Той иесі ретінде қонақтарыңыздың мейрамханаға бала ертіп келгенін қаламайсыз ба? Ендеше бұл өтінішіңізді тойға шақыру билетінде атап өтсеңіз болады екен. Осылай жасаған Индира Тыржанованың жақында TikTok желісінде жариялаған бейнеролигін көпшілік қызу талқылап жатыр. Бір кісілер мұның орынды екенін айтып, қолдау білдірсе, енді бірі мұндай ескертуді дискриминацияға теңеген.
Баласыз той – алаңсыз той ма?
1,038
оқылды

«Кішкентай» қонаққа да комфорт керек

Видео авторы балаларды жақсы көретінін, алайда қонақтар тойда алаңсыз көңіл көтере алғанын қалайтынын айтады. 

«Қонақтардың өзі де демал­ғысы келетін шығар. Ол үшін баланы үйде қалдырған дұрыс. Әрине, менің тойыма кейбір қо­нақтардың бәрібір бала ертіп ке­летінін білемін, бірақ туысқан­дарымның көпшілігі ойланып, іс-шара форматы басқаша екенін түсінер. Ата-анам да менің бұл шешімімді қолдады, олар да той­да топ баланың жүргенін қала­май­ды. Бұл, әлбетте, менің өз туыс­тарымды жақсы көрмей­ті­німді білдірмейді», – дейді желі қол­данушысы Индира Тыр­жанова. 

Жалпы, тойға бала ертіп ке­луге қатысты пікірталас тойлар жаппай мейрамханада өте бас­тағалы бері өзекті. Мұның бір себебі – мейрамханадағы әрбір орынның ақылы екенімен байла­нысты болса, енді бір себебі – ойын қуып жүретін балалар той­хана қызметкерлеріне кедергі келтіруі мүмкін, сол себепті кейде тойхана әкімшілігінің өзі соған мүдделі болады. Мәселен, Қы­зылорда облысындағы ауыл­дардың бірінде мейрамхана есі­гіне тойға бала ертіп келуі тыйым салынатыны туралы хабар­лан­дыруды көзіміз шалған (суретте). Әрі хабарландыруда тойхана әкімшілігі ескертуді елемеген­дерге айыппұл да қарастырылған айтқан. Әйтсе де, балалы қонақ­тардың айыппұл төлеген-төле­мегенін белгісіз. Бірақ осы жазу­дың өзі біраз ата-ананы ойлан­дырған болуы ықтимал. 

Астанадағы той ұйымдас­ты­рушы агенттік өкілі Динара Бекболатқызының айтуынша, мейлі үйлену, мейлі мерейтой болсын, сауық кештері кішкен­тайлар баратын орын емес.

«Бала ертіп келген қонақ бә­рібір алаңсыз отыра алмайды. Тост сөйлеуге шыққанда да, тіпті дастарқан басында отырғанда да, баласын тамақтандырумен, ба­ласына көңіл бөлумен, оны ой­натумен, киімін ауыстырумен әуре болады. Ерсілі-қарсылы жү­гіріп жүрген балалар той иеле­рінің де шамына тиетіні өтірік емес. Кім қанша күн бойы да­йындалған қуанышының шырқы бұзылғанын қалайды?! Иә, тү­сінемін, біздің халық балажан. Бес жылдық тәжірибемде бірде-бір баласыз өткен тойды көрмеп­пін. Сондықтан «тойға баласыз келіңдер» дегеннен гөрі балалы қонақтардың комфортына ар­налған жағдай жасау қисындырақ сияқты. Мәселен, былтыр осы Ас­танадағы бір тойда той иелері мейрамханадағы бөлек бөлмені балаларға арнап жалдады. Ар­найы аниматор мен бала күту­шісін шақырып, балаларға бөлек ас мәзірін дайындады. Әрине, мұндай жағдай жасау үшін қо­сымша шығындануға тура келеді. Бірақ есесіне той иелері де, қонақтар да алаңсыз жүрді», – дейді агенттік маманы.

Сауықшыл сәби көпшіл ме?

Аталмыш мәселеге қатысты психологтердің да айтары бар. Кейбір маманның пікірінше, той-томалақтар – балада өзінің кім екені туралы идентифика­ция­сының қалыптасуына ықпал ететін алаң. 

«Тойға бару, жақындарын іздеу, жағдай сұрасу деген дү­ниелер біздің менталитетте бар. Жалпы, қазақ тойларының бір­ден-бір мақсаты – туыстармен бас қосу, қуанышыңды бөлісу, осылайша туыстар арасындағы өз маңызыңды сезіну. Ал мұндай ортаға кішкентайынан көзі үйренген балада да өзінің қазақ екені жайлы идентификация жақсырақ қалыптасады. Тойға жиі баратын бала мен сыртқа көп шықпаған баланы салыс­тырса­ңыз, айырмашылықты кәдімгідей байқайсыз. Тойға жиі бару бала­ның коммуникациялық дағды­ларының жетілуіне, әлеумет­те­нуіне де оң әсер етеді», – дейді пси­хоанализ бағытындағы бала­лар психотерапевті Әсем Ілесбай. 

Дегенмен маман баланың жас ерекшелігін де ескеру керегін ай­тады: үш жасқа дейін бала көбіне анасының ықыласына ғана мұқ­таж, сондықтан тойға үш жастан асқан балаларды ғана апарған дұрысырақ. 

Ал енді бір балалар психологі Әйгерім Құлмаханбет тойға бала ертіп апарарда ата-ана өзіне жауапкершілік алуы тиіс екенін айтады.

«Бала үшін үйдегі ата-ананың үйреншікті образы бар. Егер той­да ата-ана ішімдік ішіп, я бол­маса көңіл көтеру барысында басқа да ерсі қылықтар жасаса, онда бала өз ата-анасын өзіне бейтаныс мүлдем жаңа күйде көруі мүмкін. Бұл, әрине, оның психикасына кері әсер етеді дер едім. Сон­дықтан тойға бала ертіп баратын ата-ана, ең әуелі, өзінің әре­кет­те­ріне жауап бере алуы керек», – дейді маман.

Тойхана тәрбие алаңы емес

Той балалардың көпшіл бо­лып өсуіне, қазақы мінезінің қалыптасуына ықпал ете ме – бұл турасында алдыңғы буын өкіл­дерінің де пікірін білдік. Ақын Ақұштап Бақтыгереева бүгінгі тойлардан балалар алатын тәр­биелік дүние жоғын айтып, қынжылысын білдірді.

«Менен сұрасаңыз, баланы тойға емес, театрға ертіп апары­ңыз деген болар едім. Қазіргі той­да жас бала тәрбие алатындай көп нәрсе жоқ. Даңғаза айқайдан үлкендердің өзі құлағы жары­лардай күй кешіп, бір-бірімен сөйлесе алмай, ешкім ешкімнің сөзін естімей, шаршап тарайды. Сәби бүгінгі даңғаза тойдан не көреді? Келіннің әдепсіз биін, жастармен жағаласып ортада жүрген әженің дарақы қимылын, үлкендердің мәнсіз-мағынасыз ойындарын, ішімдікке сылқия тойып алып, жағаға жармасатын аға-көкелерді көреді. Бұл жерден ұлттық ештеңе үйренбейді. Оның үстіне, кейде біреулер кішкентай қызын, ұлын ән салушы еді деп ортаға шығарады, қонақтар оған ақша береді. Бұл да онша бір ұла­ғатты тәрбиенің жөні емес. Өз басым ешқашан тойға бала апа­рып көрген жоқпын. Театрға ертіп барамын», – дейді қоғам қайраткері. 

Бұл пікірмен көпбалалы ана Салтанат Елікбек те келіседі. 

«Лажы болса, балаларымды тойға ерітпеуге тырысамын. Той­да балалар түгілі үлкендер көруге ұялатын небір масқаралар болып жатыр. Баланы апаратын басқа да орын көп. Тұсаукесер, шілдехана немесе туыстарымның балала­рының туған күні деген сияқты жиын-тойлардың өзі жетеді», – дейді ол. 

Расында, тойдан басқа да бала көруі тиіс нәрсе көп. Ал тойға... әлі талай рет барып үлгереді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Әсел БАЛТАҚЫЗЫ (коллаж)