Шығыс Қазақстан облы­сындағы «AMANAT» партия­сының мүшелері шалғайдағы елді мекендерді интернетке қосу жөніндегі міндет­те­мелерді орындамағаны үшін байланыс опера­тор­ларынан лицензияларын қайтарып алуға жөнінде бастама кө­терді.
Байланыс операторларын жазалау керек
833
оқылды

«Мобайл Сервис телеком», «Картел» және «Восток телеком» компаниялары «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» бағдар­ламасы бойынша өңірдің 220 ауылын ғаламторға қосуға тиіс болатын. «AMANAT» партиясы мүшелерінің арнайы комиссиясы бірқатар ауылды аралап, ин­тернет қосылған ауылдардың саны 100-ге де жетпейтінін анықтады.

«Қазір өмірімізді интернетсіз елестетудің өзі қиын. Ауылдар­дың жойылып кетуінің бір себебі де осы. Бұл жерлерден, әсіресе шекара маңындағы ауылдардан адамдар кетіп жатыр. Оператор компаниялар 2027 жылға қарай барлығы қосылады дейді. Оған дейін бұл елді мекендерде ешкім қалмайды. Барлығының бала­лары бар, оларға сапалы, лайық­ты білім беру керек. Ал интер­нетсіз қалай оқуға болады? Ісіне немқұрайды қарайтын байланыс операторларынан лицен­зия­ларды қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді пар­тияның Шығыс Қазақстан об­лыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Сейтқазы Шерубаев.

Өз кезегінде облыстық Цифр­ландыру және архивтер басқар­масы басшысының міндетін атқарушы Гүлназ Ахметова жыл соңына дейін Зайсан ауданының 8 елді мекені мен Тарбағатай ауданының 6 ауылы интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты. Бұдан соң партиялықтар ша­мамен 40 жылдан бері жөндеу көрмеген Зайсан ауданындағы «Үйдене» және Тарбағатай ауда­нындағы «Қандысу» бөгеттеріне күрделі жөндеу жүргізу мәселесін талқылады. 

«Біздің партиямыздың арала­суынан кейін «Үйдене» бөгеті үшін жобалау-сметалық құжат­таманы әзірлеу басталды. «Қан­дысуды» жөндеу жұмысы да фи­лиалдың ерекше бақылауында. Осы жұмыс­тың сапалы әрі уақ­тылы орын­далуын бақылайтын боламыз», – деді партияның Шығыс Қазақстан облыстық фи­лиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.

Айта кетейік, гидротехника­лық құрылыстарды, магистрал­дық арналарды жөндеу және суару жүйелерін қайта жаңарту мәселесі «AMANAT» партия­сының облыстық сайлауалды бағдарламасында көрініс тапты.

Нұрлан ҚОСАЙ