Кеше Астанада QazBioPharm ұлттық холдингінің ұйымдас­тыруы­мен «Пандемия сабақ­тары: Қазақстан тәжірибесі» ат­ты халықаралық форум өтті.
«Тайталастың» тұсауы кесілді
687
оқылды

Іс-шара барысында «QazVaC: ТАЙТАЛАС» деректі публицистика­лық кі­табының тұсауы кесілді. Бұл кітап ко­ронавирустық инфекция пан­демия­сы­мен күрес кезінде отандық вакцинаны жа­саған қазақ ғалымдары­ның еңбегіне арналған. «Пандемия аяқталды, бірақ оны­мен тайталас кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек» деген мақ­сатпен жарық көрген кітапты Ұлт­тық ғылым академиясының басқар­ма пре­зиденті Күнсұлу Закарья таныс­тырды.

«Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасап шық­қан қа­зақ ғалымдарының ерлікке бара­бар ісіне арналады. QazVac вак­цинасы қалай жасалды? Қандай ке­дер­гілерді жеңуге тура келді? Вакцина шығаратын отандық зауыт қалай са­лын­ды? Оның маңызы қандай? Кі­тап­ты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзі­мен, басшылық жасаған тұлғалармен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынды. Панде­мия аяқталды, бірақ панде­миямен күрес кезіндегі ғалымдар мен дәрігер­лер еңбегі ұмытылмауы керек, кітап осы мақсатта жарық көріп отыр», – дейді Күнсұлу Закарья. 

Сондай-ақ Ұлттық ғылым ака­демия­­сының басқарма президенті короновирус пандемиясы қоғамның барлық саласы бір мақсатқа бірлесіп жұмыс істегенде ғана осындай сынақ­тардан тиімді қор­ғану­ға болатынын көрсеткенін айтты:

«Тіршілік болған жерде аса қауіпті ін­деттер болады, мысалы жақында ғана – 23 мамырда Женевада өткен жыл сайын­ғы ассамблеяда Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері адамзатқа COVID-тен де зи­ян­­ды жаңа пандемия қаупі бар еке­нін баяндады. Демек, болашақта біз кез келген қауіпке қарсы тұруға да­йын болуға тиіспіз», – де­ді ол.

Жиынға қатысқан Ғылым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде QazBioPharm ұлттық хол­дингі ғалымдарының ғылыми жоба­лар­ды іске асыру нәтижелеріне тоқ­талды:

«2020-2022 жылдары ғылыми зерт­­теу­лерді орындауға 30-ға жуық конкурс өткізілді, соның нәтижесінде гранттық қаржыландыру шеңберінде 1507 жоба және бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру бойынша 103 ғылыми-техника­лық бағдарлама іске асырылуда. Олар­дың ішінде 6 ғылыми-техникалық бағ­дар­лама және 49 гранттық жоба QazBioPharm ұлттық холдингі еншілес ұйым­дары­­ның ғалымдарының қатысуымен жүзеге асырылды. Ғылыми жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша өзек­ті инфекциялардың қоздырғыштарын, дәрілік заттар мен профилактикалық пре­параттарды, оның ішінде короно­вирустық инфекцияға қарсы вакци­на­ларды анықтау үшін арнайы диаг­нос­тикумдар әзірленді. Олардың ішінде Холдинг ғалымдары рекордтық қысқа мерзімде (47 күн) әзірлеген QazVac коро­навирусына қарсы ал­ғаш­қы қазақ­стан­дық вакцинаны атап өтуге болады», – деді министр.

Айта кетейік, биылғы мамыр айы­ның басындағы дерек бойынша, QazVac вакцинациясын 5,5 миллион­нан астам адам қабылдаған.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ