Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 10 жастағы бала токқа түсіп, аяғынан айырылды, – деп хабарлайды otyrar.kz.
Шанақ ауылының тұрғыны Бейбарыс жайылып жүрген есекті қуып шығу үшін қосалқы стансаға кірген екен. Сол сәтте электр стансасының қоршауын ұстағанда жоғары кернеулі ток соққан. Ол есін енді ғана жиған.
"Тізесінен үштен екі бөлігі алынды. Сол қолы күйіктің терең, үшінші А, Б дәрежелі болуына байланысты емделіп жатыр. Қолын ампутациялауға қатер жоқ, бірақ әлі де ота жасалады", – деді Түркістан облысы балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Тұрысбеков.
Осы оқиғадан кейін электр стансасының қоршауына "қауіпті" деген тақтайша ілініп, есігіне құлып та салынған. Баланың туыстары "есігі жабық болғанда мұндай қайғылы оқиға болмас еді" дейді.
Ал электр желісіне жауапты тұлғалар баланың өзін кінәлап отыр. Олар 10 жастағы бала есіктегі құлыпты өзі бұзып кірді, ал тағы бір сөзінде қоршаудан секіріп кірген дейді. Олар мекеме тарапынан ешқандай көмек берілмейтінін де айтқан.
Қазір бұл оқиғаға қатысты полиция іс қозғаған. Ал мүгедек боп қалған баланың туыстары электр желісінің басшылығынан келесі оқу маусымына дейін "ең құрығанда протез аяқ салып беруін" сұрап отыр.