Қарамағына үш ауыл кіретін бұл ауылдық округтің мәселесі шаш етектен.
Шалғай ауыл тұрғындарының проблемасы шешілді
1,063
оқылды

«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының бастамасымен облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Жаров Зеренді ауданына қарасты Симферополь ауылында азаматтарды қабылдады.

Қарамағына үш ауыл кіретін бұл ауылдық округтің мәселесі шаш етектен. Мәселен, округ тұрғындары жедел жәрдем мен өрт сөндіру бекетіне, хоккей кортына және дәріханаға қол жеткізе алмай келеді. Бұған қоса, ауыз суды әр үйге кіргізу мәселесі де тиісті шешімін тапқан жоқ. Ал іргелес жатқан Бұлақ, Жолдыбай ауылдарында телефон, интернет байланысы болмай отыр.

Халық қалаулысы әрі облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаровқа жеке мәселесін айта келгендер де көп болды. Ауыл тұрғындары дәрігер кеңесін алып, ота жасау, порталға тұру, оңалту курсынан өту мен тегін дәрі дәрмек алу бойынша бірқатар сұрақ қойды. Өз кезегінде, депутат аталған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге сұрау салып, депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.

«Үш ауылдың тұрғындары да Көкшетау қаласындағы, Зеренді және Красный яр ауылдарындағы медицина мекемелерінде тіркеуде тұр. Бұл – өте ыңғайсыз. Халықтың жүріп-тұруы, дер кезінде қатынауы қиындық туғызады. Сондықтан, ең жақын әрі тиімді деген мекемеге тіркеуге тұруға кеңес беремін», – деді халық қалаулысы.

Ал облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейтінін айтты.

«Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Осы жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл өз кезегінде шалғай ауылдардың мәселесін назарға алып, сол бойынша жүйелі шешім қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Жалпы, облыс аумағындағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 736 өтініш түсіп, оның 46 пайызы оң шешімін тапты. Бұған қоса, 48 пайызына түсініктеме берілсе, қалған 6 пайызы орындалып жатыр.

Осы айда 293 қабылдау жүргізіліп, оның барысында 608 адам қабылданды. Олардың 275 мәселесі оң шешімін тапты.