Туризмге бет бұрған Қарқаралы

Қарағанды облысында қаржы бөлініп, туризмге жол ашатын екі өңір көбірек аталады. Бірі – Балқаш болса, екіншісі – Қарқаралы. Бүгінгі айтылар сөз Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралы. Бұл – қысқы және жазғы туризмнің тұғыры. Ешбір қалаға ұқсамайтын табиғи және мәдени өзіндік ерекшелігі, кескін-келбеті бар өлке.

«Алтайдан Карпатқа дейінгі ұлан­байтақ далада дәл Қарқаралы топы­ра­ғын­дай қасиетті жер жоқ» деп Қаныш Сәтбаев баға­лаған жер. Қарқаралы – ешбір қалаға ұқса­майтын, өзіндік кескін-келбеті, сәу­лет­тік өзгешелігі, бай тарихы бар өңір. Бір қа­ланың өзі – мыңдаған туристерге жәді­ге­рін ұсына алатын эскпонаты көп орта­лық. Елді мекен Қарағанды қаласынан оң­түстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте орналасқан.

Қарқаралыда ел көргісі келетін ғима­рат­тар өткенімізге жетелейді. Тарихты бі­ле түссек деген ой келеді. Құнанбай ме­­­­шіті – Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, келесі жылы салы­нып біткен мешіт. Оны салу жөнінде 1847 жы­лы әңгіме қoзғалып, арасында Күшік – Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. 1849-52 жылдары Қарқаралы окру­гіне аға сұлтан болған Құнанбай құры­лыс жүргізу ісін өз қолына алып, тың­ғы­лықты аяқтаған. Сол себепті де Қар­қаралы шаһарындағы шежірелі һәм қа­сиетті мекен, 170 жылға жуықтайтын тари­хы бар еңселі мешіт тікелей Құнанбай қа­жы есімімен байланысты.

Кейінірек мешіт жанынан медресе, шә­кірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой кө­тереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы ок­ругіндегі ислам дінін уағыздауға, бала­лар­дың қара танып, сауат ашуына көп қыз­мет еткен. Мешітке кезінде Абай да ба­рып тұрған. Құнанбай мешітінің күтім­сіз­діктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған кесенені қайта қалпына кел­тіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мен Көркем-сурет Ғылыми-реставрациялау өндірістік бірлестігінің мамандары 1991 жылы Құнанбай мешітін алғаш қалпына келтірді.

Бұдан басқа да жәдігерлер Қар­қа­ра­лы­да жетіп артылады. Бару керек, көру ке­рек, білу керек...

Ал таудың ұшар басында орналасқан Шай­танкөл, Бассейн, Үш үңгір, Суық бұ­лақ, Жиренсақал секілді көлдер мен тау­лар тарихтың тереңінен сыр шертеді. Жаз мезгілінде туристердің демалыс ор­ны­на айналатын өңірге келушілер саны 35 мыңнан асып жығылады. 

Ұлттық парк аумағында 11 туристік мар­шрут бар. Туристерден республикалық және ішкі бюджетке 40 млн-нан аса қара­жат түседі. Жаз мезгілінде жұмыс істейтін – 16, қыста 11 демалыс орны бар. «Шахтер», «Бер­лога», «Жолжақсы» демалыс орын­дары­на сұраныс жоғары. 

Сонымен қатар туристерді тартатын  парк­тің аумағы 112 мың гектардан асады. «Та­биғат мұражайы» осы парктің қақпасы деп саналады. Қалаға келген қонақты мұ­ра­жайға апару дәстүрге айналған. Мұр­а­жайдың ішінде бірнеше зал бар. Зоология­лық, ботаникалық, геологиялық деп кете береді. Қасқыр, қабан, арқар, бұғы, суыр, түлкі сияқты  жануарлардың терісін бітеу сыпырып, қаптап қойған. Құстар да бір зал­дан орын алған. Келесі залда ұлттық парк аумағының шағын картасы жайыл­ған. Шайтанкөл, Үлкенкөл, Самалкөл­дері­ңіз алақанда жатыр. Бір тұсынан Ақсо­раңнан сәл аласа Жиренсақал көзге ілігеді. 

Мұражай жанындағы жануарлар қор­шауы – туристер үшін тартымды жер. Т­а­биғат паркінің өсімдіктер әлемі сегіз жүз­ден аса түрден тұрады. Олардың бесеуі Қа­зақстанның Қызыл кітабына енген. Ал жануарлар дүниесінде 46 сүтқоректі мен 25 құс түрі мекендейді. Жануарлар мен құс­тардан арқар, қара ләйлек, бүркіт, үкі, ергежейлі бүркіт, дала сұржыланы, Игна­тов гольяны Қазақстанның Қызыл кіта­бы­на енген. Тарихқа көз жүгіртсек, құла түз­де құлан, арқар жайылып, орман-то­ғайымызда аю мен бұлан жортқан за­ман­дарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болған деседі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих ақиқаттап отыр. 

Қарқаралының солтүстігіндегі Қара­сор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жыл­ға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Қарағайлы қорғасын-барит кен-байыту комбинатының салынуына, оған теміржол мен тас жолдардың жүр­гі­зілуі­не, қалада ауыл шаруашылықтың дам­уына және айналасында көптеген дема­лыс орындарының пайда болуына бай­ланысты Қарқаралы жедел өсе бас­тады. Шайтанкөл теңіз деңгейінен 1200 м биіктігінде орналасқан ұзындығы 60 метр, ені 40 метр болатын су қоймасы. Тереңдігі жайлы мәліметтер әрқилы. Қайбір жылы шетелдік ғалымдар арнайы аппарат тү­сі­ріп, көл тереңдігін тексермекші болған. Онысы «300-ден 500 метрге дейін жетіпті» дейтін сөздер де бар. Соған қарағанда, көл сөнген жанартаудың кіндігінде жатқан секілді. Орташа тереңдігі – 2 метр.

Суы мөлдір, сіңбейді, түбі тастақ, еш­қан­дай ағын су келіп қосылмайды. Оң­түстік, батыс, солтүстік жағаларын қор­шап тұрған жартастардың биіктігі 10 м жә­не одан да биік. Қар, жаңбыр суымен то­лы­­ғады.

Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таң­қу­рай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа бұ­та өскен қалың ну орман көлеңке түсі­ріп, көл суын көп буланудан сақтап тұра­ды.

Шайтанкөл турасында ел арасында ай­­тылған аңыздар жетерлік. Өлке­тану­шы­лардың айтуынша, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп ата­ған дейді. Халық арасында сол жайында аңыз­дар көп. «...Өте ерте заманда орман-то­ғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие ке­ліп, ел аралайды екен. Әулие биік тау­лардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге бар­ған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұр­­қы адамға келетін сары түсті қос ма­құ­лық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тіл­де өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екін­шісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін әулие көл басына жиі келіп, дұға оқиды екен. Көлдің «Шайтанкөл» атануы содан екен» деседі.

Қасиетті Қарқаралы топырағында ұл­тымыздың мақтаныштары болған ұлы тұл­ғаларымыз туып-өскен. Бұл жер қазақ­қа қорған болған атақты Қаз дауысты Қа­­­зыбек бидің, бай-шонжарлардың оз­быр­лығына қарсы найзағайдай үн қатқан, ер­жүрек ақын-сазгер Мәди Бәпиұлының, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, от ауыз­ды, орақ тілді Кенже бидің, ақын Шө­женің, Алаш арыстары Нығмет Нұр­мақ, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек, Мә­діғали Тәтімнің, қазақ ән өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтың, жезтаң­дай әнші Жүсіпбек Елебековтің, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың, халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың туған жері саналады. Ал Қарқаралы табиғатына тікелей байла­ныс­ты «Сұлушаш» поэмасын Сәбит Мұ­қа­нов 1928 жылы дүниеге әкеліпті. 

Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қай­раткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков, Әли­хан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұр­мақов бұл өңір тарихына өз таңба­ла­рын қалдырған.

Сонымен қатар мұнда талантты әнші­лер мен әртістер Әміре Қашаубаев, Иса Бай­зақов, Жантөре Шанин, Қалибек Қуа­нышбаев, М.Уәлиева өз өнерлерін, ал Қа­жымұқан Мұңайтпасов болса, күрес бәсе­кесін өткізіп тұрды деген деректер бар.

Қаладағы тарихи ескерткіш, жәдігер­лері­мен ғана емес, тұмса табиғатымен там­сандырар Қарқаралы туризмге бет бұр­ды. Қонақ болып барып, үлкен әсер­мен қайтқанға не жетеді?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы