Күйеуі қайтыс болған әйел шиеттей бала-шағамен жесір қалған.
Ақмола облысында депутат көпбалалы анаға көмек көрсетті
1,921
оқылды

Қиналғанға демеу, жабыққанға медеу болу – адамгершілік. Әсіресе, өмірдің қиын жағдайына тап болған жандардың жанынан табылып, қолдан келгенше көмек көрсету – игілікті іс. Міне, күні кеше Ақмола облыстық мәслихатындағы «AMANAT» фракциясының депутаты Руслан Шамкенов «Бақытты отбасы» жобасы аясында баспанасынан айырылған көпбалалы анаға қол ұшын созып, көмек көрсетті.

Қоянды ауылының тұрғыны Айгүл Оспанова отағасынан айырылып, қара жамылып отырғаны аздай, енді шаңырағы отқа оранып, қайғысына қайғы қосылған еді. Амалы құрыған азаматша әлеуметтік желіде көпке үндеу тастап, халықтан көмек сұрады.

 

Бұған дейін отбасы үй жанынан жаңа баспананың құрылысын бастаған еді. Алайда күйеуі қайтыс болған соң, шиеттей бала-шағамен жалғыз қалған көпбалалы ананың құрылысты аяқтауға шамасы келмеді. Осы оқиғадан құлағдар болған халық қалаулысы Gentlemеns Club қайырымдылық қорын бастап келіп, 3  млн теңге сомасында көмек көрсетті. Яғни, 2 млн 700 мың теңгеге құрылыс заттарын жеткізіп берсе, қалған 300 мың теңгені отбасының керек-жарағына деп жеке тапсырды.

«Біздің қайырымдылық қор үшін ең басты критерий – мұқтаж отбасында кемі бес бала болуы керек. Ондай отбасыларға ай сайын көмек көрсетуге тырысамыз. Қор қаражатына азық-түліктен бастап, баспана алып беруге дейін көмек көрсетіледі», – деді депутат. 

 

Бұл – қасына өзіндей кәсіпкер, атымтай жомарт азаматтарды топтастыра білген халық қалаулысының жалғыз жақсылығы емес. Ол бұған дейін де мұқтаж отбасыларға 12 баспана алып берген еді. Бұған қоса, өзінің сайлау округінің тұрғындарына тосынсый жасап, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылының «Сарыарқа» көшесіндегі аллеяға балаларға арналған ойын алаңын орнатып берді. Онда заманауи әткеншек те, сырғанақ та, карусель де, футбол алаңы да бар. Ең бастысы, балақайлар дән риза.

«Балаларға осындай ойын алаңынан орнатып беру көптен бері көкейімде жүрген мақсат еді. Ақыры, жазғы демалыс басталар алдында сол мақсатыма жеттім. Елорда іргесіндегі елді мекенде балалар саны күн санап көбейіп келеді. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны. «Қуантсаң баланы қуант дейді» халқымыз. Бәрі де балалар үшін», – деді халық қалаулысы.