Тұрғындарды толғандырған мәселелердің біразы әлеуметтік, жол, инфрақұрылым салаларына қатысты.
«AMANAT»: Тұрғындарды толғандырған мәселелер шешілді
908
оқылды

Тұрғындардың арыз-өтініштері мен мәселелерінің оң шешімін табуы үшін Түркістан облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары айтарлықтай жұмыстар атқаруда. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық және аудандық, қалалық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтар сан түрлі өтініштермен келеді. Тұрғындарды толғандырған мәселелердің біразы әлеуметтік, жол, инфрақұрылым салаларына қатысты. 

Талап-тілектердің бірін Келес ауданының тұрғыны Э.Мырзаханова Түркістан облыстық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Б.Басымбектің өткізген қоғамдық қабылдауына айта келген. Азаматшаның басты өтініші – тұрғын үйінің есігін дұрыстау. Бұл істі өз қаражатына жасауға отбасының әлеуметтік жағдайының жетпейтіні де мәлім болды. А.Байсынбаеваның мәселесін мұқият тыңдаған фракция мүшесі Б.Басымбектің демеушілігімен тұрғын үйіне  есікті орнатып, жанұяға жылу сыйлады.

Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен Сарыағаш  аудандық мәслихат депутаты Қ.Ағабековтің жеке қабылдауына Тегісшіл ауылдық округі тұрғындары елді мекенінің ішкі көшелерін тегістеп жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде өтініш білдірген болатын.  "AMANAT" партиясы фракция мүшесі Қ.Ағабеков өтініш иелерінің  мәселелерін қарап,  ішкі көшелерді тегістеп берді.  Көшелерді жөндеу жұмыстарын өз қаражаты есебінен  жүргізді. 

Дәл осы Сарыағаш  аудандық мәслихат депутаты Қ.Ағабековтің жеке қабылдауына Таскескен-2 елді мекенінің тұрғыны Н.Таутанов көше бойында орналасқан жарық шамдарын ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған болатын. Өтініші бойынша аудандық мәслихат депутаты Қ.Ағабеков мәселенің шешу жолдарын жауапты мамандармен қарастырып, Таскескен-2 елді мекеніндегі жоғары кернеулі электр бағаналарының орнын ауыстырып, қайта орнатып берді.