Жыл сайын Ұлттық қордан балалардың жеке есепшотына қаржы аударылады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қалай жүзеге асады?
1,193
оқылды

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қашан жүзеге асады? Қор қаржысынан балалар қанша үлес алады? Оның тетіктері қандай? Жыл сайынғы жинақ сомасы қанша? Жинақтар қандай мақсатта жұмсалады? Қазір қоғамның қызығушылығын туғызып, көпшілік арасында қызу талқыланып жатқан осы тақырып бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында талқыланды.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Осы ретте ол жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды.

Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасын заң тұрғысынан рәсімдеу үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қазіргі таңда Мәжіліс қабырғасында қаралып жатыр. Осы орайда, Кеңеске арнайы шақырылған Парламент Мәжілісі депутаттары бастамашыл тобының мүшесі Үнзила Шапақ аталған заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірді. Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражаты тек қана тұрғын үй жағдайын жақсарту және білім алу мақсатында пайдаланылады.

«Қаражатты шетелдiк оқу орнында білім алуға пайдалануды шектемеу жоспарланып отыр. Өз кезегінде, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты пайдалануға тек Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі. Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған немесе ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады», – деді депутат.

Ұлттық қордан бүгінге дейін үлес алатын балалардың саны қанша дегенге келсек, 2022 жыл басындағы ресми деректер бойынша еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың жалпы саны шамамен – 6,5 млн. Дегенмен ауыл-аймақтарда құжаттары жоқ балалар бар екенін және шетелде тұрып жатқан азаматтарымыздың балалары туралы толыққанды мәлімет болмауы ықтимал екенін ескерсек, бұл көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін.

Ал жыл сайын әр баланың есеп шотына түсетін қаржы көлемі экономикалық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Яғни, Ұлттық қордан балаға аударылатын қаражат инвестициялық пайда мөлшеріне бағдарланады. Сонымен қатар, жиналған ақша бірінші кезеңде баланың жеке шотында емес, ортақ шотта сақталатындықтан, ол қаражат белгілі бір мүддеге жұмсалады. Осылайша, жыл бойы шотта бір сома ғана жатпайды. Қаражат жұмсалған қайнар көздерден оған түсім түсіп отырады. 

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков  әр жылдың 20 қаңтарына дейін есепті жылдың 31 желтоқсандағы жағдай бойынша нысаналы талаптарға қатысушылардың түпкілікті тізімі жасалатынын айтты.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қатысушылардың тізімі негізінде және Ұлттық банкі берген ақпаратын ескере отырып бір қатысушыға есепті жүргізеді. Әр жылдың 31 қаңтарына дейін 18 жасқа толмаған балаларға қаражат есептеу жүзеге асырылады», – деді вице-министр.

Ол үшін балаларға немесе ата-анасына ешқайда барудың қажеті жоқ. Өйткені төлемдер автоматты түрде жасалады. Ал есепке алуды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін егер ол Қордан алған үлесін жұмсамаса, 10 жыл бойы сақталады. Әрі қарай сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Дегенмен, бұл бала 18 жасқа тола салысымен жинақталған қаржыны пайдалануы керек деген сөз емес. Тек 10 жылға дейін пайдаланбаған жағдайда әрі қарай зейнетақыға байланысты нормативтік-құқтық актілер бойынша реттеледі.

Осы орайда, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әр балаға өз үлесін бөліп беру арқылы мемлекет өзіне үлкен жауапкершілік алып отырғанын алға тартты. 

«Сайлауда және басқа да науқан кезінде саяси белсенділігі төмен адамдар бар екенін көріп жүрміз. Мемлекетіміз қандай саясат жүргізіп жатыр, экономикамыз қандай деңгейде, заңдарға нендей өзгерістер еніп жатыр деген сияқты мәселелерге келгенде «мен саясаттан алыспын, оған араласпаймын» дейтіндер баршылық. Міне, біз бірінші рет жақсы механизмді іске асырып жатырмыз. Енді әр бала ай сайын шотын тексеріп, өзіне тиесілі қаражатты мемлекет қалай басқарып жатқанын біліп отырады. Қоғам белсенділігін осылай арттыра аламыз», – деді халық қалаулысы.

Кеңес мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек балалардың есеп шотына түскен қаражаттың мақсатты жұмсалуына және көзделген мақсаттарға жету-жетпеуіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Бұған жауап ретінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков инфляцияны ескере отырып, қаражат теңгеде емес долларда сақталатынын айтты. 

Сондай-ақ, жиын барысында Кеңес мүшелері заң жобасына қатысты өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, бірқатар ұсыныс айтты. Кеңес жетекшісі, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтылған барлық ұсыныс-пікір заң жобасын әзірлеп жатқан бастамашыл топқа жолданатынын жеткізді.