Жеке куәлікті бөтен адам­ның қолына беруге болмай­ты­ны жиі айтылады. Сөйте тұра, құжатқа салғырт қарайтындар бар. Ал ақпараттық технология дәуірінде жеке деректің қолды болуының зардабы ауыр.
Мың айлалы алаяқтар айылын жимайды
1,238
оқылды

Бір ғана Қарағанды облысында жыл басынан бері 677 интер­нет-алаяқтық тіркелген екен. Әсіресе, жалған банктік опера­циялар туралы хабарласып, тұрғындардың есепшотына қол салатындар көп. 

Алаяқтықтың күрт өсуіне бай­ла­нысты Қарағанды облысы По­лиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин облыс тұрғындарына арнайы үндеу жа­риялады.

 – Интернет алаяқтық фактілері бойынша ескертулер мен алдын алу жұмыстарына қарамастан, облыс тұрғындары тарапынан алаяқтар­дың алдауына түсіп жатқан азамат­тардың саны күн санап өсіп барады. Сіздерге тағы да үндеу жасауға мәж­бүр болып отырмын. Жыл басынан бастап аумақтық ішкі істер органдарында алаяқтардың арбауына түсу фактісі бойынша 677 қылмыстық іс тіркелді. Алаяқ­тардан тұрғындарға келтірілген шығын 1 миллиард 16 миллион 179 мың теңгені құрайды. Жыл ба­сынан бастап, полиция қызмет­керлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында ақпараттық жүйе арқылы бірнеше қылмыс жасаған 12 адам ұсталды, – деді Қарағанды облыстық ПД басты­ғының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Оның айтуынша, алаяқтардың арасында өздерін «банк қызмет­керіміз» деп таныстырып, жымыс­қы ойын жүзеге асыратындар көп. Дәл осындай сипаттағы алаяқтық­тың 212 дерегі тіркеліп, одан тұр­ғындар 400 миллион теңге көлемін зардап шеккен екен. 

Алаяқтың шырмауына түскен жанның бірі Шет ауданы Нұраталды ауылының тұрғыны Зәуре Молда­байқызы биыл 21 ақпанында «жем» болды. Сол күні оған алаяқ оған «Ұлттық банк қызметкерімін» деп хабарласып, есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтқан. Ізін ала әлгі қызметкер кейіпкеріміздің жеке куәлігін сұратқан. Осылайша, айналдырған 10 минуттың ішінде оның есепшотындағы бар қаржы алаяқтардың оңай олжасына ай­налып кеткен. 

Абай аудандық полиция бас­қармасына 53 жастағы қала тұрғы­нынан арыз түскен екен. Оның телефонына да белгісіз біреу банк қызметкері ретінде хабарласып, есепшотын сақтандырамын деген желеумен 10 млн теңгеден астам ақшасын иемденіп алған.

Бір ғана Осакаров аудандық полиция бөлімінің өндірісінде алаяқтық бойынша қозғалған 12 қылмыстық іс бар. Күдікті аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, олардың атына онлайн несие рә­сімдеген. Осылайша, жәбірлену­шілерге 12 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. 

– Кейбір жағдайларда бұндай қылмыстарға қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысы анық­талып жатады. Мысалы, полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары кезінде 40 жастағы банк қызметкері ұс­талды. Ол өзінің қызметін пайдала­нып, 33 жастағы танысына 66 жас­тағы зейнеткердің жеке деректерін беріп, күдікті зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазір кү­діктілердің осыған ұқсас қыл­мыс­тарға қатыстылығы тексеріліп жатыр, – дейді Әбіл Әбілдин.

Көшедегі көмек сұраған­дарға да сенім жоқ. Олай дейтініміз, поли­цияға 28 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші қаладағы базарда белгісіз біреу одан шұғыл қоңырау соғу мақсатында ұялы телефонын сұраған. Кейін біреумен сөйлескен болып, телефонды ие­сіне қайтарып берген. Алайда осы аралықта күдікті жәбірлену­шінің ұялы телефонындағы мо­бильдік қосымша арқылы 600 мың теңге несие рәсімдеп, оны аударып ал­ғаны белгілі болды. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүр­гізілген кешенді іс-шаралар бары­сында осы іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы азамат ұс­талды. 

Ал Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 37 жастағы қала тұрғыны арызбен келген. Ол белгісіз біреу жеке басын куәландыратын құжа­тын ұрлап әкетіп, кейін жеке де­ректерін пайдалану арқылы шағын несие ұйымдарынан 6 несие рәсім­дегені туралы айтқан. Жедел-тергеу тобы қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы күдікті анықталды. 

Бүгінгі күні облыста «Тоқта, алаяқ!» атты кең көлемді акция өтіп жатыр. Акция тұрғындарды ақпа­раттық қауіпсіздікті сақтауға ша­қырады. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, 

Қарағанды облысы