Бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Мәулен Әшімбаев: Бұл күн Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін қажет
1,248
оқылды

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тағы парақшасында жазды. 

Бұл – тарихтан тағылым алатын және бабалар рухына тағзым ететін маңызды дата.

Шын мәнінде, халқымыздың басынан өткен қасіретті кезеңдерді ұлт жадынан өшірмеу айрықша мәнге ие. Сол арқылы тарихи санамызды жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді нығайтамыз. Бұл күн Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін де аса қажет.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің тапсырмасы бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Жүйелі жұмыстың арқасында бұрын құпия болып келген көптеген архив материалына қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл ретте Сенаттың қолдауымен жарық көрген алапат Ашаршылыққа қатысты жеті томдық құжаттар жинағын да атап өткен жөн.

Бүгін Мемлекет басшысы ақтаңдақ жылдарға қатысты тарихи зерттеулерді жалғастырудың маңызды екенін айтып: «Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет», – деді.

Өткен аптада осы атаулы күнге орай «ҚарЛаг» музейіне арнайы барып, жазықсыз жала жабылғандардың рухына тағзым еткен едік. Ұлт үшін өмірін құрбан еткен арыстарымыздың есімдерін ұлықтау, қате саясаттың салдарынан опат болғандардың соңынан дұға бағыштау – баршамыздың перзенттік және азаматтық борышымыз. Сол себепті, бүгінгі буын мен келер ұрпақ үшін бұл күннің мәні терең, маңызы зор болып қала берері сөзсіз.

Енді ешқашан Қазақ даласында мұндай қасірет болмасын. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!