Соңғы жылдары академиялық ортада спортқа көңіл бөлініп келеді.
Спортты ғылым тұрғысынан зерттейді
994
оқылды

Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ зерттеушісі «EL SPORT» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Аталмыш ұйым ендігі уақытта спортты ғылым тұрғысынан зерттеп, оның ел ішінде бұқаралық сипат алуына өз үлестерін қоспақ.

Жаңа жобаның жетекшісі – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, спорт әлеуметтенуі тақырыбында бірнеше жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ЕҰУ доценті Рамазан Салықжановтың айтуынша, спорт тақырыбын академиялық алаңда зерттеудің маңызы үлкен. Бұл, біріншіден, осы саланы дамытудың тиімді тетіктерін анықтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, отандық ғылымды жаңа бір қырынан байытады.

Іс-шара барысында спортты дамытудың мүмкіндіктері талқыланды.

«Біздің жетекшілігіміз бойынша жүзеге асқан NomadRun жобасының мақсаты – біріншіден, халық арасында жүгіру мәдениетін енгізу болса, екіншіден, ішкі туризмді дамыту еді. Алдағы уақытта жаңа қоғамдық бірлестіктің жұмысы аясында тарихи орындарда марафондар өткізуді ұсынамын», – деді марафоншы, қоғам белсендісі Марғұлан Ермағамбетұлы.

Жиында «EL SPORT» республикалық қоғамдық бірлестігі екі әріптес ұйым – BasSport.kz және TuranNews.kz сайттарымен меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, жуырда бірлестіктің құрамында «Спорт және қоғам», «Спорт психологиясы», «El Tamyr» зерттеу орталықтары мен «El Sayat» саяхатшылар клубы, «El ParaOlimp», «Jelaiaq-Running Professor», «El SwimRun» спорттық клубтары ашылмақ.

Аяжан ИСИНА,

Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті