Бүгінде даңқы әлемге әйгілі тарихи тұлға, XIII ғасырда Мысырда билік құрған Бейбарыс сұлтанның есімін естімеген адам жоқ шығар. Биыл оның туғанына 800 жыл толып отыр. Бұл дата ел аумағында кеңінен аталып өтіп жатыр.
Мәлім де беймәлім Бейбарыс
2,378
оқылды

Маусымның 3-5 күндері аралығында Египет астанасы Каир қаласында Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Сол іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары аттанып бара жатыр.

Осыған орай Бейбарыс сұлтанның тарихына, оның билік құрған кезеңіндегі Мысыр мен Жошы ұлысының (Алтын Орданың) тарихи байланыстарына қысқаша тоқталуды жөн санадық.  

Ортағасырлық араб деректері бо­йын­ша Бейбарыстың толық аты-жөні Малик аз-захир Рукн ад-дин Абу-л Фат­тах Бейбарс бин Абдулла ас-Салихи ан-Неджми. Бейбарыс ортағасырлық Мысырды билеген мәмлүктердің төртін­ші сұлтаны екен. Сұлтанның ресми өмір­баянын жазып қалдырушылардың қатарында екі адамның есімі ерекше аталады. Бейбарыстың өміріне арнап Ибрагим бин Шаддад аль-Халаби «Сира аз-захир Бейбарыс» («Захир Бейбарыс­тың өмірінің баяны») деген шығарма жазса, Абд аз-Захир Аль-Масри «Ар-рау­да аз-захир фи аз-малик аз-Захир» («Ал-малик аз-Захир Бейбарыстың өмі­рі баянының көркем бағы») атты еңбек қалдырған. Сұлтан Бейбарысты өз көзімен көрген, оның сарайында қызмет еткен. Оның тікелей тапсырмасымен сұлтан­ның ресми өмірбаянын жазған осы екі тарихшының мәліметтерін әл-Макризи, ан-Нувейри, әл-Айни сияқты ХІV ғасырда өмір сүрген арабтың басқа тарихшылары толықтырады.  

Ортағасырлық тарихшылардың еңбектерінде Бейбарыстың туған жылы әртүрлі көрсетіледі. Алайда бүгінде ғалымдар түрлі мәліметті саралап, ол 1223 жылы дүниеге келген деген пікірге тоқтаған. Тарихи деректерде Бейбарыс түріктің  қыпшақ тайпасынан шыққаны жазылған, алайда оның нақты шыққан руы туралы мәліметтер әртүрлі. Мысалы, Бейбарыстың ресми өмірбаянын жазған Абд аз-Захир Аль-Масри оны «барлы тай­па­сынан шыққан түрік» деп көрсе­теді. Ал тарихшы әл-Айни «Иқду әл-джу­ман фи тарих аһл әл-азман» шы­ғарма­сында Бейбарыстың «ұлты қып­шақ, түркінің барш уғлы тайпасына жа­та­ды» деп жазылған. Басқа араб та­рихшысы ан-Нувейри «Нихая әл-араб фи фунун әл-адаб» шығармасында Бей­барыстың «ұлты түркі, әл-бурули (ел-бөрілі) тайпасынан» делінген.

Моңғол шапқыншылығы алдында Башман басқарған қыпшақтың бөрілі (елбөрілі) тайпасы Еділ мен Жайық ара­сын мекендегенін ортағасырлық тарихи деректерді саралаған шығыстанушылар өз зерттеулерінде көрсеткен. Осыдан ғалымдар Бейбарысты қазіргі Қазақ­станның батыс өңірінде дүниеге келген деген пікірге тоқтаған. Алайда моңғол шапқыншылығы кезінде Бейбарыс тұт­қын­ға түсіп, Мысырға құл ретінде саты­лып кетеді. Жалпы, Мысыр тарихынан сырттан келіп ел басқарған тұлғалардың көп екенін аңғарасың. Солардың бас­тауында «Қанғамдағы айымсың, Міндің Мысыр тағына» деп Шәкәрім Құдай­бер­діұлы жырға қосқан Жүсіп (ғ.с.) пай­ғамбар тұр. Қанғам (Ханан) қала­сында туып, Мысыр жеріне құлдыққа сатылған Жүсіп пайғамбар өзінің ерек­ше көркі мен ақыл-парасатының арқа­сында Мысырдың мақтаулы көшбас­шы­сына айналады. Бейбарыстың тағдыры да осыған ұқсас. Тарихи деректерде және ғылыми зерттеулерден, оның өз батыр­лығы, ақылы және де басқа асыл қаси­ет­тері арқасында құлдан Мысыр мемле­кетінің билеушісі дәрежесіне жеткені жақсы белгілі.  

1260 жылы мәмлүк әмірлері Бейба­рыс сұлтанды Мысырдың жаңа билеу­ші­сі ретінде таққа отырғызды. Осы кезең­нен бастап ол сыртқы саясатта бірнеше маңызды іс-шара жасады. Соның бірі – оның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен саяси, дипломатиялық байланыс орнату болды. Бейбарыстың мақсаты Жошы ұлысы билеушісі Берке ханмен бірігіп, Иранда моңғолдар құрған Елхан мемлекетінің билеушісі Хулагу ханға, оның жаулаушылық жорықтарына қарсы тұру болды. Осының алдындағы Айн Джалаут шайқасында мәмлүктер Хулагу әскерін жеңіп, Кетбұқа ноянды өлтіргенімен, мұсылман иеліктеріне Ел­хан мемлекеті әлі де болса қауіп төн­діріп тұрды. Хулагу ханға қарсы Бейба­рыспен одақтас болу Берке ханға да тиімді еді. Бұл кезеңде ол Хулагу ханмен Кавказда ауыр соғыс жүргізіп жатты. Берке Шыңғыс хан ұрпақтары арасында жасы үлкені болғандықтан, Хулагу оның үлкен дәрежесін мойындап, Жошы ұрпақтарына тиесілі Әзербайжан мен Ираннан жиналатын түсімдердің бір бөлігін оған жолдап тұруы керек еді. Бірақ Хулагу хан Беркенің жоғары дәре­жесін мойындамады, оның үлесін сұрап келген Алтын Орда елшілерін өлтірді. Бұл Алтын Орда мен Елхандар мемле­кетінің арасындағы күресті одан бетер өршітті.

Сонымен қатар ғалымдар Бейбарыс сұлтанның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен дипломатиялық байла­ныс орнатуында  саяси мүдде ғана бол­ма­­ғанын көрсетеді. Арабтанушы Қайрат Сәкидің пікірінше, Бейбарыс туған жерімен қарым-қатынас орна­ту­ды, өз ұлтының ұлдары мен қыздарының Мы­сыр еліне тұрақты түрде келіп-ке­туін қамтамасыз етуді көздеген. Ғалым­ның бұл пікірі ортағасырлық араб та­рих­­шы­ларының (Абд аз-Захир, әл-Ома­ри) мә­ліметтерін саралаудан туындаған.

Тарихшы Абд аз-Захир Бейбарыс сұлтанның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен дипломатиялық байла­нысы хат алмасудан басталғанын жаза­ды. Оның хабарына сәйкес, һиджраның 660 жылы  (1261/62 ж.) Бейбарыс сұлтан татардың ұлы патшасы Беркеге хат жол­да­ған. Хатта Мысыр билеушісі Алтын Орда ханына Хулагу ханға қарсы бірле­сіп соғысу қажеті туралы жазады. Бейба­рыс сұлтан ислам дінін қабылдаған Бер­ке ханға «дінсіз Хулагумен» соғысу оның мұсылмандық парызы екеніне баса назар аударды. Бұл хатты Бейбарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне алан саудагерлері арқылы беріп жібереді.

Осыдан көп уақыт өтпей Сириядағы Бейбарыс сұлтан иелігіне Хулагу ханнан қашқан Берке ханның адамдарымыз деген бір топ алтынордалық келді. Бейбарыс Сириядағы өз орынбасар­ларына оларды дұрыс қабылдап, жақсы орналастыруды тапсырады. Ал қашып келгендердің басшыларын сұлтан Каир­ге шақырады. Каирге кел­ген­де оларды Бейбарыс сұлтан­ның өзі қарсы алып, оларға қаланың  Луқ  деген жерден үй­лер салғызып, сонда орна­лас­тырады. Келген алтынордалық­тардан Мысыр билеушісі Берке хан туралы, оның мемлекеті жайында өзіне қажетті ақпарат алады.

Осыдан кейін Бейбарыс сұлтан қуатты моңғол-түрік мемлекеті Алтын Ордаға ресми елшілік жіберу туралы шешімге келеді. Алтын Орда билеушісі Берке ханмен дипломатиялық байланыс орнату тапсырмасы жүктелген Мысыр елшілігін кезінде Хорезмшахқа қызмет еткен әмір Сайф-ад-Дин Кушар-бек пен заңтанушы Мадж-ад-Дин Рудзравер басқарды. Араб жазуларына сәйкес бұл екеуі де Бейбарыстың сеніміне кірген өте білікті, өте тәжірибелі адамдар болған. Сайф-ад-Дин Кушар-бек көп жерді аралаған, түрік және араб тілдерін жақсы білген әмір еді. Мадж-ад-Дин Рудзравер шариғат заңдарын өте жақсы білген, сондықтан Берке ханмен келісімшарт жасауда Сайф-ад-Дин Кушар-бекке көмек беруі керек еді. Бейбарыс сұлтанның тапсырмасымен Мысыр мемлекетінің күш-қуатын көрсететін, оның Берке ханға дінсіз­дермен соғыста көмек беретіні туралы, егер Берке хан Хулагу мемлекетіне жақын уақытта «ғазауатқа» шықса, оны тез жеңуге болатыны айтылған хат дайындалды. Хатқа қосымша ислам дінін қабылдаған Алтын Орда билеу­ші­сі­не сыйлыққа халиф ал-Хакім биамри-л-лахи Абу-л-Аббас Ахмадтың алтын жалатылған шежіресі жолданды.  

1262 жылдың соңында жолға шыққан Мысыр елшілігі Византия астанасы Константинопольге (қазіргі Ыстанбұл) жетеді. Мұнда оларды император Михаил VIII Палеолог үлкен құрметпен қабылдайды.

Осы кезеңде Алтын Орданың бірнеше елшісі Константинопольде болған еді. Беркенің тапсырмасымен Джалал-ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нур-ад-Дин Али басқарған елшілік  Мысырға бара жатқан, ал Беркенің басқа елшілері Византиядан Алтын Ордаға қайтып бара жатқан еді. Жолда ауырып қалған Мадж-ад-Дин Рудз­равери Джалал-ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нур-ад-Дин елшілігімен Отанына қайтады да, Сайф-ад-Дин Кушар-бек Алтын Орданың басқа елшілерімен бірге Берке ханға аттанады. Олар Қырым арқылы Еділ жағалауындағы Берке хан сарайына жетеді. Алтын Орда билеушісі Мысыр елшілігін жақ­сы қабылдап, 26 күн қо­нақ қылып, көп сый­лық беріп, Бейба­рысқа жаз­ған хатпен елші­лікті Мы­сырға қай­тарады. Бұл елшілікпен Бер­ке хан Арбұга, Ур­ти­мура және Унамас басқарған өз ел­­ші­­лігін Бейбарыс сұлтан­ға жолдайды. Бұл  Берке ханның Мы­сыр­ға жолдаған екін­ші елшілігі еді.  

Алтын Орданың алғаш­қы елшілігі Мысырға һи­ж­раның 661 жылы (1263 жылы) жетеді. Бұл елшілікті Берке хан­ның сенімді адамдары  Джалал ад-Дин ибн ал-Кади мен шейх Нұр-ад-Дин Әли басқарып келген еді. Бейбарыс сұлтан­ның қабылдауында Алтын Орда елшілері Берке ханның хатын оқып береді. Хатта Алтын Орда ханы өзінің ислам жолында екенін, сол себепті ол өз туысы Хулагу ханмен соғысып жатқанын жазады. Хаттың мәтіні Берке ханның Хулагумен соғыс жүргізіп жатқаны Бейбарыс сұлтанға өте ұнайды. Ол Алтын Орда елшілігін жақсы күтіп, оларға Мысырда жақсы жағдай жасайды. Мұндай жағдай Арбұга, Уртимура және Унамас басқар­ған Алтын Орданың екінші елші­лігіне де жасалады. Олар үлкен құрмет­пен өз отанына шығарып салынады. Алтын Орда елшілерімен Бейбарыс сұлтан Берке ханға әмір Фарис ад-Дина Ақұш ал-Масуди мен тарифа Имад ад-Дин әл-Хашими басқарған өз елшілігін жолдайды. Елшілікке Берке ханға сыйлыққа арналған көп бағалы зат пен Алтын Орда жерінде кездеспейтін жануарлар беріледі. Алайда Фарис ад-Дина Ақұш ал-Масуди Бейбарыс сұлтанның сенімін ақтамай, бұл елшілік сәтсіз аяқталып, кейін елші жауапқа тартылады. Бұған қарамастан Бейбарыс сұлтан мен Берке хан арасындағы елші­лік қатынастар үзілмеді.

Һижраның 664 жылы / 1266 жылы Алтын Орда билеушісі Берке хан қайтыс болады, бірақ бұл Бейбарыс басқарған Мысыр мемлекетінің Алтын Ордамен дипломатиялық байланыстарын тоқтат­пады. Алтын Орданың жаңа билеушісі Менгу-Темір хан Бейбарыс сұлтанға бірнеше елшілік жолдады. Ол Берке ханның бұл бағыттағы сыртқы саясатын жалғастырып, Бейбарыстың Мысыр мен Сириядағы мұсылман жерлеріне билігін толығымен мойындады. Бейба­рыс та Алтын Ордаға қатысты сыртқы саясатына өзгерістер енгізбеді. Оның елші­ліктері де  Менгу-Темір ханға бірнеше мәрте барды. Араб зерттеушісі Амин ал-Холидің есептеуіне қарағанда, Мысырды Бейбарыс сұлтан билеген жылдары екі ел арасында 8 дипло­матия­лық елшілік болған.

Мысырды 17 жыл басқарған Бей­ба­рыс 1277 жылы қайтыс болып, денесі Дамаск қаласында (қазіргі Сирия астанасы) жер қойнауына тапсырылды.  

Бүгінде осыдан жеті жарым ғасыр бұрын Бейбарыс сұлтан негізін қалаған Мысыр мен Ұлы даланың байланысы жалғасуда. Алтын Орданың заңды мұрагері Қазақстан Мысыр мемле­кеті­мен тығыз саяси және мәдени байла­ныс­тарды дамытып жатыр. Бұл – екі елге де тиімді. Мысалы, Қазақстан Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешітін, Дамаскідегі Бейбарыс  Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Биыл  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Бейбарыс сұлтанның есімін ардақтауға, оның мұрасын сақтап, дәріптеуге арналған бірқатар іс-шара жүзеге асуда. Олардың барлығы Бейбарыс сұлтан сияқты ірі тарихи тұлғаларды дәріптеу, насихаттау, ұлтты ұйыстыру, мемлекет мүддесін іргелендіру жолындағы идеологиялық жұмыстарға серпін беретіні сөзсіз. Өйткені тарихты жасайтын, тұтас бір ұлттар мен ұлыстарды өркенде­тетін ұлы тұлғалар ғана екенін бүгінде бізге тарих дәлелдеп отыр. Сондықтан осындай ел мен елді байланыстыратын игі іс-шаралар болашақта да жалғасын таба­тыны күмәнсіз.

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ