5 шілдеге дейін жалғасады. 166 мың талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мың өтініш берген. Оның ішінде тест тапсырушылардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 243 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. ҰБТ-дағы биылғы өзгерістерді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтан сұрадық.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді түлектер жыл бойы бірнеше рет тапсырады. Мұндай форматтың ерекшелігі қандай? Шешуші ҰБТ қайсы?
– ҰБТ жылына 5 рет өткізіледі: қаңтар, наурыз, тамыз айларында – ақылы бөлімге оқуға түсу үшін, мамыр-маусым айларында (негізгі ҰБТ деп аталып, оны тапсыруға екі мүмкіндік беріледі) – грант конкурсына қатысу үшін. Мұндай формат ҰБТ-ға қалыпты іс-шара ретінде қарауға мүмкіндік береді. Әрі оның грант конкурсына қатысу үшін 2 рет өткізілуі балалардың эмоционалдық күйзелісін төмендетеді. Шешуші ҰБТ жоқ. Тестілеуге балалар қалауы бойынша қатыса алады. Ешкімді мәжбүрлемейміз. Грант жеңіп алу үшін ғана негізгі ҰБТ-ны тапсыруы керек.
– Тестілеудің электронды форматқа көшкеніне бірнеше жыл болды. Дәстүрлі ҰБТ-мен салыстырғанда электронды ҰБТ несімен ерекшеленді?
– Жалпы, электронды форматтың артықшылықтары көп. Атап айтсам, ҰБТ-ға өтініш беру барысында тестілеу орнын, күнін және уақытын түлектердің өздері таңдайды. Жауап парағының шеңберлерін бояудың орнына талапкер компьютердің пернелерін басу арқылы уақытын үнемдейді. Сондай-ақ алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды қайта өзгерту мүмкіндігі бар. Тағы бір ерекшелігі, тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі сияқты оқыс жағдайлар болмайды. Ал талапкер қате толтырылған деректерді түзетіп, тестілеу тапсыру тілін, пәнін ауыстыра алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерге нәтижесі бірден көрсетіледі. Сондай-ақ тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі де бар. Айта кету керек, ҰБТ тапсыру кезінде бейнебақылау камералары түлектің әр қимылын қадағалап тұрады. Ал тестке кіретін кезде оқушы жеке тұлғаны сәйкестендіру камераларынан өтеді. Осылайша, тестілеудің электронды форматы барлық қатысушылар үшін объективті әрі әділ өтуін қамтамасыз етеміз.
– Былтыр Жоғары білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірігіп, оқушылардың бейінін анықтайтын арнайы сынақ енгіземіз деп еді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Иә, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– Орталықтың әлеуметтік парақшаларын оқушылар белсенді түрде қадағалап отырады. Сіздер түлектерді сынаққа психологиялық тұрғыда дайындайсыздар ма?
– Біз өз тарапымыздан тестілеуге оқушылар тиімді дайындалуы үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынамыз. Оқу жылының басында ҰТО-ның testcenter.kz cайтының «ЖОО-ға түсушілерге» бөлімінде 2023 жылғы ҰБТ-ға дайындалуға ұсынылған оқулықтардың тізімі, үлгілік тест тапсырмалары, тест спецификациялары және жоспары жарияланды. Үшінші жыл қатарынан Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша Тарих институтымен бірлесіп, 100 датаны бекітіп, жарияладық. Тестілеу барысында датаға қатысты кездесетін сұрақтар осы тізімнен алынады.
Алғаш рет ҰБТ-да «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінде кездесетін шығармалар тізімін (5-11 (12) сыныпта өтетін мектеп бағдарламасынан), сондай-ақ «Информатика» бойынша ҰБТ сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі де ҰТО сайтына орналастырылды.
Талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн байқау сынақтарын іске қостық. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін. Байқау сынағынан өту кезінде талапкерде тест тапсырмаларымен танысуға және таңдаған пәндері бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. Негізгі ҰБТ басталар алдында тест базасын тағы бір мәрте жаңарттық. Бұл да дайындықты жақсартуға көмек болады деп ойлаймын.
Сонымен қатар 2023 жылғы түлектер үшін білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Сабақтар орталықтардың YouTube арналарында тікелей эфирде өтіп, сақталды. Талапкерлер кез келген уақытта сабақтарды қайта қарай алады.
Талапкерлерге қолайлы жағдай тестілеу кезінде де жасалады. Былтырдан бастап ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Оларға схема мен диаграммаларсыз сұрақтар жасалады. Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табады. Сонымен қатар калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да оларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі.
– Былтыр ҰБТ-дан кейін камераны бірнеше ай бақылап, тәртіп бұзған түлектердің нәтижелерін жойдыңыздар. Ата-аналар мен балалар бұл бастаманы қалай қабылдады?
– Өз біліміне сенімді, әртүрлі қулыққа бармай, ҰБТ-ны адал тапсыруға ниетті талапкер және оның ата-анасы бұл бастамалардан қорықпайды. Керісінше, бәрінің адал өтуін қолдайды.
– Биылғы ҰБТ-да қандай өзгерістер бар?
– Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны өзгеріссіз қалады, яғни үш міндетті және екі бейіндік пән, барлығы 120 тест тапсырмасы бар. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған; 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін). Сондай-ақ бұған дейін талапкерлерге оқу сауаттылығынан 20 тест тапсырмасы берілсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы ұсынылады. Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).
ҰБТ тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Жауапты министрлік тест тапсырмаларында дистракторлар санын (жауап нұсқалары) қысқарту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырады.
– Бақылаудың күшеюі тестілеудің әділ өткеніне кепіл бола ала ма? Себебі көпшілік камераны бірнеше минутқа өшіріп қоюға болатыны жайлы айтып жүр.
– Жыл сайын ереже бұзу саны азайып келе жатқанын атап өткен жөн. Балалар академиялық адалдыққа баса мән береді. 2023 жылғы ҰБТ енді басталды, сондықтан мен сізге былтырғы көрсеткішті айтып өтейін. Мысалы, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы – 2 522, 2021 жылы – 756, 2022 жылы – 327 тыйым салынған зат табылған еді. Яғни, 2019 жылмен 2022 жылды салыстырғанда шпаргалкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайған. Сондай-ақ 2022 жылы тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Бұл көрсеткіш 4 есеге төмендеген, себебі 2021 жылы аудиториядан 1 305 адам шығарылған болатын. Тағы бір айта кететін жайт, 2022 жылы ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі 1 бөгде адамды анықтады. Естеріңізге сала кетсем, 2021 жылы мұндай 18 жағдай тіркелген еді. Ал биыл, қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ қорытындысы бойынша бөгде тұлға анықталған жоқ.
– ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн сабақтар өткізесіздер. Оқушылардың қызығушылығы қандай?
– ҰБТ-ға дайындалуға арналған тегін онлайн сабақтарды 3 жыл қатарынан республикалық ірі білім беру орталықтарымен бірлесіп өткіземіз. Сабақтар тікелей эфирде өтетін болғандықтан, кез келген бала сабаққа кіріп, тәжірибелі мұғалімдерге өз сұрағын қоя алады. Бұл, әсіресе, ауылдарда оқитын балалар үшін тиімді. Бір жылда білім беру орталықтарының YоuTube арналарында 400-ге жуық тегін сабақ ұйымдастырылып, міндетті түрде сақталады. Яғни, балалар кез келген уақытта оларды қайта көре алады.
Тегін онлайн сабақтар балалардың сұранысы бойынша өткізіледі, яғни үшінші жыл қатарынан түлектер бұл бастамамызға өз қызығушылықтарын білдіруде.
– Электронды ҰБТ-ны елді мекендер, ауылдық жерлердегі оқушыларға тапсыру қиынға соғып жатқан жоқ па? Өйткені шалғай ауылдағы оқушылар сынақ тапсыру үшін облыс орталықтарына барып жүр.
– Электронды ҰБТ-да түлектер тест тапсыру орнын, күнін және уақытын өз ыңғайларына қарай таңдай алады. Яғни, олар еліміз бойынша орналасқан 43 пункттің кез келгенінде тест тапсыра алады. Сондықтан ауылдағы түлектерге қиынға соғып жатыр деп айта алмаймыз. Бұл орталықтарды ашқанда балалардың саны, жолдың жағдайы, барлық фактор ескерілді. 43 пункттің барлығына бірдей жағдай жасалған. Интернет, компьютер, камера 100 пайыз бірдей. Сондай-ақ біз еліміздегі барлық тест тапсырушымен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Олардың ыңғайы үшін әр талапкерде өзінің электронды жеке кабинеті бар. Тест тапсырушы бір проблемаға ұшыраса, бізге әлеуметтік желілерге немесе call-орталыққа жүгіне алады. Біз оларға көмек беруге, әрқашан олардың жағдайын түсінуге дайынбыз. Себебі орталық үшін ең бастысы – тест тапсырушыға қолайлы жағдай жасау.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН