Astana Opera театрында «Етік киген мысық» опера-ертегісінің премьерасы өтпек. Аталмыш спектакль театрдың балалар күніне тартуы болмақ.
«Етік киген мысықты» сахналайды
1,139
оқылды

«Балалардың қойылымдары әрқашан ерекше. Опера жан­рын­дағы бұл ертегінің музыкасын орыс композиторы Цезарь Кюи жазды. 1912 жылы жазылған бұл операның 100 жылдан астам тарихы бар. Ал театр сахнасында ол ең алғаш рет 1913 жылы Италияның Рим қала­сында қойылды. Негізі, ересектерге қарағанда балаларға арналған спектакльді қою қиынырақ. Себебі түрлі анимацияға толы фильмдерді көретін балаларды таңғалдыру өте қиын. Сондықтан біз  видеопроек­циялар арқылы сондай атмосфера қалыптастыруға тырыстық», – дейді спектакль режиссері Еренбақ Той­кенов.

Осы спектакльде мысықтың рө­лін классикалық операда өнер көр­сететін актер Артур Габдиев сом­дайды.

«Біз дәстүрлі классикалық опера­да өнер көрсетіп машықтанып қалғанбыз. Операда ересек көрер­мен сенің кім екеніңді, қайда еке­ніңді біледі, тіпті кейде қошеметімен көмектесіп те жібереді. Ал бұл спек­такль балаларға арналған. Бала­лардың назарын аулау оңай емес. Сондықтан осы қойылымға қатты дайындалдым», – дейді актер.

Ал қойылымдағы Ханшайым рөлі театр актрисасы Жәмила Жар­қынбаеваға бұйырыпты.

«Қатты қобалжығаным рас. Се­бе­бі балалар киімге де, гримге де, әрбір детальға да мұқият қарайды. Алайда өз рөліңді шеберлікпен сом­дап, басты көрермен – балалардың риясыз ықыласын алғаныңда, со­лар­дың қошеметіне бөленгенде, еңбегіңнің ақталғанын түсінесің», – дейді ол.

Аяжан ИСИНА,

ЕҰУ студенті