Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдағы уақытта мұғалімдердің емес, мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың айлығы артатынын айтты.
Оқу-ағарту министрі мектепте кімдердің жалақысы өсетінін айтты
33,386
оқылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдағы уақытта мұғалімдердің емес, мектеп директорлары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың айлығы өсетінін айтты.

Ғани Бейсембаев Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұхбатында мұғалімдердің айлығы жеткілікті шекке дейін көтерілгенін сөз етті. 

“Биыл 25 пайызға мұғалімдердің айлығы көтерілді. Сонымен 2019 жылы айтқандай мұғалімдердің айлығы екі есе көтерілді. Біз қазіргі уақытта мұғалімдердің айлығын көтердік те, мектеп басшыларының айлығын көтеруден кенже қалдық. Оқу ісі жөніндегі орынбасарлар да бар. Олар да үлкен еңбек етіп жатқан мамандар ғой. Сондықтан да олардың айлығын көтеруді қолға алып жатырмыз. Өзіміз көріп отырғандай ұстаздардың айлығы жақсы, алайда директорлардың айлығы оған сәйкес емес”, – дейді министр. 

Бұдан бөлек, Ғани Бейсембаев психологтардың, кітапханашылардың, қосымша білім беру орталықтары педагогтарының айлығы да қарастырылатынын айтты. 

“Біз бүгінде барлығын кешенді түрде бір жүйелеп алып, көтеруіміз керек. Бұл бір орында тоқтап тұратын дүние емес. Қажет болған жағдайда одан ары қарай да дамыта беру керек деп ойлаймын. Әзірге мұғалімдердің жалақысы шектік деңгейге жетті. Енді қалған мамандардың айлығын қайта қарастырып көреміз”, – дейді ол.