«AMANAT»: Интернетті 2027 жылы іске қосса, ауылдарда ешкім қалмайды

Шалғай ауылдарда интернет жоқ.

Шығыс Қазақстан облысындағы «AMANAT» партиясының мүшелері шалғайдағы елді мекендерді интернетке қосу жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін байланыс операторларынан лицензияларын қайтарып алу жөнінде бастама көтерді.

 

«Мобайл Сервис телеком», «Картел» және «Восток телеком» компаниялары «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» бағдарламасы бойынша өңірдің 220 ауылын интернетке қосуға тиіс болатын. «AMANAT» партиясы мүшелерінің арнайы комиссиясы бірқатар ауылды аралап, интернет қосылған ауылдардың саны 100-ге де жетпейтінін анықтады.

«Қазір өмірімізді интернетсіз елестетудің өзі қиын. Ауылдардың жойылып кетуінің бір себебі – осы. Бұл жерлерден, әсіресе шекара маңындағы ауылдардан адамдар кетіп жатыр. Оператор компаниялар 2027 жылға қарай барлығы қосылады дейді. Оған дейін бұл елді мекендерде ешкім қалмайды. Барлығының балалары бар, оларға сапалы, лайықты білім беру керек. Ал интернетсіз қалай оқуға болады? Ісіне немқұрайды қарайтын байланыс операторларынан лицензияларды қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының  мүшесі Айтқазы Шерубаев.

 

Өз кезегінде ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының м.а. Гүлназ Ахметова жыл соңына дейін Зайсан ауданының 8 елді мекені мен Тарбағатай ауданының 6 ауылы интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты.

Бұдан соң партиялықтар шамамен 40 жылдан бері жөндеу көрмеген Зайсан ауданындағы «Үйдене» және Тарбағатай ауданындағы «Қандысу» бөгеттеріне күрделі жөндеу жүргізу мәселесін талқылады. 

«Біздің партиямыздың араласуынан кейін «Үйдене» бөгеті үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды. «Қандысуды» жөндеу жұмысы да филиалдың ерекше бақылауында. Осы жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылайтын боламыз»,  деді партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.

Айта кетейік, гидротехникалық құрылыстарды, магистральдық арналарды жөндеу және суару жүйелерін қайта жаңарту мәселесі «AMANAT» партиясының облыстық сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты.

Фото: vperedgazeta.ru