Аймақта атқарылған іс көп

Бір миллионнан астам тұрғыны бар Жамбыл өңірінде тиімді жүзеге асып жатқан жобалар өз жемісін беріп келеді. Сондай-ақ аймақта талай жылдан бері қордаланған мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов осылай деді.

Облыстың жалпы өңірлік өнімі был­тыр 2 триллион 749 миллиард теңгені құ­­ра­­ған. Биыл қаңтар-сәуір айларының өзін­де экономикалық өсім 103 пайызға же­тіпті. 

Аймақтың алға қойып отырған басым ба­ғыттарының бірі – өнеркәсіпті дамыту жә­не инвестиция тарту. Өңір басшысы биыл төрт айда өнеркәсіп өндірісінің кө­ле­мі 292,4 миллиард теңгеге жеткенін тіл­ге тиек етті. Соның ішінде минералды тыңайт­қыштар өндірісі – 3,1, қант – 27,9, ірім­шік және сүзбе – 32,4, жеңіл өнеркәсіп – 22,5 пайызға өсіп отыр. Ал биыл өңірге тартылған ин­вес­тиция 89,1 миллирд теңгеге жетіп, оның өсімі 7,4 пайызды құраса, жыл соңы­на дейін өңірге 572 миллиард теңге ин­вестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен қа­тар 21 инвестициялық жоба іске асыры­лып, оның негізінде 491 жұ­мыс орнын құру жоспарланған. Облыс әкімінің айтуынша, жақында ғана өңірде өткен ZHEIF-2023 халықаралық-эко­номикалық және инвестициялық форумы аясында отандық компаниялар мен шетелдік инвесторлар арасында 17, оның ішінде шет­елдік 5 ірі компаниямен 700 мил­лион, 12 компаниямен 96,5 миллион дол­ларға ке­лісімдер мен меморандумдарға қол қойыл­ған. Форум аясында екі кәсіп­орын, бір демалыс орталығы өз жұмысын бас­таса, одан бөлек тағы бір зауыттың ірге­та­­сы қаланыпты. Сондай-ақ бірқатар шет­­ел­дік және отандық инвестормен электр энергиясы бойынша – 3, инфра­құры­­­лым тарту – 4, жер мәселесі – 5 және газ тарту бойынша екі жоба бойынша ке­­ліс­сөздер жүргізілген. 

Одан бөлек, Мемлекет басшысының бас­­тамасымен облыста бірқатар ірі жо­ба­ны іске асыруы жоспарланған. Атап айт­сақ, облыста күн, жел және су арқылы электр стансаларын салу қолға алынбақ. Бұл ретте франциялық Total Eren, БАӘ-нің Masdar және Kidf, қытайлық State Power Investment Corporation компания­лары ауқымды жел электр стансаларын салуды ниет етіп отырған көрінеді. 

Сонымен бірге өңірдегі шағын және ор­та бизнесті дамыту бойынша жұмыстар ту­ралы баяндаған Нұржан Нұржігітов: «Өңірде шағын және орта бизнес қар­қын­ды дамып келеді. Атап айтсам, биыл 4 ай­да шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің саны 102,9 мыңды құрап, 37,7 пайызға артты. Жалпы, былтырмен са­лыс­тырғанда осы салада жұмыспен қам­тыл­ғандардың саны 151,9 мың адамды құ­рап отыр. Яғни 22,6 пайызға ұлғайды де­ген сөз. Ал «Кәсіпкерлікті дамыту жө­нін­дегі ұлттық жоба» аясында 198 жобаға 10,7 миллиард теңгеге несие берілді. Сон­дай-ақ ұлттық жоба аясында 1100 кәсіп­керге қаржылай қолдау көрсету арқылы жұмыс істейтін субъектілер санын 106 мыңға дейін арттырып, ондағы жұ­мыспен қамтылғандардың санын 155 мың­ға дейін ұлғайту күтіледі», – деді. 

Аймақтағы ауыл шаруашылығы са­ла­сында да алға жылжу бар. Осылай деген об­лыс әкімі саланы қолдауға биыл өңірде 27,4 млрд теңге субсидия бөлініп отырға­нын жеткізді. Нәтижесінде, 4 айда өнім 2,1 пайызға артып, 57,5 млрд теңгені құрап­ты. 

«Биыл 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып, тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Мал шаруашылығында да айтар­лық­тай өсім бар. Мәселен, 4 айда 36,2 мың тонна ет, 84,3 мың тонна сүт, 34 мың да­на жұ­мырт­қа өндірілді. Өңірде қант өндірісін да­мытуға да аса мән беріліп отыр. Мы­салы, қант қызылшасы алқа­бы­ның көле­мін былтырмен салыстырғанда 5 мың гек­тарға ұлғайтып отырмыз. Бұл өз кезе­гін­де азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету­ге септігін тигізеді», – дейді ол. 

Мемлекет басшысының суармалы жер кө­лемін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста суармалы егіс алқабын ұлғайту үшін ауқымды шаралар қолға алын­ған. Ол үшін арнайы Жол картасы бе­кітіліп, 2025 жылға дейін 124 мың гектар ал­қапқа су жеткізу жоспарланып көзделіп отыр. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен 11, рес­публикалық бюджет есебінен 3 су қой­масының құрылысын жүргізу жоспарда бар. Оның сыртында аймақта ауылшаруа­шылығы мақсатындағы су тапшылығын жоюдың бірден-бір тетігі ретінде жерасты суы қорын пайдалану қолға алыныпты. 

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сы­мен әзірленген «Халықтың табысын арт­тыру» бағдарламасын жемісті жүзеге асы­ру­дың да маңыздылығын тілге тиек ет­кен Нұржан Нұржігітов: «2019 жылы Жам­был облысында басталған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеумет­тік тиімділігін көрсетті. Президент бұл жо­баны республиканың барлық өңіріне ен­гізу бойынша тапсырма бергені белгілі. Жоба басталғалы 18,3 млрд теңге бөлініп, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық адам өз кә­сібін бастады. Биыл қосымша 24 млрд тең­ге бөлінді. Онда 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни, тұрғындар жеке кәсіпкер ре­тінде тіркеліп, жұмыс орындары ашы­ла­ды. Біз алдағы 2024-2025 жылдары рес­пуб­­ликалық бюджет есебінен 45,5 млрд тең­геге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отыр­мыз. Нәтижесінде, 2025 жылы осы жо­бамен қамтылған ауыл тұрғындарының орта­ша табысы 44 мың теңгеден 135 мың­ға дейін артады», – дейді Нұржан Мол­дияр­ұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауыл­дық округтің инфрақұрылымын жетілдіру мақ­сатында 9,5 миллиард теңгеге 183 жо­ба іске асырылып жатыр екен. 

Сонымен бірге өңірде, оның ішінде об­лыс орталығы Тараз қаласында тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді екен. Аудан орталықтары мен Тараз қаласында жаңа тұрғын алап­тары мен мөлтек аудандар бой көтерсе, жыл соңы­на дейін тағы 698,7 мың шаршы метр тұр­ғын үй беру жоспарда тұр. Ха­лық­ты са­палы ауызсумен қамтамасыз ету бойын­ша атқарылған шаруалар да жетер­лік. Мә­селен, биыл аймақта 13,6 миллиард тең­геге 54 жоба іске асырылмақ. Бұдан соң газдандыру мәселесіне тоқталған әкім «Биыл қосымша 18 елді мекенді табиғи газбен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал автожол саласын дамытуға бөлінген 24,7 миллиард теңгеге жақсы және қана­ғат­та­нарлық жағдайдағы жолдар үлесін 98 пайыз­ға жеткізілмек» дейді облыс әкімі.

Бұдан соң өңір басшысы әкімі алда ат­­қарылуы тиіс жұмыс әлі де көп екенін ал­ға тартты. Өңірдегі өзекті әлеуметтік мә­­селелерді шешуде алдыңғы кезекте жер­­гілікті тұрғындардың пікірі ескері­ле­тінін атап өткен Нұржан Нұржігітов «Мемлекет басшысының «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырымда­ма­сына сәйкес өңірде халықпен кері байла­ныс жүйелі жолға қойылған» дегенді ай­тады. Өзі ғана емес, орынбасарлары мен об­лыс әкімі аппаратының жауапты қыз­мек­терлерінің аудандар мен елді мекен­дерге шығу кестесі бекітіліп, арнайы ал­го­ритмі әзірленіпті. Мәселен, жыл ба­сынан бері аймақта түрлі деңгейдегі әкім­дермен 610 кездесу өтіп, мыңға жуық аза­мат қабылдауда болса, онда 314 аза­маттың өтініші шешімін тапқан. Облыс әкімі­н­ің айтуынша, облыстағы қордалан­ған мәселелерді шешуде халық талабына құлақ түру маңызды. Өйткені осы арқылы ғана өңірдің дамуы оң көрсеткішке қол жеткізері анық. 

Жадыра МҮСІЛІМ