Жамбыл облысы – аграрлық аймақ. Сондықтан өңірде асыраушы салаға деген көңіл басым. Әсіресе, инвестициялық жобалар жылда жанданып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр. Оған дәлел, 2023-2027 жылдарға арналған жоба шеңберінде құны 150 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 363 жұмыс орны құрылмақ.
Асыраушы сала алшаң басады
784
оқылды

Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы бас­қармасы берген ақпарға сүйенсек, 2022 жылы жалпы құны 9 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылған. Нәтижесінде, 183 жұмыс орны ашылып отыр. Атап айтқанда, Жуалы ауданында 3 жоба жүзеге асты. 

–  Олардың алғашқысы – «Жамбыл Агромилк» ауыл шаруашылығы кооперативінің сүтті қайта өңдеу цехы. Жоба құны 70 миллион теңге болса, 17 жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, «Жуалы 2020» ауыл шаруашылығы кооперативінің де сүтті қайта өңдеу цехы жұмысын бастады. 30 миллион теңгеге ашылған цехта қазір 8 адам жұмыс істеп жатыр. «Бағдат» шаруа қожалығының балық шаруашылығы жобасы да 30 миллион теңгеге жобаланып, жаңа 8 жұмыс орнын құрды. 

Қордай ауданы да инвестиция игілігін көріп отыр. Мәселен, «Мухамбет» шаруа қожалығы құс шаруа­шылығы жобасын 22 миллион теңгеге іске асырса, онда бүгінде 10 адам жұмыс істеп жатыр, – дейді Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Нұрби Жігітеков.

Меркі ауданында да ілкімді істер бар. Мұнда төрт инвестициялық жоба бағдарын тауып, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС 100 миллион теңгеге өнім қуаттылығын арттырып, тағы кеңейді. Жаңадан 15 жұмыс орны ашылды. 

Ал «Ар-Ас» шаруа қожалығы 100 гектар жерді қамтитын жаңбырлатқыш қондырғысын 405 миллион теңгеге іске қосса, Bester Yard ЖШС балық шаруа­шылығы жобасын бастады. «Гулдер» шаруа қожалығы болса, жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салды. Мұнда да жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрғындарға инвестиция игілігі жетуде. 

Тараз қаласында «Тараз» ОРЦ көкөніс сақтау қоймасының I кезеңі 7 миллиард 600 миллион теңгеге іске асырылып, 30 жұмыс орны ашылса, «Дәмді себет» ЖШС кондитерлік өнімдерін ұсына бастады. Жоба құны 320 миллион теңгеге межеленіп, 30 адам екі қолға бір күрек тапты. 

Биылға жоспарланған жобалар аз емес. Нақтырақ айтқанда, жалпы құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 8 жобаны іске асырылады. Нәтижесінде, 168 жаңа жұмыс орны құрылмақ. 

–  Биыл Байзақ ауданында «Әулие-Ата феникс» құс шаруашылығы жобасы 1 миллиард 200 миллион теңгеге іске асырылатын болса, Жуалы ауданында «Ахмет» шаруа қожалығы мен «Мол Даму» ауыл шаруашылығы кооперативі сүт өңдеу бағытындағы жұмысын бастамақ. 

Меркі ауданында «Бахор» шаруа қожалығы балық шаруашылығын қолға алса, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС кеңейту және жаңартудың II кезеңін бастады. 

Шу ауданында «Элнур Адил Групп» ЖШС астық сақтау қоймасы және макарон өнімін өндіру жобасын, «Матышев» ЖК 20 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жобасын жандандырып отыр. 

Т.Рысқұлов ауданында «Шалқар» шаруа қожалығы 1 500 бас мүйізді ірі қара малына арналған бордақылау алаңын 680 миллион теңгеге салып жатыр. 

Аталған жобалар толықтай іске асқанда жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуеті де арта түседі, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Рахметханұлы.

2024 жылғы жоспарға келсек, жалпы құны 68,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыру көзделуде. Байзақ, Жамбыл, Талас және Т.Рысқұлов ауданында жанданатын жобалар 650 жаңа жұмыс орнын құрмақ. 

2025 жылы болса, құны 66,7 млрд теңге болатын 2 жоба іске асырылып, 305 жаңа жұмыс орны ашылады. Олар Байзақ ауданындағы «Караганда Агро Инвест» ЖШС-ның жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жобасы мен Т.Рысқұлов ауданындағы SV Agro, Arno Agro ЖШС-ның интенсивтік бағы бар. 

2026 жылға әзірге құны 272,0 млн теңге болатын Талас ауданындағы «Ақбас» шаруа қожалығының 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жоспарланып отырса, 2027 жылы да 150 млн теңгеге таластық «Табыс» шаруа қожалығы 500 басқа арналған бордақылау алаңының қазығын қақпақ. 

Міне, осылайша бес жылдың бедерінде ауқымды жобалар қолға алынып, асыраушы сала алшаң басқа­лы тұр. Ең бастысы, инвестициялық жобалар мол жемісін беріп, әлеуметтің әлеуеті арта түссін деп ті­лей­міз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы