Банктер армияда мерзімді борышын өткеріп жүрген сарбаздардың несиелерін тоқтатады, – деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Аталған келісім мерзімді қызметтегі сарбаздарға қаржылық міндеттемелері бойынша ай сайынғы төлемдерін 13 айға кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қызмет өткеру кезеңінде кредиторлар берешекті өндіріп алу бойынша сотқа істер және нотариусқа өтініштер беруді тоқтатады.
Еліміздің барлық өңірінің әскерге жинау пунктілерінде әскерге шақырылушыларда кредиттер мен қарыздардың болуы туралы ақпарат жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Несиелері бар жастар жергілікті әскери басқару органы басшысының атына қарыз алушының атауын, төленуге тиісті соманы және қарызды төлеуге байланысты басқа да деректерді көрсете отырып өтініш береді.
Қарыздың бар екені туралы хабарлап үлгермеген сарбаздар бұл мәселені бөлімнің басшылығына жазбаша өтініш беру арқылы шеше алады. Бұл ретте жергілікті әскери басқару органының атына берілген туыстарының өтініштері де қаралады.
Алынған мәліметтер реттеушіге беріледі. Өз кезегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскерге шақырылған сарбаздарға негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қажеттігі туралы қаржы мекемелерін хабардар етеді.
Әскери борышын аяқтаған соң жастар жеңілдіктерді пайдаланып, жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырусыз түсе алатынын да айта кетелік. Бұл ретте көзге түскен сарбаздар жоғары оқу орнының гранты есебінен ақысыз оқуға түсе алады.