Бүгінде бизнестің әлеуметтік жобаларды қолдауы қоғамда тренд­ке айналып келе жатқаны қуантады. «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы да осындай әлеуметтік жобаларға ұдайы көңіл бөліп келеді. Соның ішін­де олар үшін басты басымдық – жастарды қолдау.
«Сәтті Жұлдыз»: Ауыл баласының серігі – спорт
1,164
оқылды

Лотерея тарихына көз жүгіртсек, сонау XV ғасырдың өзінде-ақ алғашқы лотерея билеттерін сатудан түскен қаржы жарлы-жақыбайларды қолдауға бағытталғанын көруге болады. Ал кейінірек, тіпті Еуропада лотерея өткізудің арқасында порт ғимараттары, сағат мұнаралары мен су арналары салына бастаған. Одан бөлек, лотерея жүйесі дами түскен сайын оның қағидалары мен идеялары аясында түскен ақшаның бір бөлігін спортты дамытуға жұмсау дәстүрі қалыптасты. Бұл дәстүр «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясында айшықты көрініс тапты. Тіпті, осынау ұтыс ойынын құрудағы бір мақсат – қазақстандықтарға жоғары жүлде қоры мен қомақты ақшалай ұтыстары бар халықаралық деңгейдегі лотерея өнімдерін ұсыну үшін ғана емес, ел бюджетінің ақшасын пайдаланбай, спортты дамытуға көмектесу болды деп айтуға болады. Қалай дегенде де лотереядан түскен табыстың бір бөлігі спорт саласына салынатыны анық.

Сондай-ақ «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы әлеуметтік маңызы бар жоба­ларға, соның ішінде ауылдық жерлердегі жобаларға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, компания әлемдік рекордшы, қазақ палуандарының күш өнері дәстүрін жалғастырушы Сергей Цырульниковтің бастамасымен қолға алынған «100 ауыл» жобасын қаржыландырып жатыр. Бұл жоба ауыл жастарымен тәрбие жұмысын жүргізіп, балаларды қазақ спортының тарихымен таныстырады. Спорт пен са­ламатты өмір салтын дамытуға бағыт­талған. Сонымен қатар бастама аясында шеберлік сабақтары, ашық тренингтер мен мотивациялық кездесулер өткізіліп тұрады. Осы бағдарламаның арқасында 100-ден астам ауыл мектебі спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жалпы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30 мыңнан астам бала қамтылды. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сес­сия­сында сөйлеген сөзінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеу­меттік жобаларды жүзеге асырудың маңыз­­дылығын атап өткен болатын. «Біздің чемпион Сергей Цырульников бірде-бір бюджет қаражатынсыз «100 ауыл» жобасын өз күшімен бастап, 100-ден астам ауыл мектебін спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті», – деді Президент.

«Сәтті Жұлдыз» ерекше назар аударып отырған спортты қолдауға бағытталған тағы бір әлеуметтік жоба – «Сұлу – бақыт­ты балалық шақ аумағы» жобасы. Компа­ния оны Қазақстанның эстетикалық топ­тық гимнастика федерациясымен бірлесе жүзеге асырды. Бұл бастама ауы­лдан келген қыздарға гимнастикамен айна­лысуға мүмкіндік берді. Қосымша педагогикалық оқудан өткен кәсіпқой жаттықтырушылар өз шәкірттерінің ден­саулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойында жастайынан мінез-құлық, сенімділік пен тәртіп қалыптастыруда.

Сонымен қатар «Сәтті Жұлдыз» серік­тестігі қолдау көрсеткен тағы бір маңызды бағыт, ол – шахмат. Бүгінде қазақстандық шахматшылардың халықаралық аренадағы жетістігін бүкіл әлем тамашалап отыр. Осынау интеллектуалдық ойынға құмар қазақстандық жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Мәселен, Қазақстан­дағы тұңғыш әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның кубогын сарапқа салған кішкентай шахматшылар арасында биыл сәуір айында өткен балалар турниріне «Сәтті Жұлдыз» компаниясы қолдау көрсетті. Қатысушылар өздерінің қарым-қабілеттерін паш етіп қана қоймай, әлем­нің көрнекті шахматшылары – Хоу Йи­фан, Хайк Мартиросян, Владимир Крам­ник, Борис Гельфанд, Винсент Кеймер және тағы басқалармен танысуға мүм­кіндік алды.

Тағы да айта кетер бір жайт, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы 2022 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандық спортты дамытуға 3 785 314 768 теңге, ал компания жұмыс істеген барлық кезеңде 7 088 426 767 теңге бөлген. Сондай-ақ биылдан бастап «Сәтті Жұлдыз» түскен қаражат пен жүлде қоры арасындағы айыр­ма­шылықтың кемінде 10 пайызын заң бойынша «Қазақстан халқына» қоғам­дық қорына аударып отыруы тиіс. Норма 2023 жылы ғана күшіне енгенімен, компа­ния 2022 жылы бұл қорға ерікті түрде 101 миллион теңге аударған. Ал 2023 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша «Сәтті Жұлдыз» «Қазақстан халқына» қо­рына 1 млрд теңге аударды.

Өкінішке қарай, елімізде көптеген азаматтар құмар ойындарына тәуелді бола түсуде. Бұл – адамның қаржылық жағда­йын ғана емес, оның өзінің де, отбасының да менталды денсаулығын да нашарлататын теріс әдет. Шындығына келгенде, бұл мәселе қоғамда өзекті бола түсуде. Ел бо­ла­шағына қауіп төндіретін күрделі әлеу­меттік мәселеге айналып барады. Сондық­тан да қазақстандықтар арасында құмар ойындарға тәуелділік қаупін барынша азайту мақсатында «Сәтті Жұлдыз» компа­ниясы тегін семинарлар мен «Жаңа өмір» лекцияларын ұйымдас­тырып келеді. Оның аясында мамандар ойыншылар мен олардың отбасы мүшелеріне құмар ойынын ойнау ақша табудың жолы емес екенін, керісінше, тәуелділікке алып келетін қауіпті құбылыс екенін түсіндіріп жатыр. Мұндай кездесу­лер құмар ойын­дарға тәуелділікпен күре­суге және ондай адамдардың санын азай­туға көмектеседі. Ал мұндай проблемаға тап болғандарға кәсіби мамандар құмар ойындарға тәуел­діліксіз жаңа өмір бастауға көмектесуге тырысады.

Нұрлан ҚОСАЙ