Атырау қаласындағы IT мектеп­тің 10-сынып оқушысы Қазыбек Қы­дырбай газ бен өрттен сақ­танды­ра­тын құрылғы ойлап тапты.
Атыраулық оқушы газ жарылысының алдын алатын құрылғы құрастырды
830
оқылды

Құрыл­ғы газ жарылы­сы­ның алдын алу, адам өмі­рін тілсіз жаудан сақтан­дыруға көмектеседі. 

Уақытының басым бөлігін қатарласта­рын­дай ойынға немесе әлеу­меттік желіге арна­май, өзін-өзі да­мы­туға, жетілдіруге күш салатын Қазыбек бұл құрылғыны екі жылда құрастырып шы­ғыпты. 

«Қазіргі қолда­ныс­та­ғы құрылғылардың көп­шілігі өрт болып, ғи­марат жанып жатқан кезде дабыл қағады. Егер сол ғимаратқа орнатылған құрылғының тұсына газ баллонын ашып, апарып қоятын бол­саңыз, құрылғы қауіпті сез­бейді. Яғни, сол сәтте адамдар уланып жатуы мүмкін. Бірақ құрылғы адамдарды қауіптен сақтандыра алмайды. Менің құрастырған құрылғым газдың да, өрттің де жайылу қаупін сезеді», – дейді жас өнертапқыш ғалым Қазыбек Қыдырбай.

Жас ғалымның айтуынша, бұл құ­рылғыны ғимараттарға да, үйлерге де орнатуға да болады. Қазыбек ұсынып отырған құрылғы көп функционал­ды­лығымен әрі экономикалық жағынан тиімділігімен ерекшеленеді.

«Ойын-сауық кешені, дәмхана сияқты көпшілік адамдар шоғырланатын жерлерде адамдар әжетханаларда темекі шегіп, тұқылын лақтырып кетіп жатады. Тұқылдағы от толық сөнбеген жағдайда өрт шығу қаупі туындайды. Осындай жағ­дайда да менің құрылғым дабыл қағады. Яғни, сол арқылы өрттің алдын алуға болады», – дейді жас өнертапқыш Қазыбек Қыдырбай.

Қазыбектің айтуынша, қазір ғи­мараттар қолданып отырған мұндай құрылғының біреуін орнату үшін кемінде 300 мың теңге жұмсау керек. «Менің құ­рыл­ғымды құрастыру үшін материалына кететін шығын 4 000 теңгені құрайды. Одан бөлек, құрылғым температура мен ылғалдылық мөлшерін көрсете алады. Яғни, үйге арналған метеостанса ретінде де жұмыс істейді», – дейді жас ғалым.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, құрыл­ғының жұмысын қашықтан да бақылауға болады. Ол үшін өнертапқыш Қазыбек Қы­дырбай ойлап тапқан арнайы мобиль­ді қосымшаны жүктеп алуыңыз керек. 

«Қосымшаға құрылғының ІР адресін жазасыз. Әрі қарай қосымша құрылғы­ның жұмысын көрсетіп отырады. Газ кету, өрт шығу сияқты қауіп болған жағ­дайда құрылғыда дабыл белгісі ойнайды. Дабыл белгісі мобильді қосымша да көрсетеді. Осылайша, сіз мейлі жұмыста, мейлі басқа қала, тіпті, шетелде жүрсеңіз де үйіңіздің қауіпсіздігін қадағалай аласыз», – дейді Қазыбек. 

Жас талант құрастырған қосымша қа­зақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көр­сетеді. Бұл жағынан алғанда, құрыл­ғыны Қазақстанда ғана емес, ТМД, ше­тел­дерде де кедергісіз қолдануға болады.

Қазір Қазыбек жобасының авторлық құқығын алып, патенттеген екен.

«Әрине, әлі де жетілдіретін тұстары бар. Жоба толыққанды дайын болғаннан кейін оны компанияларға ұсынатын ойым бар», – дейді Қазыбек.

Қазыбектің ғылыми жетекшісі Асқар Алданның айтуынша, газдан сақтандыру жүйесі жобасын қолданысқа енгізу мүмкіндігі жоғары.

«Бұл – бизнеске бағытталған жоба. Алға қарай қауіпсіздік құрылғысымен қамтамасыз ететін арнайы өндірістік цех желісін де іске қосуға болады. Бұл құрыл­ғыны компаниялар ғана емес, қарапайым азаматтар үй-жайының қауіпсіздігі үшін де қолдана алады.

Қазыбек екі жылға жуық уақыт ішінде өзінің авторлық жобасын жасап шы­ғарды. Және бұл жоба экономикалық тұрғыда тиімді. Әрине, жобаны өндірістік бағытқа енгізу үшін әрі қарай жетілдіру керек. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Асқар Алдан.

Балаларды ғылымға бағыттап, робо­тотехника саласында дамытып жүрген мамандар Қазақстанда білім мен өндіріс арасын жақындату мәселесі өзекті бола түскенін айтады.

Сарапшылар бізде ғылым өз бағы­тымен, өндіріс өз бағытымен кетіп бара жатқанын айтады. Олардың айтуынша, елімізде керемет өнертапқыштар жет­кілікті. Бірақ көп жағдайда олардың жаңа­лықтары жоба түрінде қалып қояды екен. Өндіріс орындары шетелдік техно­логияларды сатып алғанды қолайлы көреді. Демек, ғылымды дамыту үшін өндіріс орындары мен білім орталықтары арасында байланыс орнағаны керек. 

Жыл басынан бері бір ғана Атырау облысында 70-тен астам өрт болған. Өңірде газ қазандығының жа­рылуынан бір адам көз жұмды. Статис­тикалық деректер Қазақстанда газ қазан­дығы жарылысының жылына кемінде 10 адам­ның өмірін жалмап отырғанын көр­­сетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жас талант Қазыбек Қыдырбай құрастыр­ған құ­рылғыны өндіру, қолданысқа енгізу мәселелерінің кезең-кезеңімен ше­шілгені керек. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы