Биыл Сыр өңірінде 8 210 түлек алтын ұя мектебінен түлеп ұшпақ. Оның ішінде 537 оқушы – «Алтын белгіге» үміт­кер. Ал 915 түлек мектепті «Үздік аттес­татпен» тәмамдауға ниетті.
Өрендерге үлкен үміт артылады
1,000
оқылды

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қыз­ме­тінде өткен брифингте Қызылорда  облысы әкім­дігі Білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл облыста 15 546 оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. Бұл тұрғыда 9-сыныпты бітірушілер үшін қоры­тын­ды аттестациялау 2-13 маусым, ал 11-сынып бітірушілер үшін 5-19 маусым аралығында өтеді. 

«Жалпы, биылғы оқу жылының тың жаңа­лықтары аз емес. Атап өтсем, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дипломдарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Ал мектеп түлектеріне аттестат тапсыру шарасы 20-22 маусымда болады. Ең бастысы, педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, демалыс агенттіктерін, жеке студияларды тарту үшін ата-аналардан қаражат жинауға жол берілмейді. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады. Бұл мақсатта облыстық Білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына тыйым салу жөнінде ескертілді. Ата-аналар мен оқушы­ларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Негізінен, 2022-2023 оқу жылында Қызылорда облысынан 8 мыңнан аса түлек мектепті бітірсе, оның 7421-і Ұлттық бірыңғай тестілеуіне қатыс­пақшы. 

«Жалпы, ҰБТ былтырдан бастап электронды форматқа өткені белгілі.  Биыл айтарлықтай өзге­ріс жоқ. Тек Қазақстан тарихы  және  Оқу сауат­тылығы  пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Қазақстан тарихы бойынша сұрақтар саны – 20. Ол өткен жылы 15 сұрақ болған. Ал оқу сауаттылығы бойынша сұрақтар саны былтыр 20 болса, биыл – 15 сұрақ. Сонымен қатар 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне  Информатика пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даяр­лау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады», – деді басқарма басшысы.

Жаз айларында балалардың демалысын ұйым­дас­тыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргі­зіл­­мек. Бұл тұрғыда аймақта 10 лагерь жұмыс іс­те­се, 7 лагерь мемлекеттік, ал қалған 3-еуі жазғы тынығу лагері. Онда 7 ауысымда 8 890 бала жазғы демалысын өткізетін болады. Сонымен қатар облыс бойынша мектептердің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылып отыр. Онда 98 мыңға жуық оқу­шыны қамту көзделген.  

Басқарма басшысының айтуынша, жазғы тынығу лагерьлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды жіберу қарастырылған. Сол сияқты жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеуші­лігімен 1 326 бала облыстан тыс жердегі лагерьлерде дема­лады. Бұған қоса, Оқу-ағарту министрлігінің «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жасаған 2023 жылғы жаз мезгілінде «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында облысқа 600 орынға квота бөлінген. Осы арқылы 320 оқушы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауық­тыру лагеріне, 280 оқушы басқармаға қарасты Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында демалатын болады. Сонымен қатар  «Жасыл ел» әлеуметтік жобасы аясында 1 871 оқушы мен студенттер мау­сымдық жұмыспен қамтылмақшы.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы

Елдар ҚАБА (коллаж)