Қабылданған заң жобасы елдегі азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беруге бағытталған.
Енді 50 мың адам петицияға қол қойса, мәселені мемлекеттік органға қарау міндеттелетін болады
6,411
оқылды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның бүгінгі отырысында қабылданған «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасына қатысты мәлімдеме жасады.

Айтуынша, қабылданған заң жобасы елдегі азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беруге бағытталған.

«Бүгін біз «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасын қабылдадық. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Талқылау кезінде Үкіметтен келген Заң жобасы бірқатар өзгеріске ұшырады. Ең бастысы халықтың талап-тілегіне толық сай келеді деп бүгін айта аламыз. Өңірлерде жұртшылық айтқан ұсыныстың барлығы қамтылды. Атап айтқанда, бірінші кезекте тұрғындарды әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Экологиялық ахуал да аймақтағы ағайынның басты назарында. Бұдан бөлек мемлекеттік органдармен бірге квазимемлекеттік ұйымдардың қызметін қадағалауға мүмкіндік туып отыр. Заң жобасына петициялар институты да енгізілді. Енді 50 мың адам петицияға қол қойса, мәселені мемлекеттік органға қарау міндеттелетін болады. Міне осылардың барлығы мемлекеттік заңға енгізіліп отыр. Біз сөзбен айтқанда біз ауқымды жұмысты атқардық. Бұл заң жобасы Президенттің реформаларымен толық үндесіп отыр. Реформалардың принципі елдегі азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге еркін араласуына тең мүмкіндік беру», – деді Мәжіліс спикері.