Ғылым мен технология үздіксіз дамып келе жатқан қазіргі таңда жасанды интеллект, яғни AI (Artificial intelligence) технологиясы адамдарды қызықтыратын әрі алаңдататын салалардың бірі болып отыр.
Жасанды интеллект жаһанды жаулай ма?
2,338
оқылды

Жаңа технологиялар цифрлы әлемдегі жаңа шыңға айналғандықтан, «жасанды интеллект адамзатты жоя ма?» деген пікір де күшейіп тұр. Белгілі технологиялық көшбасшылар жасанды интеллект әлемді жаулап алуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ басқа зерттеушілер бұл мәлімдемелерді ғылыми фантастика ретінде бағалайды.

Қауіп қайдан десеңіз...

Жақында АҚШ Конгресінде өткен жи­налыста OpenAI жасанды интеллект стартапының бас директоры Сэм Альтман өз­дерінің бұл техникасы адамзатқа қауіп төн­діретінін ескертті. Альтман ChatGPT чат-боттары сияқты жасанды интеллект тех­нологиялары дезинформация және зиян­ды манипуляция сынды мәселелер туындататынын айтты. 

Мәселен, Google, Microsoft және OpenAI адам сенбейтін технологияларын көп­­­­ші­лікке жариялады. Бұл технологиялар пайдаланушымен күрделі тақырыптарға сөй­леседі. Қарапайым мәтіндік сұраулар не­гізінде кескіндерді жасайды. Осыдан кейін жасанды интеллект туралы пікір­та­лас тіпті де қыза түсті. Кейбір адамдар «жа­­санды интеллект болашақта адамға зиянын тигізуі мүмкін, тіпті қандай да бір жолмен бүкіл қоғамды басқаруы мүмкін» деп санайды. 

«Жасанды интеллект берілген тап­сыр­маны адамдарға қарағанда жылдам әрі дұ­рыс орындайды. Ең қорқыныштысы, ро­боттар жалған жаңалықтарды, жалған электронды пошта тіркемелерін, жалған ақ­параттарды жасай алады. Жасанды ин­тел­лект дәуірінде біз адамзат өркениетінің түбіне жететін дүниені өз қолымыздан жа­сап алуымыз мүмкін», – дейді Илон Маск.

«AI технологиясының дамуы IT жан­күйер­леріне тамаша шабыт беруде. Жа­сан­ды интеллект қазірдің өзінде біздің өмі­рі­мізге дендей енуде. Бірақ оның ар­тында адамзат баласы тұр. Жасанды ин­теллект дербес ойлау қабілеті болса ғана қауіпті. Онда қазір айтылып жүрген қауіп бергі жағы ғана болып қалады», – дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия универ­си­тетінің IT факультетінің студенті Болашақ Толқынбек.

Ал күнделікті тұрмыста біз жасанды ин­теллектің көмегіне жиі жүгінеміз. Өйт­кені қазірдің өзінде жасанды интеллект адамзаттың сеніміне әбден ие болған. Көп­теген сараптау, талдау, есептеу, кескін­деу қызметтері осы AI технологиясы ар­қы­лы жүзеге асады. Бірақ оның барысында адам­дар жасанды интеллект салдарынан алаң­дарлық мәсеселеге тап болуы мүмкін.

«Бірінші кезекте ЖИ жұмыссыздық мә­се­лесін тудыруы мүмкін. Жасанды ин­тел­лектің арқасында түрлі интеллектуалды толық автоматтандырылған жүйелер орын­­дай алатын жұмыстардың көбеюі көп­­теген дәстүрлі салаларда жұмыс орын­да­рының қысқаруына және эко­но­ми­калық күйзелістерге әкелуі ықтимал. Же­ке деректердің қауіпсіздік мәселесі де туын­дайды. AI әлемінде көптеген дерек сақталады, осы арқылы ол адамдардың жеке құпиялылығы мен жеке деректер қауіпсіздігіне қатер төндіре алады. Адам­ның ойлау санасы жасанды интеллектінің кесірінен шектелуі мүмкін. Медицина, қаржы, өнер және басқа да салаларда AI технологиясы көптеген шешімдерді бір жақтылы етуге мүмкіндік беріп, бұл адам­дардың ойлау және түсіну қабілетіне қауіп төндіруі ықтимал», – дейді Future of Life институтының атқарушы директоры Эн-тони Агирре.

Биыл PSOS GROUP және REUTERS жа­риялаған сауалнама нәтижесіне сәй­кес,америкалықтардың көпшілігі «жа­сан­ды интеллект (AI) технологиясының қар­қынды дамуы адамзат болашағына қауіп төндіруі мүмкін» деп алаңдайды екен. Open AI зерттеу орталығының ChatGPT чат-боты ең тез қарқынмен да­мып келе жатқандықтан,Microsoft және Google сынды техникалық алпауыттарға бәсекелестік туғызып отыр. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 61 пайызы жасанды интеллект адамдарға қауіп төндіреді  деп санайды,,ал 22 пайызы мұнымен келіс­пейді. 17 пайызы болса әлі қорытынды жасауға дайын емес екенін айтты. 

Таяқтың бір ұшы 

AI санасы адам санасынан асып түсуі мүмкін. Қазір адамдар көптеген ақпарат­тар­ды ескі заман сияқты қағазға түсіріп не­месе жаттап ауре болмауы үшін «Ауқым­ды деректер» (Big Data) технологиясын ойлап тапты. Осы арқылы әртүрлі дерек­тер түрінен құнды ақпаратты жылдам алу мүм­кіндігі ауқымды деректер техноло­гия­сы арқылы жүзеге асып жатыр. Ал ком­пью­терлік көру болса компьютерлерге адамның көзі сияқты бақылау және тану мүм­кіндігін беруі. Сонымен қатар ол ны­саналарды анықтау, қадағалау және өлшеу, әрі қарай графикалық өңдеуді жүзеге асыру үшін адам көзінің орнына каме­ралар мен компьютерлерді пайдалануды білдіреді. Күнделікті тұрмыста алыстан басқару және құпия құлып түрлері сан­дар кезеңінен өтіп, «Дыбысты тану» тех­нологиясына аяқ басты. Дыбысты  тану технологиясы – жасанды интеллек­тіге тану және түсіну процесі арқылы дауыс­тық сигналдарды сәйкес мәтінге түр­лендіруге мүмкіндік беретін жоғары технология. 

«AI дамуы кейбір жұмыс орнын жұ­мыс­сыз қалтыруы мүмкін болғанымен, ол жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістерді әке­леді. Жасанды интеллект дәрігерлерге диаг­ностика мен емдеу әдістерін таңдауда көмектесе алады, бірақ соңғы шешімді әлі де болса дәрігерлер қабылдауы керек. Бұл ынтымақтастық режимінде адамдардың көшбасшылығын сақтай отырып, жұмыс тиімділігі мен дәлдігін жақсарту үшін AI кө­мегін пайдалана аламыз. ЖИ бір адам­ның жұмысын тартып алмайды, керісінше бір адам AI арқылы көп жұмыс атқаруға мүм­кіндік алады. Мәселен, Қытайда жа­сан­ды интеллект поэзия жанрын мең­ге­ріп, өлең шығаратын дәрежеге жеткен. Бұл оның шығармашылық қабілетінің пай­да болу кезеңіне аяқ басқанының бел­гісі. Ендеше, ертең ЖИ күрделі есептер мен формулаларды шешу деңгейіне жетер болса, онда «Ауқымды деректер» дәуірі жаңа бір даму кезеңіне аяқ баспақ», – дейді Google-дың алдыңғы зерттеушісі Сара Хукер.

Жасанды интеллектінің қабілеті ерек­ше болғанымен, оны адамзатпен салыс­тыру­ға болмайды. Роботтардың пішінін, са­на­сын қалыптастырған адам, ондағы ақпараттардың барлығын ойлап тауып, орнатқан да солар. Адам баласына дербес ойлану қабілеті, сезім мен түйсік тән. Сон­дықтан адамзат өркениетінің ең асқақ шыңы – жасанды интелект болса, оның иесі де біз болып қалуға тиіспіз. 

«ЖИ-дың пайдалы тұстарынан пай­дасыз тарабы көбірек. Егер AI адамдарға қарағанда ақылдырақ бола түсер болса, онда олар өзін-өзі жетілдіруге, меңгеруге ты­рысуы мүмкін. Бұл бүгінде алаң­дау­шы­лық тудыратын жайт. Біз олардың аз кө­лем­ді пайдалы жағын көргенімізбен, соңын­дағы үлкен қауіпті әлі бағалай ал­май отырмыз. Сондықтан да адамзат өз-өзін де жетілдіріп отыруды ұмытпауы ке­рек. Әрине, жасанды интеллектінің мүм­кіндіктерін пайдаланудан қашпаған дұрыс. Адамзат дұрыс қолдана білсе, бұл технологияның алып келетін пайдалы жағы өте көп. Бірақ оны қауіпті мақсаттар­ға пайдалануға адам баласының өзі ұм­тылуы мүмкін», – деді жасанды интеллект зерттеушісі Йошуа Бенджио.

Естеріңізде болса, «Я робот» фильмін­де роботтардың адамзатты жаулап алуға талаптануы көрсетіледі. Егер жасанды интеллект шынымен де біздің өркениетке шабуыл жасаса, қандай жолдармен жасауы мүмкін? Алдымен телекоммуни­кациялық орталықтарды өз қарамағына алып, сол арқылы электр энергиясын өндіретін генерация көздерін, одан соң «Ауқымды деректер» жүйесін меңгеруі мүмкін. Одан кейінгі кезекте, кинодағы­дай адамдарға қызмет етіп жүрген «те­мір­құлдарға» адамдарды тұтқындау туралы әмір беріп, оларды оқшаулауы ықтимал. Ал одан кейінгі сценарийлерді алуан түрлі етіп ойлап таба беруге болады. Мәселен, қару жүйесін басқару арқылы зымыран дрон­дармен шабуыл жасау, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратып, адамзат арасында дүмпу туғызуы мүмкін. Бұл қазір фантастика болып көрінгенімен, соңғы бір ғасырдағы технологиялардың геометриялық прогрессиямен қарыштай дамығанына қарап, ақиқатқа айналар күні алыс емес екенін түсінуге болады.

Тасқын ҚАЙНАР,

ЕҰУ студенті