2029 жылға қарай 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
«AMANAT» депутаттары халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алды
885
оқылды

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейін бағдарламасын» жүзеге асырудың тиімділігі талқыланды.

 

Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдығының бірі – азаматтардың әл-ауқаты мен табысын арттыру. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысын депутаттар алдында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады.

«2029 жылға қарай 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл жоспар ұлттық жобаларды жүзеге асыру, бос орындарға жұмысқа орналастыру, әкімдіктер күшімен 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу және кәсіпкерлік бастамалар есебінен жүзеге асырылады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 17 мың шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл 2029 жылға дейін 350 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді министр.

Ал депутат Юлия Кучинская болса, мемлекеттік органдар сүйенетін статистикалық ақпараттың нақтылығына, сондай-ақ декларацияланған жұмыссыздық деңгейі дерегінің анық-қанығына күмән келтірді.

«Сіз ұсынған статистикаға қарап, екі түрлі елде өмір сүріп жатқандай әсерде қаламыз. Жалақының орташа деңгейі – 340 мың теңге. Алайда халықтың басым бөлігі осындай жалақы алады дегенге күмәнім бар. Шындығында, халықтың көп бөлігі бұдан 3-4 есе аз табыс табады. Бір қызығы, 10 жыл бойы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейіне ешқандай фактор әсер етпей келеді: пандемия да, экономикалық дағдарыс та. Жұмыссыздық деңгейі әрдайым 4-6% аралығында. Статистика елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының шынайы көрсеткіші болуы тиіс», – деді ол.

Халық қалаулысы Ерлан Саиров болса, отандастарымыздың мемлекетке деген сенім деңгейі статистикалық деректердің дұрыстығымен өлшенеді деген пікірде.

«ЖІӨ-нің өсімін инфляция жұтып жатыр. Адамдар күн сайын тұтынатын нан, май, макарон, күріш өнімдері 80%-ға қымбаттады. Тіпті, моншаның өзіне тұрғындар аптасына бір мәрте емес, екі аптада бір баруға мәжбүр болып отыр. Себебі ел азаматтарының табысы төмендеп кетті. Қазіргі индикаторларды өзгерту керек. ЖІӨ Қазақстан халқының әл-ауқатының көрсеткіші бола алмайды. Негізгі көрсеткіш – үй шаруашылығының табысы», – деді халық қалаулысы.

Өз кезегінде, депутат Ринат Зайытов та өзекті мәселе қозғады. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының табысын арттыруға арналған пәрменді құрал болғанымен, адамдар жеңілдікпен берілетін несиені алу кезінде бірқатар қиындыққа тап болады.

«Егер ауыл азаматының әкімдікке жақындығы, ықпалды туысы болмаса, онда ол қаржы ала алмайды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында халыққа дербес қызмет көрсететін орталықтарды ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Тұрғындар несиені шаруашылықпен айналыспайтын адамдар алып жатқанын айтып, шағымдануда. Сондай-ақ, ең көп сұранысқа ие тауарларды өндіру мәселесіне қатысты бірқатар сұрағым бар. Елімізде тек пластик терезе мен кілем өндірісі ғана бар ма? Әрі бұл өнімдердің бағасы Қытайға қарағанда арзан, Еуропаға қарағанда сапалы бола ма? Лентасы қиылғаннан кейін бұл зауыттар жабылып қалмауы керек», – деді депутат.

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2 миллионнан асатынын атап өтті. Оның 65 пайызға жуығы 100 мың теңгеге дейінгі жалақыға жұмыс істейтін тұрмысы төмен азаматтар қатарына жатады.

«Әлеуметтік трансферттер халықтың тағы бір маңызды табыс көзіне айналды. Ол қазірдің өзінде тұрғындар кірісінің 23 пайызын құрайды. Оның үстіне, динамика нашарлап барады. Табыстың төмендеуі мен инфляция салдарынан қазақстандықтардың 51%-ы өз табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды. Бұл азаматтардың жинайтын қаражаты жоқ деген сөз», – деді депутат.

Ол биыл наурыз айында қабылданған «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасының» жаңа редакциясы мониторинг және талдау жүргізілмей бекітілгенін алға тартты.

«Іс-шаралардың көпшілігі жалпылама әрі нақты емес. Оның өзі бұлыңғыр болып отыр. Мұның бәрі бағдарламаның орындалу сапасына әсер етіп, мониторинг жүргізуді қиындатады. Бағдарламаның қазіргі нұсқасы жағдайды жақсарта қоятындай  жүйелі құжат емес», – деді Мәди Тәкиев.

Өз кезегінде депутат Екатерина Смышляева бағдарламадағы көрсеткіштердің тұтас тізбесін өзгерту қажет екеніне назар аударды. Атап айтқанда, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында кедейлік шегін медиандық табыспен анықтау керек деп көрсетілген. Алайда, қазір көрсеткіштер әлі де ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланып тұр. Бұл кедейлер санының нақты көрсеткішін айтарлықтай төмендетеді.

«Жалақының ЖІӨ-дегі үлесінің макрокөрсеткіші, сала бойынша берілгенімен, әлгі бір анекдоттағы жағдайға ұқсайды. Біреу күріш, біреу ет жейді. Нәтижесінде барлығы палау жеген болып шығады. Егер қазір индикаторлар өзгермейтін болса, бағдарламаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша үкімет кедейлерге олардың бақуатты өмір сүріп жатқанын тағы да қарқынды түрде дәлелдейтін болады. Орындалған индикаторлар бойынша», – деді ол.

Фракция жиынының қорытындысында Елнұр Бейсенбаев партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасының 205 тармағының 100-і халықтың кірісін арттыруға бағытталғанын баса айтты.

«Біздің ортақ міндетіміз – тиімді шаралар қабылдап, оны құр қағаз жүзінде қалдырмау. Оның әсерін әр тұрғын сезінуі тиіс. Бағдарламаға жан-жақты өзгеріс енгізу қажет. Депутаттар 20-ға жуық сұрақ қойды. Алайда оның басым көпшілігіне нақты жауап ала алмадық. Табысты арттырмай халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес екені айдан анық.  Сол себепті, Үкіметке осы бағдарламаға тағы да қандай көрсеткіштер енгізуге болатынын, оның тиімділігін арттыру үшін нақты қандай шаралар қабылдау қажет екенін және қаржы мәселелерін пысықтауды тапсырамыз», – деп қорытындылады Елнұр Бейсенбаев.