Кеңес мүшелері алдымен Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясына барды. Бір ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасында 1 073 оқушы білім алады екен. 1-11-сыныптар бойынша 472 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектеп асханасы тап-таза, барлық талапқа сай жабдықталыпты. Кеңес мүшелері мектеп асханасының жұмысы мен тағамдарының сапасын жоғары бағалады.
Алайда қаланың қақ ортасындағы оқушысы көп №80 ІТ мектеп-лицейіндегі жағдай көңіл көншітпеді. Директор Баян Әбдішүкірова мұнда 1780 баланың ыстық тамақпен қамтылғанын айтты. Оның 1 178-і – бастауыш сынып оқушылары. Аймақтық кеңестің төрағасы Есенбек Серкебаев мектеп асханасының 120 орынға арналғанын, қосымша бастауыш сыныптар оқытылатын ғимараттағы асхана 48 орынға лайықталғанын атап өтті. Балаларды ыстық тамақпен жеке кәсіпкер Сәуле Жолтаева қамтиды екен. Асхананың ауасы тар, қолаңса иіс бар. Желдеткіш жұмыс істемейді. Балалар тамақтанатын үстелдер мен орындықтар талапқа сай емес. Тазалық сақталмағандықтан еденде тарақандар өріп жүр.
Сондай-ақ кеңес мүшелері №139 мектептің асханасында болды. Сыйымдылығы 70 оқушыға арналған асханада 307 бала ыстық тамақ ішеді екен. 23-і аз қамтылған, 60-ы – көпбалалы отбасылар санатындағы балалар. «Алдын ала ескертілгеніне қарамастан мектеп асханасын жалға алушы кәсіпкер орнында болмады. Сондай-ақ тез бұзылатын тағамдардың ашық күйінде тұрғанын байқадық. Асханада энергетикалық сусындар мен қатар хот-дог да сатылып жатыр екен», – дейді аймақтық кеңес төрағасы Есенбек Серкебаев.
Кеңес мүшелері тарапынан №80 ІТ мектеп-лицейі мен №139 мектеп басшылығына бір айдың ішінде аталған кемшіліктерді жойып, ретке келтіру бойынша бірқатар сын-ескертпе мен ұсыныс айтылған.
Одан кейінгі мониторинг жұмыстары қала балабақшаларында жалғасын тапты. Аймақтық кеңес мүшелері Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты №34 «Ақ желкен», №100 «Тоқжан» және №27 балабақшалардың асханасына жүргізген бақылау-мониторинг барысында ет, сүт, айран өнімдерін сақтауда санитарлық ережелердің, тиісті талаптардың сақталмайтынына көз жеткізген. Мониторниг жүргізушілер балабақша асханаларының жағдайы бірқалыпты екенін айтады. Дегенмен кейбір кемшіліктің түзелуі аймақтық кеңестің назарында болатыны мекеме басшыларына ескертілген. Мұндай кемшіліктерді жуық арада ретке келтіру бойынша сын-ескертпелер де берілген екен.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы