Ендігі жерде жеке шағын бизнесін ашқысы келген жастарға Аграрлық несие корпорациясы 5 миллионға дейін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын несие береді. Несиені мал шаруашылығын дамыту үшін алатын болса 7 жылға, басқа кез келген бизнес түрі үшін 5 жылға дейінгі мерзімге ала алады. Сыйақы мен қарызды өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік қарастырылған екен.
«Шағын несиені 21-35 жас аралығындағы азаматтар ала алады. Әрине, кепіл мүлікпен қамтылуы керек. Кепілдікке жылжымайтын мүлік қабылданады. Ал несие алушының жеке мүлкі болмаған жағдайда ата-анасының, туыстарының мүлкін кепілдікке қоя алады. Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Несие алушының ұсынып отырған жобасы барынша дәлелді, өзекті, әлеуметтік маңызы бар, экономикалық негізделген болашағы бар жоба болуы қажет. Шағын несие алып өз бизнесін бастап кеткен жастарымыз да бар. Жастарға аз пайызбен несие беру басқа мемлекеттерде жоқ. Бұл тек біздің ғана мемлекетте іске асырылып жатқан жоба», – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Әсет Көшкінбаев.
Сондай-ақ кездесуде Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжанов қатысып, жұмыссыз жастардың санын азайту үшін қолға алынған жобалар туралы тілге тиек етті.
«Жоғары оқу орнын аяқтаған немесе колледж түлектерінің қолына дипломын алып жұмысқа тұруға барғанда алдымен одан бұрын мамандығы бойынша жұмыс істегендігі туралы тәжірибе сұрайды. Оқуын енді аяқтап жатқан жастардың көбісінде жұмыс тәжірибесі болмайды. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына бұл да себеп. Біз жұмысқа тұрғысы келетін жастарды 6 айдан 12 айға дейін жұмыспен қамтуға жәрдем береміз. Содан кейін жастарымыз өзінің қалаған жұмыс орнына тәжірибе жинап бара алады. Сондай-ақ тек қана мектеп бітірген, қолында аттестаты ғана бар түлектер де бұл жобамен жұмысқа тұра алады. Қолымыздан келгенше жастардың жұмысқа орналасуына көмектесеміз», – деді ол.
Демек, қазір 21-35 жас аралығындағы жастар ғана емес, мектеп оқушылары да еңбек етіп ақша таба алады.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастарды, қала тұрғындарын қаланы жасылдандыру, табиғатқа өз үлесімізді қосуға шақыратын бұл бағдарламаға 14 жастан бастап жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Алдыңғы кезекте көпбалалы және отбасында бір ғана асыраушысы бар мектеп түлектері жұмыспен қамтылады. Астана қаласындағы әрбір мектептен 15-ке дейін бала қабылданады. Ал «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмысқа тұрған жастарға ай сайын айлығының үстіне 65 мың теңге сыйақы беріледі екен. Бұл туралы «Жасыл ел» жобасы директорының орынбасары Асылбек Бақытбекұлы айтты. Оның айтуынша, жобаға қатысушы жастар өзін-өзі жұмыспен қамтып қоймай, қаланы жасылдандырып, экологияға өз үлесін қосуға қол ұшын береді.
Сондай-ақ кездесуде жастарды жұмысқа орналастыру үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға қатысқан Халықты жұмыспен қамту орталығы, Аграрлық несие корпорациясы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жұмыссыз жастарға кеңес беріп, бағыт-бағдар нұсқады.
Күлзира АХИРАТ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
3-курс студенті