Мөлдір Базарбай: Әр аспапқа деген махаббатым ерекше

Ол қос жанары көрмесе де, тағдырынан түңілген жоқ. Он екі мүшесі сау адамдарға қарағанда, өмірге асқан сүйіспеншілікпен қарайды. Жақында «Қазақстан дауысы. Ба­­лалар» жобасына қа­тысқан Мөлдір Ба­зар­байды халық қайсар қыз ретінде таны­ды.

Көп­шілігі Мөлдірді ресейлік танымал әнші Диана Гурцкаяға ұқсатты. Біз жас ән­шінің өзіне хабарласып, өмірлік ұстанымы мен өнердегі ізденістері жайлы әңгімелестік.

– Әнге деген құлшынысыңыз қалай пайда болды? Бұл өнер сіздің бойыңызға кімнен дарыған? 

– Жалпы, әнге деген құлшынысым бала кезімнен бар. Еліміздің эстрада жұлдыздарын тыңдап, әндерін айтып жүрдім, сол кезден бастап өнерге деген ықыласым ашыла бас­тады. Ал бұл қа­сиет менің бойыма ана сүтімен дарыған. Анам жас кезінде гитарада, домбы­рада ойнап, ән салған. Нағашыларым да музыкаға жақын жандар. 

– «Қазақстан дауысы» жобасына барған кезде тәлімгерлерді қарата ала­мын деп ой­ладыңыз ба? Қазіргі дайын­дығыңыз қандай?

– Қазақстан дауысына барған кезде өз-өзіме, әніме сенімді болдым. Қарата аламын деген ой болды. Қобалжу сезімі болған жоқ, бірақ әртүрлі ситуацияға дайын болдым. Ал қазіргі дайындығым өте жоғары деңгейде. 

–Бұған дейін берген сұхбаттарыңызда «Көзімнің көрмеуі өмірден түңілетіндей жағдай емес. Маған қарап басқалардың мотивация алғанын қалаймын» дедіңіз. Ал өзіңіз моти­вацияны қайдан аласыз?

– Мен интернет желісінен өзімнің сүйікті әншілерімнің, кумирлерімнің сұхбаттарын тыңдағанды ұнатамын. Олардың еңбегіне, осы жетістіктерге қалай жеткеніне, жасаған жұмысына қарап қызығамын. Яғни, осыдан ой түйіп, мотивация аламын. 

– Сонда сіздің кумиріңіз кім?

– Менің кумирім Димаш Құдай­берген, Рухия Байдүкенова және Мар­хаба Сәби. Маған олардың вокалдық техникалары мен әнді жеткізіп орын­дайтын қабілеттері ұнайды. 

– Жетіген, фортепиано, домбыра, саз­сырнай аспаптарында еркін ойнай­тыны­ңыз­ды білеміз. Барлығын бірге алып жүру қиын емес пе?

– Жоқ, барлығын бірге алып жүру қиын емес. Өйткені әр аспапқа деген ма­хаббатым ерекше. Мен үшін әр ас­паптың орны бөлек. Керісінше, әртүрлі аспапта ойнау арқылы өзімді дамы­тамын. Әрі сол арқылы демала­мын, рақаттанамын. 

– Көру қабілеті нашар балаларға арналған мектепте оқисыз. Ол жақта қандай жағдай жасалған?

–Бұл көру қабілеті нашар балаларға ғана арналған мектеп болғандықтан, бізді «Брайль» әліппесімен оқытады. Ол арнайы нүктелермен жазылған кітаптар. Сонымен қатар мектеп-интернатта бар­лық жағдай қарастырылған. Жататын жері, тамағы тегін және сабаққа көмек­тесетін тәрбиешілер де бар. 

– Бос уақытыңызда немен айна­лысасыз?

– Бос уақытымда қолөнермен айна­лыс­қанды жақсы көремін. Фильм­дерді тыңдай­мын, ағылшын тілін үйренемін.

– Қандай кітаптар оқисыз? 

– Әдеби және тарихи тақырыптағы кітаптарды оқимын. Сүйікті жазушым – Абай Құнанбаев. 

– Арманыңыз қандай? Келешекте өнер жолын таңдайсыз ба?

– Иә, келешекте өнер жолын таңдаймын. Қазақты әлемге таныта­тын, еліміздің атын одан әрі асқақ­тататын әнші болсам деп ар­мандаймын. Сондай-ақ сүйікті әншілеріммен бірге ән айтқым келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Балжан ЖАНИ,

ЕҰУ студенті