордаланған тақырыпты қоғамдық талқылаудың бір түрі», – деп атап өтті мәжілісмен Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, жаз бойы депутаттар қазақстандықтардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысын жақсартуға бағыт­тал­ған бастамалары мен ұсыныстарын жинауды көздеп отыр. Күзде барлық жиналған ұсыныс­тар мен пікірлер жинақталып ары қарай Пар­ламент Мәжілісінде талқылауға ұсынылмақ. 

 «Қоғамдық талқылаулар еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіледі. Біз қарапайым пәтер иесінен бастап осы саладағы түрлі қауымдас­тықтың басшысына дейін ашық диалогқа баруға дайынбыз. Бүгінде бізде ПИК пен МИБ жұмыстарында алғашқы уақыттарға қарағанда белгілі бір өзгерістер мен тәжірибе бар. Бірақ олардың қызметін әлі де жетілдіру жағын ойластыру керек», – дейді депутат Екатерина Васильевна. 

Мәжіліс депутаттарының қатысуымен өткен жиында мемлекеттік органдар, қо­ғам­дық ұйымдар мен мүдделі мекемелер, соның ішінде ПИК өкілдері өз пікірлері мен ұсы­ныстарын ортаға салды.  

Мәселен, Ұлттық тұтынушылар лигасы­ның төрайымы Светлана Романовская аталған саладағы басты мәселе азаматтардың басқару жүйесіне сенімсіздігі деген ойын ортаға салды. 

«Осы мәселеге қатысты айтарым, тұрғын үй қорын басқарудың басты мәселесі – азаматтардың сенімсіздігіне байланысты болып отыр. Менің бұл сөзімді біздің бір емес, бірнеше рет жүргізген тұтынушылар арасын­дағы сауалнамалардың қорытындысы растап отыр. Біз түрлі берешегі жиналып қалғаны бірнеше тұрғыннан себебін сұра­ғанымызда олардың барлығының жауабы бірдей болып шықты. Тұрғындар өз ақша­сы­ның қайда кетіп жатқанын толық білмейтін­діктен, тиісті ақыны төлегісі келмейді екен», – дейді Ұлттық тұтынушылар лигасының төрайымы. 

Ол осы тұста тұрғын үй қорын басқару бо­йынша барлық есеп-қисаптың ашық жүргі­зілуі керектігін атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін қажеттті ұсынысын да ортаға салды. Романовская депутаттардан тұрғын үй қоры бөлімдерінің жұмысына жаңа технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.   

«Біз қазір цифрлы дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Мен осы тұста ПИК пен МИБ-тің әрбір мүшесі үшін, яғни тұрғындар тегін пай­далана алатын қосымшаны әзірлеуді ұсынар едім. Ол жерде басшылықтың жұмысы, кіріс-шығыс сомалар туралы есеп, берешегі барлар туралы мәлімет, қаражаттың жұмсалу жағдайы сияқты барлық ақпаратты орналастыруға болар еді», – дейді  алматылық белсенді Светлана Романовская  

Көшпелі отырысқа қатысқан мәжіліс­мендерің айтуынша, бүгінгі және алдағы уақытта айтылар әрбір бастама мен ұсыныстар заңға өгеріс енгізу кезінде ескерілетін болады. Депутат Айдос Сарымның айтуынша, бұл отырыс – аталған мәселеге қатысты ұсыныстар жинау бойынша үлкен жұмыстың бастамасы ғана. Оның сөзінше, Алматыға арнайы ат басын бұрғандағы басты мақсаттары – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты маңыз­ды саланың жұмысын жақсарту жө­ніндегі түрлі бастамаларды көбірек есту. Со­ны­мен қатар осындай кезедесулерде айтыл­ған әрбір ұсыныс пен пікір Мәжіліс жұмысында басты назарда болады.    

Нұрболат АДЫРБЕК,  

Алматы қаласы