Мәулен Әшімбаев Федерацияның жүйелі жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімнің ішінде еліміздің ірі қалаларында үйірме филиалдар ашылғанын айтты.
Астанада паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты басталды
1,162
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев паралимпиадалық боччадан республика чемпионатының ашылу салтанатына қатысты. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған сайысқа еліміздің өңірлерінен мүгедектігі бар 50-ге жуық спортшы келді.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Федерацияның жүйелі жұмысының нәтижесінде қысқа мерзімнің ішінде еліміздің ірі қалаларында үйірме филиалдар ашылғанын айтты.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы турнирге қатысушылар елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосып отырғанын және бұл бағыт Мемлекет басшысының басты назарында екенін атап өтті. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау және әр адам өзін жайлы сезінетін кедергісіз орта құру бағытындағы кешенді жұмыс – ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі.

«Қазіргі таңда елімізде инклюзивті, кедергісіз орта құру үшін барлық жағдай жасалуда. Осы жолда берік институционалды негіз қалыптасып жатыр. Бұл сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі басты назарында. Президентіміздің тапсырмасы бойынша, осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның аясында балалар мен ересектердің сапалы білім мен медициналық қызмет алуына және спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасалып жатыр. Осы орайда инклюзивті спорт түрлерін дамыту тең мүмкіндіктер қоғамын құруға сомды үлесін қосады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері бочча еліміз үшін жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі екеніне назар аударды. Соған қарамастан Қазақстан бочча федерациясы екі жылдың ішінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді.

«Биыл біз ресми түрде Халықаралық федерацияның мүшесі болдық. Бұл біздің спортшыларымыздың ірі халықаралық сайыстарға қатысуына жол ашады. Алдымызда Паралимпиадалық ойындарға қатысу сияқты нақты мақсат-міндеттер тұр. Қазірдің өзінде елімізде боччадан ұлттық құрама жасақталды. Осы чемпионаттың қорытындысы бойынша, бас командамыз жаңа спортшылармен толығады. Осындай креативті және тату командамен бірге болғаным үшін қуаныштымын. Алдағы уақытта да елімізде инклюзивті спорт түрлерін дамыту жолында бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Сенат спортшыларға қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін айтты.

Жалпы, боччадан ел чемпионатына мүгедектігі бар 400-ден астам бала мен ересек жиналды. Олардың 47-сі турнирге қатысып, бақ сынайды. Сайысқа арнайы келген меймандардың қатарында инклюзия мен бейімді спортқа қолдау көрсетіп келе жатқан белгілі қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар бар. Біріншілік жеңімпаздары ұлттық құрамаға қабылданып, челлендж, Паралимпиада, Азия Паралимпиадалық ойындары сияқты халықаралық додаларда ел намысын қорғайды.

Анықтама: Бочча – доппен ойнайтын спорт түрі. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар қатысады. Аталған сайыс 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Биыл наурыз айында Қазақстан бочча федерациясы Boccia International Sports Federation (BISFed) – Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болды