Атырау облысында «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының екін­ші тармағы іске қосылды. Бұл – Атырау облысы үшін энергетика, жалпы газбен қамту саласындағы маңызы зор үлкен жаңалық.
Энергетика саласындағы соны қадам
784
оқылды

Себебі «Мақат – Сол­түстік Кавказ» магистралдық газ құбыры­ның лупингі – мұнайлы өлке үшін страте­гиялық мәнге ие жоба. 

Инвестициялық жобаны «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты QazaqGaz ұлттық компаниясы Атырау облысы әкімдігімен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр. 

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы» Акцио­нерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, жоба тікелей Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Себебі бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір Атырау облысы ғана емес, жалпы респуб­лика бойынша халықтың, ірі өнеркәсіп орын­дарының энергетикалық қауіпсіздігін арттыру туралы міндет жүктеген болатын. 

«Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының лупингі – ең алдымен, әлеу­меттік, стратегиялық маңызға ие жоба. Жаңа лупинг жобасы Атырау облысының энергети­калық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттал­ған. Екіншіден, жоба облысты газбен қамтама­сыз ету үрдісін сенімді және үздіксіз ету, өнді­рістік объектілер мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді экологиялық тұрғыда таза отын түріне, яғни табиғи газды тұтынуға көшіруге ық­пал етеді. Сонымен бірге, жергілікті тұрғын­дар­дың өмір сүру жайлылығын арттыру, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту сынды мін­деттері де бар», – деді «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Тауарлы газ өндірісін арттыруды басты мақсат етіп отырған компания үшін «Мақат – Солтүстік Кавказ» газ құбыры лупингі – маңызды жобалардың бірегейі. 30 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келе жатқан магистралдық газ құбырының жаңа лупинг жобасының іске қосылуы газ тасымалдау жүйесінің «екінші тынысын» ашады. 

Жаңа жобаның ұзындығы 130 шақырымға дейін жетеді. Жылдық қуаты 13,147 млрд м3-қа дейін газ тасымалдауға шақталған. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, мұндай газ тасымалдау қуаты Атырау облысын толықтай газбен қамтамасыз етуге жетеді. 

«Атырау облысы – қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Облыс орталығында ғана емес, аудандарда да мектеп, балабақша, көпқабатты тұрғын үйлер сынды әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Бұл газ құбырының жаңа тармағы тұтас облысты газбен кідіріссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кейде құбырларды жөндеу жұмыстары керек болады, осындайда энергетикалық коллапс орын алмауы үшін де бұл жобаның стратегиялық маңызы зор. Сондай-ақ жоба Атырау облы­сындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономи­калық аймағын үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Салада 46 жыл еңбек еткен ардагер Таңбай Наушиев лупинг жобасының маңызы ерекше екенін айтты. Ардагердің пікірінше, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құ­бырының екінші тармағының іске қосылуы Қарашығанақ, Теңіз, Қашағаннан шығатын газды өңдеп, Қазақстанның ішкі нарығында пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді. 

«Негізгі құбыр желісінің қолданысқа берілгеніне 30 жылдан астам уақыт болды. 

Бұл – өндіріс саласы үшін үлкен мерзім. Әри­не, құбыр болған соң ол коррозияға ұшы­райды, тот басады. Желі бойында кептеліс, бөгет пайда болады. Жаңа жоба облысты осындай техника­лық кедергілерден құтқарып отыр. Әрі жаңа жобадағы газ құбырының диаметрі де қолайлы. 

Қазіргідей алмағайып заманда бізге бірде бір текше метр газды жоғалтуға болмайды. Себебі газ – қымбат байлық», – дейді сала ардагері Таңбай Наушиев. 

Сала ардагері сөзінің жаны бар. Расымен де, ширек ғасырдан астам уақыттан бері қолданыста келе жатқан газ құбырына 2019 жылы тексеру жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесі құбырларда ақаулар барын анық­тады. 

Егер «Мақат – Солтүстік Кавказ» магис­трал­дық газ құбыры күзгі-қысқы жылыту мау­сымы кезеңінде істен шығар болса, Атырау қаласы мен облыс тұрғындары бір сәтте газсыз, жылусыз, сусыз қалып, қиын жағдай туған болар еді. Бұған балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік нысандарды қосыңыз. 

Сондықтан ішкі энергетикалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз етуде де «Мақат –Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының стра­тегиялық маңыздылығы зор екенін айта кет­кеніміз жөн.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА