Дәуір сырын ақтарған дастан

Еліміз егемендік алғалы өткен тарихымызды түгендеу бағытында көптеген игі шара атқарылды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында ғасырлар қойнауында қалып қойған асыл жәдігерлеріміздің басым бөлігі қайта оралды.

Өз тарихымыздың ақиқат сырын жаңаша бағамдай бастадық. Бұған дейін біздің тарихымыздағы көрші Ресей мемлекетінің мүддесіне қайшы келетін, оның саясатына сызат түсіретін ақиқат деректер бұрмаланып көрсетілгеніне көзіміз анық жетті. Бұрмаланғаннан бұрын қазақ даласында болған орыстың отаршылық саясатына қарсы қозғалыстарды ауызға алдырмау, бұғауға басын сұққысы келмеген қазақ қайраткерлері мен батырларының атын айтқызбай қою Ресей атқамінерлерінің ұзын құрық, кең тұсау айла-шарғысының басты қағидасы болды.   

Тәуелсіздікпен бірге халқымызға қайта оралған есімдердің бірі – Қожаберген жырау есімі. Қожаберген Толыбайұлы – өз заманында сан қырлы талантымен танылып, қазақ халқының ерекше құрметіне бөленген аса дарынды мемлекет қайраткері, үш жүз қолының сардарбегі болған асқан батыр қолбасшы, Әз Тәукенің тұсында қазақ мемлекетінің нығаюы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ірі саясаткер, Бұқар жырауға ұстаз болған теңдессіз сөз зергері, Абылайға кеңес берген көреген би, өзінің ақындық және батырлық мектебін қалыптастыра білген ұлт қаһарманы. 

Халқымыздың ХVІІ – ХVІІІ ғасырлардағы ала­сапыран арпалысқа толы өмірінің тұтас траге­диялық панорамасын жасаған «Елім-ай» жыры,  «Елім-ай» күйі, «Елім-ай»  әні – Қожаберген жырау­дың төл шығармалары. 

Қожаберген бабаның ақындық мектебіне Бұқар жырау, Дәстем сал, Ақтамберді, Үмбетей, Тәттіқара, Махамбет, Сегіз Сері сияқты дауылпаз ақындар қатарын жатқызсақ, батырлық мектебінен ерлік жорықтарда баба жолын үлгі тұтқан халқымыздың арыстан жүректі ұлдары Бөгенбай, Бақсары, Жәнібек, Ақпанбет, Асқап, Жанай, Балта Керей Тұрсынбай, тағы басқа  батырлар легін көреміз. 

Осындай алып данамыздың, асыл бабамыздың есімі өткен ғасырдың соңына дейін неге аталмай келді? Тереңдей үңілсек, тағы да сол Ресей саясатының салқынын аңғарамыз. Өйткені сол замандағы орыс саясаткерлерінің бірді бірге айдап салатын, ара ағайын болғансып отырып отқа итеретін сұрқия саясатын Қожабергендей ашық сынаған адам болған жоқ. Бұл туралы академик Манаш Қозыбаев: «Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» – империяға қарсы туынды. Онда ол орыс империясы қалмақтарға қару сатты, қолдады деп айыптайды» дей келе отаршылық кезінде Қожаберген жырау туралы ешкімнің ауыз аша алмағанын, тіпті кешегі Кеңес Үкіметінің тұсында компартияның қабағынан сескенген Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтердің де бұл тақырыпқа белсеніп кірісе алмағанын айтады. 

Әдетте тарихи тұлғалар туралы шындықты қал­пына келтіру барысында біз атаулы адамның іс-әрекеттері мен ерекше қызметі, өмір жолы жайлы оның өз тұсындағы замандастарының сөздерінен дерек іздейміз. Қазақ сахарасында мұндай дереккөз иелері ақын-жыраулар болғаны анық. Өйткені жазу-сызуы кең қанат жаймаған дала төсінде шыншыл ақпарат ауыздан-ауызға таралды. Барлық тарихи дерек, шежірелер  ақын-жыраулардың жыр-дастан­дарында қамтылды. Осы тұрғыдан алғанда Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны сол қиын замандағы тарихи шындықты қалтқысыз бейнелеген теңдессіз жәдігер деп қарағанымыз дұрыс. Мұнда сол кездегі заман қасіреті ғана емес, Қожаберген жыраудың өз өмірі, болмысы, таланты, ақындығы мен батырлығы, көсемдігі, көрегендігі, ұлтшылдығы туралы толық мағлұмат берілген. Сондықтан бүгінгі күнде осындай дана бабамыздың тарихтағы орны мен қайраткерлік тұлғасына күмәнмен қарау орынсыз. Өйткені Қожа­берген жырау өзі туралы өзі айтып кеткен. Өзгелердің ол туралы айтқаны да жеткілікті. Мысалы, Бұқар жы­рау, Дәстем сал, Сегіз Сері, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, тағы сол сияқты алғыр ойлы ақиықтар Қожаберген есімін жырға қосқан. Оның ерлігі мен талантына тәнті болған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қожаберген жыраудың ақиқат шындығы оның өз сөздерінде жатыр. Тағы да академик М.Қозыбаевтың пікіріне сүйенетін болсақ: «Дауылпаз Қожаберген – дүлдүл тарихшы. Біріншіден, тек «Елім-ай» дастанында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуір­леп күшею себептерін ашады. Екіншіден, жоң­ғар­лардың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларға кіші зеңбірек жасауды үйре­тіп, құтыртып, екі түркі тілді халықтарды өзара қырып салуына мүмкіндік жасағанын ғажайып суреттейді. Үшіншіден, түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұқардың қазақ еліне деген қастандық саясатын, өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкерелейді. Төртіншіден, Әз Тәукеден кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас берекесіздіктің бетпердесін ашады. Бесіншіден, Ақтабан шұбырынды қалай болды, халық қалай, неге тозды деген сауалдарға жауап береді».

Академиктің бұл пікіріне қосарымыз: Қожаберген жырау «Елім-ай» тарихи жырында 1723 жылғы үлкен апаттың  қазақ халқына ғана емес, әрі туысқан, әрі көр­ші Ноғай, Қарақалпақ, Қырғыз, Шалабай Баш­құрттары, Сібір татары халықтарына да кенеттен келген зор қасірет екенін ашық та дәлелді түрде баяндайды.

«Қожаберген жырау» кітабының құрастырушысы С.Жұмабаев кітап соңында берілген түсініктемеде нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, төменде­гідей бұлтартпас мысалдар келтіреді: «Қожаберген ақын­ның «Елім-ай» дастанын дұрыс та жоғары баға­лаған көрнекті, білгір адамдардың бірі – халқымыздың әскери қайраткері,білімпаз да аса дарынды, қадірлі жазушысы, атақты батыры, есімі әлемге әйгілі Бауыржан Момышұлы: 

– Керей Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры  әскери дастан! Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар екен? – деген болатын. Ал қазақ халқының аса көрнекті ғылым қайраткерлерінің бірі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Көшебе керей Қожаберген ақын Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастаны  тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» деп тұжырып еді. Осы мазмұндас ба­ғаны академик-жазушы Ғабит Мүсірепов, академик Әлкей Марғұлан, академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторлары Бек Сүлейменов пен Төлтай Балақаевтар да кезінде шегелеп айтқан еді».   

Енді «Елім-ай» тарихи жырындағы Қожаберген жыраудың өз сөздеріне кезек берер болсақ, оның ата-қоныс, туған ел туралы шумақтары төмендегідей өріледі:

 

... Ел қорғап, қол бастауда көшелі едім,

Қазақтың қатардағы шешені едім.

Теріскей Сарыарқаны қыстайтұғын,

Егіз ел Керей-Уақ көсемі едім.

Тұтас ел жігі ажырамай, орнаған бақ,

Ішінде орта жүздің Керей-Уақ.

Құт қонып, қыдыр дарып ерте кезден,

Мекендеп Сібірде олар тұрған ұзақ...

 

... Есіл, Ертіс, Тобылдың тоғайларын,

Ежелден елім-жұртым қыстап келген...

 

... Тоғайын Омбы өзені жұртым қыстап,

Баптаған алғыр тазы, қыран ұстап.

Ертеден Керей қоныс еткен Сібір,

Қорғаған жаудан ерлер қару ұстап...

 

Осы шумақтарда орта жүздің Керей-Уақ тайпа­лары, Қожаберген жыраудың ата-бабалары теріскей Сарыарқа мен батыс Сібірді мекен еткені жайлы нақты деректер айтылады. Осынау туған жердің шетіне жау тигенде бұғанасы қатпай жатып-ақ ақ найза ұстап атқа қонған батырлардың бірі Қожаберген бабамыз еді. 

 

Серілікпен жаста шарладым, 

Қазан мен Кемер арасын.

Ата жаудан қорғадық,

Мұсылманның баласын.

 

Жасымда жасап сан жорық,

Байкөлден аса мен бардым.

Сол жақтан қалмақ келгенін,

Жас та болсам аңғардым, – дейді ол.

 

Жыр басында өзіне дейінгі тарихта жоңғар-қалмақтардың қайдан шығып, қайдан келгенін саралай келе олардың соғыс жорықтарын Алтай, Тарбағатай өңірінен бастағанын, жолдарындағы Сағай, Меркіт, Оңғұт, Боржіген, Барабы, Барын, Ескер, тағы басқа татар тайпаларын, қырғыздың Шор, Тұба, Хас, Саха елдерін аяусыз қырып, Түмен, Том қалаларының тұрғындарын қызыл қанға бояғанын тілге тиек етеді. Осы тұста автор жоңғар мемлекетінің әскери күші неліктен артқанын, неліктен өзі қатарлы елдерді жау көріп, баса көктеп келгенін зерделеп, оның басты себептерін ашуға тырысады.  Қожабер­геннің пайымдауынша, жоңғарлар сол заманда адамдық мораль, этика тұрғысынан да, әдеп, өнер, білім жағынан да өзгелерден көп кейін қалған ел еді. Олар ХVІІ ғасыр соңындағы халдан Бошохтың тұ­сында орыстармен және қытаймен ауыз жаласып, соғыс өнерін игере бастайды. Орыстарға да керегі сол еді, Алтай аймағы мен батыс Сібірді мекендеген түркі халықтарын өз жерінен ығыстырып шығарудың оңтайлы жолы табыла кетеді. Жоңғарларды арнайы ша­қырып, арқасынан қағып, ақыл айтып, зең­біректермен қаруландырып өзі тектес халықтарға айдап салады. Жоңғарлардың ұзақ жылға созылған шапқыншылық жорықтары осылай басталған. Бұл соғыстың барлық кінәсі орыстың ашкөз саясатында жатқанын Қожаберген аяусыз шенейді:

 

... Сұмырай халдан Бошох дүниеден өтіп,

Ұлдары орнын басар қалды жетіп.

Күшігі Сыбан Рабтан таққа отырды,

Қалмаққа қонтайшы боп билік етіп ...

 

Халдан Бошохтың інісі – Сыбан Рабтан,

Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.

Бұйратты, Халхиды да қосып алып,

Татардың Барабысын келіп шапқан ...

Сібір татарлары Ресей атқамінерлеріне хат жол­дап, елші жіберіп көмек сұраған.  Қалмақтарға тыйым салуын өтінген. Орыс саясаткерлері болса, татар­лардың салық төлеуден бас тартқанын желеу етіп, қалмақтарды одан сайын айдап салған. Нәтижесінде, Сібір татарлары адам айтқысыз қыр­ғынға ұшырап, елінен, жерінен безіп, Омбы өзені жағасындағы керейлерге келіп паналайды. Арада он жылдай уақыт өткенде жоңғарлар Керей еліне келіп килігеді. Керейлерге шаппас бұрын Сыбан Рабтан орыс пен қытайға мол дүние беріп, олардың білгір мамандарын жалдап, әскери соғыс қимылдары мен қару- жарақтың жетілген түрлерін үйретіп он жыл дайындалған екен. Қожаберген жырау ол туралы былай дейді:

 

... Жоңғарға Дүнген, Сібе диқан болып,

Шор, Тұба, Саха мен Хас малшы болып.

Шаруасын тәуелді елдер атқарған соң

Жауыздар дәулеттенді бақыт қонып.

 

Алтын, күміс, мал беріп аямай-ақ,

Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап.

Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,

Ғаскерін үйреттірді он жыл қамдап.

 

Дариға-ай, қалмаққа өнер қайдан келсін,

Тетігін дәу мылтықтың қайдан білсін?

Он жылғы мол жабдықпен келіп шапты,

Дегендей қайратымды қазақ көрсін.

 

Өнерді надан қалмақ меңгерген жоқ,

Дәу мылтық жасауды олар үйренген жоқ.

Көрші екі ел мылтық беріп айдап салды,

Әйтпесе, қалмақ бізге тең келген жоқ.

 

Бақайшағына дейін қаруланып алған жоңғар әскерлері қазақ жеріне ауыз салады. Ежелден ат үстінде соғысып үйренген Керей­дің батыр ұлдары қарулы жауға сойыл-шоқпармен, қылыш-найзамен қарсы шабады. Зеңбіректі жауды састырып, бірнеше дүркін тойтарыс береді. Омбы өзені бірнеше рет қолдан-қолға өтеді.

 

Жоңғарлар дәу мылтықты қолданған соң

Керейдің біраз жері қолдан кетті.

Шайқасты кәпірлермен сарбаздарым,

Бел буып тәуекелге қойып бетті.

Қарашада топ ат тұяғынан мұз ойылып,

Көп қалмақ Омбы өзенде суға кетті.

 

Сан өтті қолдан-қолға Омбы өзені,

Соғыстың ауыр тиді бұл кезеңі.

Қалған соң атамекен жау қолында,

Өртенді соны ойлап жұрт өзегі.

 

Жау қалмақ оқ атса да оңмен солдан,

Майданда айнығам жоқ ерлік жолдан.

Ежелден Керей мекен еткен Сібір,

Қалайша шығарамын оны қолдан.

 

... Төнген соң найза ұрыста үлкен қауіп,

Ордостар оқ боратты амал тауып.

Шар түсіп, маңымызға жарылған соң,

Ештеңе өндірмедік жауға шауып.

 

«Елім-ай» жырындағы ақиқат шындық осылай өріледі. Қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерлік істері Қожаберген жырау сөзімен кеңінен суреттеледі. Керейлер мекендеген Сібір жерінің әрбір төбесі, әрбір өзен-көлі үшін кескілескен ұрыстар болғанын аңғартады. Қарастырылып отырған жырда жер-су, тоғай-төбе сияқты географиялық атаулар көптеп кездеседі. Жырау солардың әрбірін тәптіштей айтады. Бұл көркемдік әдіс келешек ұрпаққа тарихи шындық толық жетсін деген ниеттен туындаған болса керек.

Дастанды оқып отырғанда тағы бір аңғаратынымыз, Тәуке хан тұсында қазақ елшілерінің қару-жарақ сатып алу мақсатында Ресейге барғаны туралы деректер. Бірақ жоңғарды әдейі айдап салып отырған орыстар келісім бермейді. Қытай мемлекеті де қару беруден бас тартқан. 

 

Әз Тәуке болса-дағы достыққа ынтық,

Сатпады Ресей, Қытай бізге мылтық.

Жоңғарлар қорғасын оқ боратқанда,  

Найза ұстап, садақ асып, қарсы шықтық.

 

Бастаған Ойрат ісі ұрыс болды,

Бұл соғыс Ресей үшін дұрыс болды.

Қалмақты жабдықтаған қос көршінің,

Әуелден көздегені қоныс болды.

 

... Босаған соң қуанып талай қоныс,

Қалмаққа алғыс айтқан билікті орыс.

Тоқтатып сол арада қалмақтарды, 

Оларға сыйлық берген ұлық орыс.

 

Қарулы қалың әскерге найза, қылыш, садақпен қарсы барған қазақ қолы аяусыз талқандалып, амал­сыз шегінуге мәжбүр болады. Зеңбіректен тынымсыз оқ жаудырған қалмақтар қазақтарды күн сайын қырып отырып, арқаға, оңтүстікке қарай ығыстырып кете барды. Ал ойындағысы орын­далған орыс сая­саткерлері босап қалған жерлерге мұжықтар мен әскерилерді еркін қоныс­тан­дырып, бекіністер салып жатты. Өзгенің қолы­мен от көсеп, жазықсыз ха­лықтарды қынадай қы­рып, жер бетінен із-түзсіз жойып жіберуді ашық мақ­сат еткен Ресейдің қан­құйлы қарақшылық саясаты бүгінге дейін айтылмай келді.  Өзінің бір адамын шығын етпей бүткіл Сібірді, оның ішінде Алты алаштың атақонысы болған Түмен, Том, Омбы, Ор, Челябинск, Орынбор, Қор­ған, Бары­науыл қа­лаларын маңайымен қоса өз мен­шігіне айналдырған орыс отаршылары ақиқатты қайдан қаласын? Сол шындықты шырқырата айтқан Қожаберген жырауды орыс саясаты қалай жақ­тырсын? Ақ патшаның тұсында да, кеңестік ке­зеңде де Қожа­берген жыраудың аты ата­лма­ғаны­ның басты себебі осында жатыр.

Баба есімі бүгінгі тәуелсіздік таңында жиі айтыла бастады. Оған да шүкіршілік етеміз. Қожаберген Толыбайсыншыұлының «Елім-ай» дастанынан өзге де қалдырған мұрасы мол. Сан қырлы талант иесінің ерлікке толы өмір жолы мен қазыналы шығарма­шы­лығы келешектегі «Қожабергентану» ісінің сарқылмас көзі боларына сеніміміз мол.  

Темірғали КӨПБАЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты