Жалпыхалықтық дауыс беру: MECENAT.KZ әдеби сыйлығының ең маңызды кезеңі басталды

Mecenat.kz әдеби байқауының маңызды кезеңі басталды, яғни бір ай бойы оқырмандар ең үздік деген романға дауыс береді.

 

Бүгін Mecenat.kz әдеби байқауының маңызды кезеңі басталды, яғни бір ай бойы оқырмандар ең үздік деген романға дауыс береді. Дауыс беруде қандай да бір құйтырқы әрекеттерді болдырмау үшін ұйымдастырушылар екінші кезеңде тек қазақстандық ұялы телефон нөмірі арқылы дауыс беріп, оқылған роман туралы өз пікірін қалдыру талабын қосты, пікір көлемі 300-500 символдан аспауы қажет. Бұл пікірлер модератордың тексеруінен өтеді, мағынасыз немесе ар-намысқа тиетіндей болса, дауыс ретінде есептелмейді. Осылайша ұйымдастырушылар бірінші кезеңде үш рет орын алған жалған дауыс жинау сияқты келеңсіздіктің алдын алмақ.

Айта кетейік, жеңімпаз өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Мұндай форматтағы сыйақы әлемнің еш жерінде жоқ. Жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Русланұлы Турлов. Жобаның авторы және жүзеге асырған – Ерлан Асқарбеков.

2022 жылдың қыркүйек айында басталып, мамырдың біріне дейін созылған екінші кезеңде 58 жазба келіп түсті, оның біреуі ҚХР елінен қазақ тілінде жазылған роман бар.

Биыл байқағанымыздай, байқауға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған, техникалық талаптарға қатысты тәртіп бұзушылық айтарлықтай азайған. Қатысушы авторлар ішінде әйелдер саны 37 пайыздан 27 пайызға дейін төмендеген. Ал бірінші кезеңде қатысып, биыл тағы да бақ сынаған авторлар саны – үшеу. Жалпы қатысушылардың жартысы – тұңғыш роман жазғандар екен. Келіп түскен шығармалардың тең жартысы қазақ тілінде.

Кәсіби филолог – ридерлер әр шығарманы толықтай оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Екі ридердің бағасын қосқанда 8-ден жоғары балл жинаған шығармалар саны – 13. Бұл – біріншілік іріктеу.

Екіншілік іріктеуге танымал жазушылар Әлішер Рахат және Илья Одегов супер ридер ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман, орыс тіліндегі 5 романды оқып, сараптап шықты. Нәтижесінде үш қазақ тілінде, үш орыс тілінде роман іріктеп алынды.

Ридерлер мен суперридерлердің іріктеу жұмысына ешкім араласқан жоқ, ұйымдастырушылар толықтай анонимділік сақтап, қағазға шығарылған туындыларды оқуға дайындап берді.

Сонымен мына шығармалар оқырманға дауыс беруге ұсынылды:

1) «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев

2) «Үзілме, Үміт», авторф Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова

3) «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев

4) «И два бокала на столе», авторы Жангүл Амангелдіқызы Байдәулетова

5) «В ожидании Кайроса», авторы Кемен Құдайбергенқызы Байжарасова

6) «ПетроКок», авторы Мұрат Ислямұлы Увалиев

Дауыс беру https://www.mecenatkz.com/vote.php парақшасында жүргізіледі.

Ұйымдастырушылар Қазақстандағы барша зиялы қауым өкілдерін белсенді түрде дауыс беруге шақырады. Шығарманы жүктеп алып, оқып, әлеуметтік желіде пікір жазып, ұнаған сөз тіркестері, маржан сөздер болса таныстарына жіберіп, шығарманы бөлісіп отырса деген тілек бар. Авторлық құқықты сақтау қажеттігін, заңсыз шығарма сатуға тыйым салынатынын естеріңізге саламыз.

Ұйымдастырушылар ұлттық әдебиетті дамытуға арналған жобаға атсалысқан министрліктерге, барлық мемлекеттік БАҚ және AMANAT партиясына ақпараттық қолдау көрсеткені үшін зор алғыс білдіреді.

Фото: ru.pinterest.com