Елімізде құрлық асып, шетел көргісі келетін жастардың қатары жыл санап артып келеді. Олардың арасында ел көріп қана қоймай, жұмыс істеп, қомақты табыс тап­қысы келетіндері жетіп артылады. Бұл орайда олар Work and Travel сияқты бағдар­лама­лардың шара­патын сезініп жүр.
Саяхаттап жүріп, табыс табады
1,233
оқылды

Бағдарлама 1960 жылдары АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауы­мен іске қосылды. Ал біздің елге Work and Travel бағдарламасы 2005 жылдары келген екен. Әлемнің 40-тан астам елінде жүзеге асатын бағдарламаға Қазақстаннан жыл сайын 1 500-ге жуық студент қаты­сады.

Негізінде, бағдарлама қатысушылары ағылшын тілін ең үздік деңгейде меңгеру керек деп ойлайды. Десе де, шетелде сая­хат­тап, жұмыс істеу үшін ағылшын тілін кем дегенде Intermediate деңгейінде меңгергеніңіз жөн. 

Work and Travel бағдарламасына өтінім беру мерзімі әр кезде әртүрлі. Сту­денттер жыл сайын мамыр айында келер жылы  қатысуға өтінім бере бастайды. Ол жерде жұмыс орнын, штатты, қаланы таңдайды. Содан соң жұмыс беруші­лермен, демеуші­лермен сұхбаттасуға дайындалады. Сұхбат­тасу екі кезеңнен тұрады. Біріншісі АҚШ елшілігінде, екіншісі демеушінің платфор­масында немесе skype арқылы онлайн сұх­бат­та­са­ды. Сол жерде демеушімен он­лайн келі­сім­шартқа отырады. Яғни, университеттің күндізгі бөлімінде 1, 2, 3-курс оқитын студенттер ғана қатыса ала­ды. Соңғы курс студенттері қабыл­данбайды. Соны­мен қатар тағы айтып өтетін жайт, бағ­дар­ламаға колледж сту­дент­тері, жұмыс істеп жүрген азаматтар қатыса алмайды. Себебі АҚШ-та  мигрант­тарды көбейтпеу үшін бағдарламаға өз еліне оралып, оқуын жалғастыратын студенттер ғана қабылданады екен. Бүгінде жастардың Work and Travel бағдар­ламасына қатысуға, Американы көруге көмектесіп жүрген көптеген арнайы агенттік жұмыс істейді. Олар белгілі бір шарттар бойынша аккре­дит­теуден өтеді. Осылардың қатарында он жыл бойы аккредиттеуден сәтті өтіп келе жатқан орта­лық­тың бірінің коорди­наторы Айнұр Қожахметованың пікірін білген едік. 

–  Бізде бағдарламаға дайындау ақы­сы – 3 500$. Бұған  Америкаға бару және қайту билеттері, сондай-ақ басқа да қызметтер кіреді. Демеушімен болатын сұхбат аса қиын емес. Біз осы тұрғыда студентті сұхбатқа дайындаймыз, онда қойылатын жалпы сұрақтар: ата-анаң кім болып жұмыс істейді? Не үшін бара жатсың? Қайда оқисың? Ең негізгісі – елшілікте болатын сұхбат. Демеушімен болатын сұхбатқа қарағанда бұл едәуір қиын десек болады. Одан өт­пей қалған жағдайда студент шетелге бара алмай қалады. Сонымен бірге сту­дент сұхбат­тасу барысында елге орала­тынын, шетел­де қалып қоймайтынын дәлелдеуі керек. Берілген мерзім ішінде елге қайтып, сабағына үлгеруің керек дейді. Өйткені көп жастың шетелде қалып қойып жүргенін жиі байқаймыз. Бағдарламаға жұмсаған ақшасын сол жақта екі еселеп тапқысы келеді, сол се­бептен қалып қо­йып жатады, – деді Ай­нұр Қожахметова. 

Негізінен, қазақстандық студенттер бұл бағдарламаға сабағын тәмамдап, бар­лық емтиханын тапсырып болғаннан кейін қатыса алады. Яғни, жазғы үш ай де­малысында шетелде жұмыс істеп келе­ді.  Ал экономист Бауыржан Ысқақов елі­міздегі кейбір университеттердің ем­ти­хан­­дары тым кеш өтетініне қынжылды. 

– Еліміздегі кейбір университет­терде студенттер  жазғы демалысқа тым кеш шы­ғады. Осыдан барып студенттер бағ­дарламаға қатысатын мерзімінен кеші­гіп, мүмкіндікті жіберіп алады. Сон­дық­тан да заң бойынша осы тұрғыда талап керек деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Work and Travel бағдарламасының ұтымды жағы көп. Студент алпауыт АҚШ мемлекетін көріп, жұмыс істеп,  табыс табады. Экономист Бауыржан Ысқақов­тың пікірінше, бағдарламаның бизнес сала­сын өркендетуге ықпалы зор. 

– Бағдарламаның ұтымды тұстары­ның бірі, студент елге жаңа машықпен, жаңа тәжірибемен оралады. Әсіресе, түр­лі идея­мен кәсіп көздерін ашып жата­тын болса, бұл экономикалық жағынан өте тиімді. Студенттің шетелдегі барлық уақыты бекер өтпейді. Тек қыдырып қой­май, сол жақта жаңа кәсіптердің бастау алуына себеп бола алады. Шетел тәжіри­бесімен біздің ел экономикасына оң әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекет тарапынан студенттерге қолдау қажет. Олардың шетел­де қалып қоймай, алған тәжірибе­лерін елдің даму мақсатына жұмсауына жағдай жасағанымыз жөн, – дейді эко­номист. 

Студент Әйгерім Сұлтанова бағдар­лама­ның артықшылығы көп екенін айта­ды. Ол магистранттарға да шетел асып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенін қа­лай­­­ды.

–  Бұл бағдарламаның артықшылығы көп, өйткені АҚШ-қа барып, ақша тауып қана қоймай, америкалықтардың мәде­ниетін танисың. Адамдар Америкада ашық-жарқын, көмекке дайын. Бағдар­ламаның кемшілігі ретінде оған тек бака­лавриат студенттерінің қатысуын айтуға болады. Мысалы, магистранттар тап­сырса, олардың аз ғана бөлігі виза алады, – дейді Әйгерім.  

Студент жастардың бағдарламаға қызығушылық танытуының ең негізгі себебі шетел көріп, әлем аралауға мүмкіндік берілуінде болса керек.  Біздің бұл ойымызбен Work and Travel  арқылы шетелге барып келген студент Нұрдәулет Бай­сейітов те келіседі.

–  Бала кезімнен шетелді көруді армандайтынмын. Work and Travel бағ­дар­ламасы туралы алғаш рет 1-курста оқып жүргенде естідім. Жоғары курстағы студенттердің әңгімесін естіген соң бала кездегі  үмітім қайта оянды. Солай 2-курс басында арнайы орталықтан шетелге саясаттап, жұмыс істеудің жай-жапсарын сұрастыра бастадым. Сәті түсіп Нью-Йорк қаласына аттандым. Шетелдегі алғашқы жұмысым даяшы (waiter) кө­мек­шісі бол­ды, – деді ол.  

Work and Travel бағдарламасына қаты­сатын жастардың саны жыл сайын артып жатыр. Бәрінің де көздеген мақсаты бір. Кинодағыдай Американың қайнаған тұрмыс-тіршілігін көргісі келеді.  

–  Бағдарлама бағасы, әрине қымбат. Бірақ Америкаға барып одан да артық тауып қана қоймай, онда саяхаттайсыз. Жаңа ортамен танысасыз. Мүмкін болса, тағы да бірнеше рет барушы едім, – дейді Әйгерім Сұлтанова.

 Work and Travel бағдарламасы арқылы көп жас Американы көріп қана қой­май, алып елдің мәдениетімен, тәжіри­бесімен танысып келеді. Сөйте тұра, барлық сту­денттің шетелден оралуына нақты кепіл­дік жоқ. Бұл да жауапты­лардың назарға алуы керек мәселе.  

Жанель ҚҰТТЫБАЙ