Бас жоспарды бақыламаса болмайды

Біз әдетте қоғам өміріндегі бір маңызды мәселелерді cөз еткенде оның бүгіні мен кешегісін салыс­тырып жатамыз. Турасын айт­қан­да, көп нәрсені Кеңес дәуірімен бай­­ланыстыратынымыз бар.

Әри­не, ол кезеңде жалпы алғанда көп­шілік қызығарлық нәрсе бол­мады. Де­ген­мен бұл дәуірдің де озық үлгісі болғанын жасыра ал­маймыз. Бұл, әсіресе сол кездегі қала құры­лы­сын жоспарлау және оның бары­сын қа­дағалаумен ты­ғыз байланысты. 

Біреу білер, біреу білмес, кеңес дәуі­рінде қала мәртебесі бар үлкенді-кішілі елді мекендер жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімі дайындап, қала құрылысы кеңесі мақұлданған қаланы салудың бас жоспарын қабылдайтын. Қаланы салудың бас жоспары бүгінге дейін жасалып, оны тиісті орган бекітеді. Әйтсе де, сол жоспарлардың орындалуы мен орындалуын бақылауға қатысты мәселе көп. 

Осы мәселенің аясында Кеңес Одағы мен тәуелсіз Қазақстандағы қала құры­лысы бас жоспарының жасалуы мен орындалуы жайына кеңірек тоқ­талғым келеді. Мен өзім қызмет істеп, куә болған өткен ғасырдың 70-жылдар­дың аяғы мен 80-жылдарында Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының тәжірибесіне тоқтағым келіп отыр. Ол жылдары Арқалық қаласы 70-80 мың тұрғыны бар шағын қала болатын. Қаланың келбеті мен сәулетін, оның бүгіні мен ертеңін қала басшылары ғана емес, сол кездегі облыстың бірінші бас­шылары да қатаң бақылауына алды. Торғай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуел­беков­тің қала құрылысына байланысты арнайы өткізген бір жиында қала бас­шылары мен қаланың бас сәулетшісін ша­һарда салынып жатқан кейбір сұрық­сыз ғимараттар үшін жерден алып, жерге салғаны есімде. 

Бүгінде қалалардың бас жоспары қалай түзелетіні беймәлім. Ал сол 80-жылдардағы қаланың бас жоспарында алдағы бес-он жылдары қалада қандай ғимарат салынуы тиіс, қай жерде тұрғын үйлер, қай жерде әкімшілік ғимараты, сауда орындары немесе мектеп, аурухана және балабақша сияқты әлеуметтік сипаттағы нысандарға қатысты деректер нақты көрсетілетін. Тіпті, жоспарланып жатқан шағынаудандардағы тұрғын үйлер мен басқа мақсаттағы ғимараттар­дың қабаттар саны мен биіктігі де реттеліп көрсетілетін. Бас жоспарда жаңа­дан салынатын аудандарда тек таза құрылыстық нормалардың (СНиП) сақ­талуын ғана емес, оның өзіндік, бас­қалардан өзгеше бейнесі болуын және қаланың сәулеттік келбетімен үйлесім табуына айрықша көңіл бөлінетін. Және осы талаптардың бәрінің дәл және нақты орындалуы қадағалауда болды. Қала сәулеті бөліміндегі әріптестерім қаланың әрбір аумағы сол өкілетті органның қыз­меткерлеріне бекітіліп берілетінін айтып отыратын. Олар өздеріне бекітілген ау­мақтарды аптасына екі рет аралап, нә­тижесі бойынша қаланың бас сәулетшісі өткізетін арнайы жиналыста есеп беретін. Жиында құрылыс жұмыстарының бас жоспарға сай жүргізілмеуі, одан кейін жаңа ғимараттың айналасын уақытылы қалпына келтірмеу сияқты фактілерге баса назар аударылатын.

Сол дәуірден бүгінге үлгі болатын тәжірибе ретінде жаңа шағынауданның құрылысы басталмай тұрып, оған бар­лық қажетті инженерлік инфрақұрылым­ның (су, жылу, электр қуаты, газ желілері) тартылуын айтуға болады.

Сонымен қатар жаңа шағынауданда тұрғын үйлермен қатар барлық әлеуметтік инфрақұрылым да (мектептер, балабақ­шалар, емханалар, т.б.) қоса тартылатын. Тұрғындар баспанасына қоныстанғанда сол әлеуметтік нысандар дайын болып, тұрғындарға қызмет көрсете беретін.

Ал енді бүгінгі жағдай қалай? Бірін­шіден, жоғарыда атап өткенімдей, қазірде Қазақстанда барлық қаланың тиісті органдары бекіткен қала құрылысын салу­дың бас жоспарлары бар. Облыстарда, қалаларда Сәулет және қала құрылысы басқармалары мен бөлімдері қызмет атқарады. Оның сыртында әр облыста сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жүргізетін, атестаттау, лицензия­лау, аккредиттеу мәселелерімен айналы­сатын Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақы­лауы басқармалары жұмыс істейді. Бұрын да осылай болатын. Аса көп өз­геріс жоқ. Бүгінде сәулет-құрылыс сала­сына ба­қылау жүргізетін, олардың жұ­мысын рет­тейтін мемлекеттік орган­дар да жет­кі­лікті. Бірақ түпкі нәтиже көңіл көн­шіт­пейді. 

Мәселен, қазір өзім тұратын Ақтау қала­сында қала құрылысының бас жос­пары бар. Бірақ қаланың бас жоспарымен қаланың нақты бейнесі мүлдем бөлек. Қазір қала құрылысы толығымен ком­мерциялық негізге көшкен сияқты. Өйткені кез келген қаржылық мүмкіндігі мол кәсіпкер қаланың өзі таңдаған жерінен алақандай бос жер тапса, еш қиындықсыз рұқсат құжаттарын ре­сімдеп алып жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл жерде балалардың ойын алаңы немесе автокөлік тұрағы, әлде тұр­ғындар­дың демалатын шағын саябағы ма, оған қарайтын ешкім жоқ. Әрине, бұл тек қана Ақтау емес, ел аумағындағы барлық қаланың бас ауруы. Бұл «точечная зас­тройка» дегенге тоқтау салатын ешкім болмай тұр. Сонымен қатар мен тек осы Ақтау қаласында жаңа шағынаудандарды әлеуметтік инфрақұрылым тартпай-ақ салу тәжірибесін көрдім. Осыдан бірер жыл бұрын басқа бір шаруамен қаланың әкімінің қабылдауында болып, жол-жөнекей «Қаланың соңғы кезде салынған жеті-сегіз шағынауданында неге мектеп жоқ?» деген сұрақты әкімге төтесінен қойғам. Ол кісі күмілжіп, «ол аудандар­дағы жердің бәрі маған дейін кәсіпкер­лерге сатылып кеткен» деп жауап берді. Ал мен «Қаланың бас жоспарында жаңа шағынауданда мектеп, балабақша, емхана салу қарастылмаған ба?» деген сұрағыма жауап ала алмадым. Нәтиже­сінде, бүгінде өзім тұратын 17-шағынау­данда жеке есебім бойынша мектеп жа­сын­дағы кем дегенде 4-5 мың бала тұрады. Олар таңертенің қаланың келесі бір бөлігіндегі мектепке бару үшін аял­дамада автобус күтуге мәжбүр. 

Ақтау қаласында соңғы үш-төрт жылдың көлемінде тұрғындарды қуат көзінің негізгі түрлерімен қамту көрсет­кіштерінің нашарлауы да қала құрылысы­ның бейберекет, жоспарсыз жүргізілге­нін көрсетеді. Өйткені қаладағы қуат көз­дері­нің мүмкіндігі жыл сайын қарқын алған тұрғын үйлер мен коммерциялық, әлеу­меттік нысандардың қарқынына ілесе алмайды. Жылумен қамту мәселесін бар­лық жаңа нысанға автономды қазан­дық салу арқылы шешкенімен, тұрғын­дардың суға және электр қуатына қажет­тілігін толық өтеу мүмкін болмай отыр. Әсіресе, қаланы сумен қамтамасыз ету күрделене түскен. Нәтижесінде, қала тұрғындары жаз айларында екі күннің бірінде сусыз қалады. Осының бәрі қала басшылығының, әкімдіктің салалық бөлімдерінің құрылысты бақылаусыз еркіне жібергенін көрсетеді. 

Қала құрылысы саласындағы жағ­дайды құрылыс салушы компаниялар қаладағы өкілетті органдардың, бірінші кезекте архитектура бөлімі мен Сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау жасау департаментінің берген сын-ескертпелерге, нұсқауларға құлақ аспауы тіптен өршіте түседі. Нәтижесінде, қала­да соңғы жылдары рұқсатсыз салынып жатқан немесе құрылыс нормалары мен ережелері өрескел бұзатын нысандардың саны көбейді. Бұл мәселеде қаланың өкілетті бақылаушы органдарының құ­зыретін дұрыс пайдалана алмай, жо­ғарыда айтылған заң талаптарының бұзылуына көз жұма қарауы түсініксіз. Тағы да өткен Кеңес заманының тәжіри­бесіне сүйенсек, заңды бұзған құрылыс компаниясының басшысы бірінші рет ескерту, екінші рет сөгіс алатын, ал үшінші рет жұмыстан босайтын немесе сотқа жіберілетін. Әрине, қазір заң да басқа, қабылданатын шаралар да басқа. Егер сол өкілетті органдар жұмсақтық танытпаса, мәселе басқаша шешілер еді. Тек қана прокурорлық бақылаудың нәтижесінде қаладағы салынып жатқан 107 нысан заңсыз құрылыс деп танылды. Осындай 12 нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз түсірілген. Бір ғана мысал: тоғыз қабатының құрылысы салынған «Әлем Тауерс» тұрғын үй кешені осындай себептерге байланысты бұзуға шешім шығарылған. Осы мәселеде облыстық Сәулет-құрылыс саласына мемлекеттік бақылау департаменті қызметкерлерінің шарасыздығы күдік тудырады. Олардың екі жыл бойы тоғыз қабатты салғанға дейін қайда қарағаны белгісіз. Аталған мемлекеттік органның құзырында ес­керт­педен де басқа заңды да тиімді құқықтар бар ғой. Соны пайдаланып, нысанның құрылысын басталғаннан дереу тоқтатпағаны түсініксіз. Нәтиже­сінде, қазір сол нысанға қаражат салған қаншама үлескер зардап шегіп отыр. 

Байқауымыз мұндай мәселе барлық облыс орталығына, тіпті Астана мен Алматы қалаларында да бар. Сондықтан бұл мәселе кем дегенде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, арысы Үкімет пен Парламент деңгейінде қаралып, қажет болған жағдайда тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізілуі арқылы ше­шілгені жөн. Әйтпесе, біздің қала­ларымыз жақын келешекте, біз армандап жүр­ген ақылды қалалардың орнына эко­ло­гиясы нашар, өмір сүруге қолай­сыз, ғи­мараттары бір-біріне жапсарлап са­лын­ған стандартты қораптардан тұра­тын, сұрықсыз қалаларға айналатыны сөзсіз.

Сәмет БАЙҚОҢЫРОВ, 

Ақтау қаласының тұрғыны