Десе де осы шикізаттың барлығы дерлік шетел асып жатыр. Әлемдегі ең қымбат металды экспорттайтын жалғыз ел - біз. Ол – осмий. Әрине, жер байлығының ел байлығына айналып жатқаны құптарлық-ақ. Бірақ соны өзімізде ұқсата алмай отырғанымыз өкінішті.
Экспорт он жылдық рекордқа таяды
Елімізде экспорт көлемі былтыр $84,4 миллиардты құраған екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бақандай 39,9%-ға артық. Мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда болмаған. 2012 жылы экспорт 86,4$ миллардты құрап, рекорд көрсеткен болатын. Сыртқа жөнелтілген тауарлардың ішінде мұнайдан кейінгі екінші орында тау-кен қазба байлықтары тұр. Соның ішінде қара және түсті металлургия өнімдері – ферроқорытпалар (2,58$ млрд), мыс (3,29$ млрд) және мырыш (706$ млн) экспорты көш бастап тұр. Олардың құны алдыңғы жылмен салыстырғанда орналасу ретіне қарай 39%, 13,7% және 24,4%-ға артқан. Мұнда темір қорытпалары мен мырыштың оң динамикасына бағасының қымбаттағаны себеп болса, мыстың жеткізу көлемі артқан. Сол сияқты таскөмір экспорты да еселене түсіпті. Қазақстан былтыр осы қатты отынды сатудан 819$ миллион табыс тапқан. Алдыңғы жылы ел қазынасына соның жартысындай сома түскен болатын. Оған себеп – былтыр әлем нарығында көмірдің бағасы қымбаттап қана қоймай, еліміз жеткізу географиясын 12 елден 29 елге дейін кеңейткен. Сыртқы экономикалық операциялардың артуына Ресей мен Батыстың арасындағы теке-тірес те өз әсерін тигізіп отыр. Былтырдан бастап Қазақстан офшорлық аймағы бар немесе салық деңгейі төмен елдерге экспортты арттырған. Ол елдерде әдетте ресейлік компаниялардың өкілдіктері бар. Мәселен, Кипрға 178$ миллионға көмір, Панамаға 115,6$ миллионға мұнай және Танзанияға 12,6$ миллионға күкірт жеткізген. Одан бөлек, Пәкістанға 36$ миллионға темір жаймаларын, қара металл сынықтарын және тыңайтқыш жөнелткен.
«Әрине, жерасты қазба байлықтарымыздың игілігін көріп отырғанымыз мақтанарлық-ақ жағдай. Мәселен, әлемнің санаулы елінде: АҚШ, Аустралия, Колумбия, Канадада өндірілетін осмий 187-ні 2004 жылдан бері экспортқа шығарып отырған Қазақстан қазіргі уақытта оның әр грамын 10 мың доллардан сатуда. Нарық тербелгенде оның бағасы 100-200 мың долларға дейін шарықтаған кездер де болған екен. Алтыннан 300 есе қымбат металл радиоактивті емес. Қандай да бір қорытпаға араластырса, ол болаттан да берік болып шығады. Егер адамзат Марсқа ұшатын болса, ғарыш кемесі осмия қорытпасынан жасалуы тиіс. Қазақстан бұл металды экспорттау арқылы технологиялық өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Елімізде осмий өндірісі – мемлекеттің меншігінде. Оны сатудан түскен табыс ел қазынасына аударылады», – дейді қоғам белсендісі Сағат Мәметниязов.
Әйтсе де, шетел асқан шикізатты өзімізде ұқсата алмай отырғанымыз қынжылтады. Отыз жылда экономиканы диверсификация жасайтындай талай мүмкіндігіміз болды. Бірақ мемлекеттік менеджерлер маркетингтің оңай түрі – ішкі нарықты импортпен толтыру моделін таңдап алғаны өкінтеді. Енді міне, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» демекші «сусыған уақыттың тұзағына» қамалып тұрған жайымыз бар. Оның сыртында агрессивті өндіріс пен өнеркәсіптің экологияға салып отырған ауыр салмағы тағы бар. Өңірлерде техногендік себептермен экологиялық ахуал нашарлап барады. Сондай-ақ өндіруші алпауыттардың табыстың басым бөлігін өзіне алып қалып, әлеуметтік ахуалдың шиеленісіп бара жатқаны да алаңдатады. Бұл түптеп келгенде мемлекеттің салық саясатына келіп тіреледі. Осы тұста, ұлттық табысты әділ бөлу мәселесінде ақпараттың ашықтығы туралы мәселе тағы бар.
Ұлттық табысты әділ бөлу маңызды
Жер қойнауын игеруші алпауыт компаниялардың ашықтығы туралы мәселені билік партиясы да көтеріп, осыған дейін Парламентте Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Аманаттықтар тек ашықтықты ғана емес, өнімді бөлісу келісіміндегі объективтілікке де назар аудартып отыр.
«АМАNАТ» партиясының саяси тұғырнамасы ұлттық табысты әділ бөлуді көздейді. Мұнайдың әрбір тамшысы, қазбалы кеннің әрбір грамы, жердің әрбір сантиметрі халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Біз Қазақстанның жер қойнауынан қандай байлық өндіріліп жатқанын, қанша көлемде өндіріліп жатқанын білгіміз келеді. Кен орындарының бенефициары кімдер, мұндағы бизнестің иесі кім? Өндіріс саласының Қазақстан экономикасының дамуындағы маңызды рөлі тиісті қадағалау мен ашықтықты талап етеді. Дәл осы мақсатта елімізде Өндіруші салалардағы ашықтықты ынталандырудың жаһандық бастамалары (ӨСАБ) жүзеге асырыла бастады. Бұл – өнеркәсіптің мұнай, газ және тау-кен салаларынан түсетін кірістердің ашықтығын қамтамасыз етудің әлемдік стандарты. Қазақстан ӨСАБ-қа 2005 жылы қосылған. Сондықтан да елімізде Жер қойнауы туралы кодекстен бастап кейінгі құжаттарда заңнамалық деңгейде осы бастама бойынша есеп ұсынуға міндетті. Алайда 2007 жылдан бері елімізде небәрі 15 баяндама жарияланған. Сол себепті, биылғы 1 ақпаннан бастап біздің елдің өкілеттілігі тоқтатылды, өйткені Қазақстан әлі 2020 жылғы есебін де жарияламаған», – дейді «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Сергей Пономарев.
Бұл ретте осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді екен. Құрамы ИИДМ, ЭМ, ЭТРМ, АҚДМ-лерінен, Мәжіліс депутаттарынан, Каzenergy, Тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы (ТМКҚ) және азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын Ұлттық Мүдделі тараптар кеңесі (ҰМТК) құрылған. Әйтсе де, ел азаматтары үшін ақпараттарды ашық алу мүмкін болмай отыр. Тек ҮЕҰ-лардың арқасында там-тұм мәліметтер БАҚ бетіне жарияланып жатады. Мәселен, Ақтөбе облысының қоғам белсенділері 2018 жылы облыс әкімдігі мен ERG компаниясының арасындағы әлеуметтік жауапкершілік және ынтымақтастық туралы меморандум негізінде «ТехноГруппСтрой» ЖШС Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданындағы 90 пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілерін салу және аумағын абаттандыру» үшін «Қазхром» ТҰК» АҚ-нан (ERG еншілес кәсіпорны) 53 млн 800 мың теңге алғанын анықтаған. Алайда іс жүзінде мұндай жұмыс істелмеген. Бұл тек анықталғаны ғана. Осы ретте аманаттық депутаттар Үкімет, ҮЕҰ, Мәжіліс және жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы 4 тарапты жұмысты жандандыруды, Қазақстан жер қойнауын барлау, өндіру туралы есептердің дұрыс берілуін қадағалауды күшейтуді ұсынып отыр. Одан бөлек, жоғары кәсіби деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында осы жобаны жүзеге асыру үшін тиісті қаржыландырумен қамтамасыз ету қажет. Мұнай, газ және тау-кен өндірісінен түскен кірістер туралы ақпараттарға жан-жақты қолжетімділік туғызу арқылы берілген ақпараттар барынша жария етілуі тиіс.
Қызығын араб көрген қазақ мысы
Еліміздің табиғи байлығын жалмап, өндірістік қуатын малданып, ал ең бастысы біздің адамдарды жұмысқа жегіп жатқан «инвесторлардың» келісім-шарттарда көрсетілген міндеттемелерін орындауына қатысты берген Президенттің тапсырмасы аяқсыз қалып тұр. Ал шындығында ел байлығы алпауыт компанияларға күмәнді схемалардың нәтижесінде тигені сөзсіз. Сондықтан да бұл мәселелерде әділеттілік орнату – ел басшылығы үшін өз халқының ырыздығын түгендеген тарихи миссиясына айналар еді. Мәселен, «Арселор Миттал» компаниясындағы апаттар легі инвесторлардың өзінің келісімшарттық міндеттемелерін әлі де болса орындамай отырғанын білдіреді. Олар өндірісті дамытуға ақша салмағандықтан, еңбек қауіпсіздігі ақсап, оның соңы адам өліміне әкелуде. Бұл – қоғам белсендісі Асқар Омардың пікірі.
«Еліміздегі мыс кен орындарын игерудегі 25 жылдан астам тарихында «Қазақмыс» корпорациясының иелері, бұл олардың келісімшарттық міндеттемелерінде қарастырылған болса да, өндіріп жатқан шикізатты қайта терең өңдеуден өткізу мақсатында бір де бір өндіріс орнын ашпаған. Ал оның орнына Араб Әмірліктерінде Advaita Trade DMCC фирмасын құрып, үстеме құны жоғары мыс өнімдерін шығаруды жолға қойған. Қазақстандағы «Қазақмыс» рудниктерінде өндірілетін мыс кенінің түгелге жуығы БАӘ-ге жөнелтіліп, ол жақта ондаған миллиард доллар тұратын дайын өнім шығарылып жатыр, ал бұл процесте біз – сырттай бақылаушы ғанамыз. Бұл тұста Ресейден үлгі алғанымыз жөн сияқты, оның президенті елден ұрлап-тонаған ақшасына Түркиядан барып миллиард доллар тұратын алты жұлдызды қонақ үй салған олигархты ту-талақайын шығарып, қаңғытып жіберген болатын», – дейді ол.
Қоғам белсендісі бұл мәселені шешу үшін үкімет инвестиция туралы заңды қайта қарап, еліміздің табиғи ресурстарын пайдаланатын инвесторларға қойылатын шарттарды өзгертуі қажет екенін айтады. Мұнай, металл, көмір, уран және т.б. түрдегі табиғи ресурстарға қол жеткізген инвесторлар бүгінгі таңда оларды сатып, қыруар қаржыны шетелге асырып жатыр. Ендігі жерде бұған жол бермеуіміз керек. Ел байлығы сатылған соң, одан түскен ақшаға түпкілікті өнім шығаратын, шикізатты терең қайта өңдейтін зауыттар салынуы тиіс. Біз алпауыт компаниялардан соны талап етіп, қадағалауымыз қажет.
Инвесторлар салық тұрақтылығына мүдделі
Елімізде қатты пайдалы қазбаларды өндіруде шетел капиталының үлесі – 64%, мұнай мен газда ‒ 85%-ды құрап отыр. Ал отандық инвесторлар кен орнының қаншалықты перспективалы екендігі туралы болжам болмаса, барлауға қосымша қаражат салуға тәуекел етпейді. Сондықтан да мұнда шешімін күткен мәселе көп. Геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалануды лицензиялау, цифрлық технологиялар енгізу, өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, салық саясатын оңтайландыру сияқты одан да басқа көптеген мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. 2017 жылы жүргізілген реформа нәтижесінде елімізде пайдалы қазбаларды барлауға жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасаған болатын. Соның арқасында негізгі ойыншылар цифрландыру бағытында 20-25%-дан 77-80%-ға дейін ілгерілеп, өндірістік үдерістерді оңтайландыру мен автоматтандыруға мүмкіндік алды. Жер қойнауы туралы кодексте «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды. Лицензиялар беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептік стандарттарына көшу бекітілді. Өзекті мәселелерді шешудің тетіктері, пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау геология саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында айқындалды. Ендігі кезекте инвесторлар салық тұрақтылығына мүдделі. «Тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы» салықтық емес төлемдер тәжірибесінен бас тартуды ұсынады.
«Қазір Қазақстанда көптеген компания түрлі қорларға бюджеттен тыс төлемдер жасайды. Мәселен, мектеп салу, ағаш отырғызу, әкімдермен меморандум жасау сынды тағы басқа түрлі міндеттемелер артылады. Бірақ мұның бәрі салық емес. Ал салық жүктемесінің коэффициентіне қарасақ, ол тау-кен металлургиялық кешені (ТМК) бойынша өте төмен. Біз барлық төлем қарастырылатын салық жүктемесі коэффициентін (СЖК) бағалаудың халықаралық жүйесіне көшуді құптаймыз. СЖК есептеудің жаңартылған ережелерін қабылдау жаңа Салық кодексін әзірлеу тұрғысынан да пайдалы. Өйткені бұл экономиканың белгілі бір секторының өкілдеріне нақты жүктемені ескеруге мүмкіндік береді. Инвесторлар өз моделі бойынша нақты қаржылық ауыртпалықтың қаншалықты болатынын түсінетін болады. Мұнда тек дамыған халықаралық салықтар жүйесін, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және роялти қолданған дұрыс. Әлемдік тәжірибеде қолданылмайтын үстеме пайда салығын қолданбай, инвесторларға тұрақты салық режимін қамтамасыз ету қажет. Геологиялық барлау жұмыстары мен қызметтерін көрсететін компанияларды бұрынғыдай қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату керек», – дейді Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия қауымдастығының басшысы Николай Радостовец.
Сарапшылардың бұл ұсынысы елімізде біртіндеп қолдау табуда. Биылдан бастап мемлекет салық тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімшарттарды жасай бастайтын болады. Енді жер қойнауын пайдаланушы жобаларға 500 миллион доллардан астам инвестиция салуға уағдаласса, оның орнына мемлекет салық тұрақтылығына кепілдік береді. Осылайша, олар 10 жылға белгіленген ойын ережелерімен дамуы кезеңдерін жоспарлай алады. Бұл бастама бойынша Eurasian Resources Group құрылымына кіретін үш компания мемлекетпен инвестициялық келісімшарттарға қол қоюға ниет білдіріп отыр. Компаниялардың әрқайсысы («Қазақстан алюминийі», «Қазхром» және «Шұбаркөл Көмір») 10 жыл ішінде өз өндірістерін дамытуға шамамен 260 млрд теңге салуға тиіс. Ал мемлекет осы кезеңде олар үшін салықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге міндеттенеді.
«Тиісті режимде жеке кірістер мен шығыстарды жоспарлау үшін бизнес салық заңнамасындағы ықтимал өзгерістерді бірнеше жыл бұрын көруі керек. Сонымен қатар қоры аз немесе көп аршу жұмыстарын қажет ететін төмен рентабельді кен орындарында пайдалы қазбаларды өндіруді жоспарлап отырған компаниялар үшін жекелеген келісімдерді әзірлеу ұсынылып отыр. Мәселен, елімізде көбіне өңдеу өнеркәсібіне, басқа да секторларға келетін компанияларға жеңілдіктер беруге көңіл бөлінсе де, «қара тізімге» тап болған тау-кен жобаларының жағдайы еленбей жатады. Сондықтан бұл бағытта да тиісті өзгеріс керек», – дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмаз Айдаров.
Мемлекеттік салық саясатының өнеркәсіпте нақты бір тұрақты сипатқа ие болғаны – саланы дамытуда бір айқындыққа кепіл болары анық. Ендеше, инвесторлардың тілегін орындау арқылы бүгінгі билік оларға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, мемлекеттік жоспарлаудың нақтылығына да қол жеткізетін болады. Ал ол жоспардың басты нысанасы – шетел асқан шикізаттың өз елімізде өңделгені.
Нұрлан ҚОСАЙ