Әрине, ол кезеңде жалпы алғанда көпшілік қызығарлық нәрсе болмады. Дегенмен бұл дәуірдің де озық үлгісі болғанын жасыра алмаймыз. Бұл, әсіресе сол кездегі қала құрылысын жоспарлау және оның барысын қадағалаумен тығыз байланысты.
Біреу білер, біреу білмес, кеңес дәуірінде қала мәртебесі бар үлкенді-кішілі елді мекендер жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімі дайындап, қала құрылысы кеңесі мақұлданған қаланы салудың бас жоспарын қабылдайтын. Қаланы салудың бас жоспары бүгінге дейін жасалып, оны тиісті орган бекітеді. Әйтсе де, сол жоспарлардың орындалуы мен орындалуын бақылауға қатысты мәселе көп.
Осы мәселенің аясында Кеңес Одағы мен тәуелсіз Қазақстандағы қала құрылысы бас жоспарының жасалуы мен орындалуы жайына кеңірек тоқталғым келеді. Мен өзім қызмет істеп, куә болған өткен ғасырдың 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдарында Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының тәжірибесіне тоқтағым келіп отыр. Ол жылдары Арқалық қаласы 70-80 мың тұрғыны бар шағын қала болатын. Қаланың келбеті мен сәулетін, оның бүгіні мен ертеңін қала басшылары ғана емес, сол кездегі облыстың бірінші басшылары да қатаң бақылауына алды. Торғай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің қала құрылысына байланысты арнайы өткізген бір жиында қала басшылары мен қаланың бас сәулетшісін шаһарда салынып жатқан кейбір сұрықсыз ғимараттар үшін жерден алып, жерге салғаны есімде.
Бүгінде қалалардың бас жоспары қалай түзелетіні беймәлім. Ал сол 80-жылдардағы қаланың бас жоспарында алдағы бес-он жылдары қалада қандай ғимарат салынуы тиіс, қай жерде тұрғын үйлер, қай жерде әкімшілік ғимараты, сауда орындары немесе мектеп, аурухана және балабақша сияқты әлеуметтік сипаттағы нысандарға қатысты деректер нақты көрсетілетін. Тіпті, жоспарланып жатқан шағынаудандардағы тұрғын үйлер мен басқа мақсаттағы ғимараттардың қабаттар саны мен биіктігі де реттеліп көрсетілетін. Бас жоспарда жаңадан салынатын аудандарда тек таза құрылыстық нормалардың (СНиП) сақталуын ғана емес, оның өзіндік, басқалардан өзгеше бейнесі болуын және қаланың сәулеттік келбетімен үйлесім табуына айрықша көңіл бөлінетін. Және осы талаптардың бәрінің дәл және нақты орындалуы қадағалауда болды. Қала сәулеті бөліміндегі әріптестерім қаланың әрбір аумағы сол өкілетті органның қызметкерлеріне бекітіліп берілетінін айтып отыратын. Олар өздеріне бекітілген аумақтарды аптасына екі рет аралап, нәтижесі бойынша қаланың бас сәулетшісі өткізетін арнайы жиналыста есеп беретін. Жиында құрылыс жұмыстарының бас жоспарға сай жүргізілмеуі, одан кейін жаңа ғимараттың айналасын уақытылы қалпына келтірмеу сияқты фактілерге баса назар аударылатын.
Сол дәуірден бүгінге үлгі болатын тәжірибе ретінде жаңа шағынауданның құрылысы басталмай тұрып, оған барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымның (су, жылу, электр қуаты, газ желілері) тартылуын айтуға болады.
Сонымен қатар жаңа шағынауданда тұрғын үйлермен қатар барлық әлеуметтік инфрақұрылым да (мектептер, балабақшалар, емханалар, т.б.) қоса тартылатын. Тұрғындар баспанасына қоныстанғанда сол әлеуметтік нысандар дайын болып, тұрғындарға қызмет көрсете беретін.
Ал енді бүгінгі жағдай қалай? Біріншіден, жоғарыда атап өткенімдей, қазірде Қазақстанда барлық қаланың тиісті органдары бекіткен қала құрылысын салудың бас жоспарлары бар. Облыстарда, қалаларда Сәулет және қала құрылысы басқармалары мен бөлімдері қызмет атқарады. Оның сыртында әр облыста сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жүргізетін, атестаттау, лицензиялау, аккредиттеу мәселелерімен айналысатын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармалары жұмыс істейді. Бұрын да осылай болатын. Аса көп өзгеріс жоқ. Бүгінде сәулет-құрылыс саласына бақылау жүргізетін, олардың жұмысын реттейтін мемлекеттік органдар да жеткілікті. Бірақ түпкі нәтиже көңіл көншітпейді.
Мәселен, қазір өзім тұратын Ақтау қаласында қала құрылысының бас жоспары бар. Бірақ қаланың бас жоспарымен қаланың нақты бейнесі мүлдем бөлек. Қазір қала құрылысы толығымен коммерциялық негізге көшкен сияқты. Өйткені кез келген қаржылық мүмкіндігі мол кәсіпкер қаланың өзі таңдаған жерінен алақандай бос жер тапса, еш қиындықсыз рұқсат құжаттарын ресімдеп алып жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл жерде балалардың ойын алаңы немесе автокөлік тұрағы, әлде тұрғындардың демалатын шағын саябағы ма, оған қарайтын ешкім жоқ. Әрине, бұл тек қана Ақтау емес, ел аумағындағы барлық қаланың бас ауруы. Бұл «точечная застройка» дегенге тоқтау салатын ешкім болмай тұр. Сонымен қатар мен тек осы Ақтау қаласында жаңа шағынаудандарды әлеуметтік инфрақұрылым тартпай-ақ салу тәжірибесін көрдім. Осыдан бірер жыл бұрын басқа бір шаруамен қаланың әкімінің қабылдауында болып, жол-жөнекей «Қаланың соңғы кезде салынған жеті-сегіз шағынауданында неге мектеп жоқ?» деген сұрақты әкімге төтесінен қойғам. Ол кісі күмілжіп, «ол аудандардағы жердің бәрі маған дейін кәсіпкерлерге сатылып кеткен» деп жауап берді. Ал мен «Қаланың бас жоспарында жаңа шағынауданда мектеп, балабақша, емхана салу қарастылмаған ба?» деген сұрағыма жауап ала алмадым. Нәтижесінде, бүгінде өзім тұратын 17-шағынауданда жеке есебім бойынша мектеп жасындағы кем дегенде 4-5 мың бала тұрады. Олар таңертенің қаланың келесі бір бөлігіндегі мектепке бару үшін аялдамада автобус күтуге мәжбүр.
Ақтау қаласында соңғы үш-төрт жылдың көлемінде тұрғындарды қуат көзінің негізгі түрлерімен қамту көрсеткіштерінің нашарлауы да қала құрылысының бейберекет, жоспарсыз жүргізілгенін көрсетеді. Өйткені қаладағы қуат көздерінің мүмкіндігі жыл сайын қарқын алған тұрғын үйлер мен коммерциялық, әлеуметтік нысандардың қарқынына ілесе алмайды. Жылумен қамту мәселесін барлық жаңа нысанға автономды қазандық салу арқылы шешкенімен, тұрғындардың суға және электр қуатына қажеттілігін толық өтеу мүмкін болмай отыр. Әсіресе, қаланы сумен қамтамасыз ету күрделене түскен. Нәтижесінде, қала тұрғындары жаз айларында екі күннің бірінде сусыз қалады. Осының бәрі қала басшылығының, әкімдіктің салалық бөлімдерінің құрылысты бақылаусыз еркіне жібергенін көрсетеді.
Қала құрылысы саласындағы жағдайды құрылыс салушы компаниялар қаладағы өкілетті органдардың, бірінші кезекте архитектура бөлімі мен Сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жасау департаментінің берген сын-ескертпелерге, нұсқауларға құлақ аспауы тіптен өршіте түседі. Нәтижесінде, қалада соңғы жылдары рұқсатсыз салынып жатқан немесе құрылыс нормалары мен ережелері өрескел бұзатын нысандардың саны көбейді. Бұл мәселеде қаланың өкілетті бақылаушы органдарының құзыретін дұрыс пайдалана алмай, жоғарыда айтылған заң талаптарының бұзылуына көз жұма қарауы түсініксіз. Тағы да өткен Кеңес заманының тәжірибесіне сүйенсек, заңды бұзған құрылыс компаниясының басшысы бірінші рет ескерту, екінші рет сөгіс алатын, ал үшінші рет жұмыстан босайтын немесе сотқа жіберілетін. Әрине, қазір заң да басқа, қабылданатын шаралар да басқа. Егер сол өкілетті органдар жұмсақтық танытпаса, мәселе басқаша шешілер еді. Тек қана прокурорлық бақылаудың нәтижесінде қаладағы салынып жатқан 107 нысан заңсыз құрылыс деп танылды. Осындай 12 нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз түсірілген. Бір ғана мысал: тоғыз қабатының құрылысы салынған «Әлем Тауерс» тұрғын үй кешені осындай себептерге байланысты бұзуға шешім шығарылған. Осы мәселеде облыстық Сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау департаменті қызметкерлерінің шарасыздығы күдік тудырады. Олардың екі жыл бойы тоғыз қабатты салғанға дейін қайда қарағаны белгісіз. Аталған мемлекеттік органның құзырында ескертпеден де басқа заңды да тиімді құқықтар бар ғой. Соны пайдаланып, нысанның құрылысын басталғаннан дереу тоқтатпағаны түсініксіз. Нәтижесінде, қазір сол нысанға қаражат салған қаншама үлескер зардап шегіп отыр.
Байқауымыз мұндай мәселе барлық облыс орталығына, тіпті Астана мен Алматы қалаларында да бар. Сондықтан бұл мәселе кем дегенде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, арысы Үкімет пен Парламент деңгейінде қаралып, қажет болған жағдайда тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізілуі арқылы шешілгені жөн. Әйтпесе, біздің қалаларымыз жақын келешекте, біз армандап жүрген ақылды қалалардың орнына экологиясы нашар, өмір сүруге қолайсыз, ғимараттары бір-біріне жапсарлап салынған стандартты қораптардан тұратын, сұрықсыз қалаларға айналатыны сөзсіз.
Сәмет БАЙҚОҢЫРОВ,
Ақтау қаласының тұрғыны