Медициналық сақтандыру елдің наразылығын одан әрі өршітіп жатыр. Бұған енді депутаттар ара­ласты. Олардың айтуынша, бұл жүйе әсіресе ауылдықтарды кемсітеді: олар сапалы медициналық қызмет ала алмайды.
Сақтандырылу сақтықтың кепілі емес
712
оқылды

Соған қарамастан, қала тұрғындарымен бір көлемде жарна аударады. Сондай-ақ негізгі жұмыс орнында табысы аз болған­дықтан, қосымша жұмыс істейтін азаматтар да бір айда бірнеше рет медициналық жарна аударуға мәжбүр. Бірақ олар да лайықты қызмет ала алмайды. Депутаттар мұны «мәжбүрлі қайырымдылық» деп атады. Салаға түбегейлі рефор­малар қажет. 

Әділетті Қазақстанда бар салада әділет болғаны жөн. Оның жоқтығы әлеуметтік шиеленісті күшейтеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қайтадан сарапшылардың және Парламент депутаттарының қатаң сынына ұшырап жатыр. Соңғы екі жылда қор басшылығы үш рет ауысыпты. Бірақ басшылар бұ­қараның наразылығын тудырған күрмеулі мәселелерді түбегейлі шешпеді.

Сынаушылардың көтерген басты бір мәселесі: Қордың жұмысында ашықтық жоқ, тек жалпы статистиканы берумен шектеледі. Сол қаражаттардың қайтарымы көзге түспейді. Қыруар қаржы бөлінетін медұйымдарды қалай таңдайтыны да белгісіз. Салдарынан, дәрігерлері жоқ жалған емханалар қаражат алып жүр. Жұртшылық өз тұрғылықты жері бойынша тіркеген жеке емханалардың диагностика және емдеу жүргізбейтініне, тек өзге меди­циналық ұйымдарға тексерілуге талон таратумен шектелетініне шағым­данады. 

Жүйе адамдарды борышқа батырды

Елімізде медициналық сақтандыру 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Содан бері елдегі медицина іс жүзінде ақылы болды. Сақтандырылмағандар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) ұсынылғаны­мен, іс жүзінде емханалар мұндайларды емдеуден бас тартады немесе дұрыс тексермей, ақылы диагностикаға жүгінуге кеңес береді. 

Сорақысы сол, бұл жүйе азаматтарды борыш батпағына батырып жатыр. Мұның қалай жүзеге асатынының бір мысалын қор мамандарының өздері айтып берді. ӘМСҚ-ке ай сайын жұмыс істейтін барлық қазақстандықтан екі түрлі алым түседі. Біріншісі – сақтандыру аударым­дары: оны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді. 2023 жылы оның мөлшері жалақының 3 пайызын құрайды. Аударым­дардың ең жоғары мөлшері 10 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 3 пайызынан аспауы керек. 1 ЕТЖ 70 000 теңге, оның 30 пайызы 21 000 теңгеге тең. Екіншісі – сақтандыру жарналары: ол қызметкер жалақысынан 2 пайыз көлемінде ұсталады. Бұл ретте аударымдардың ең жоғары мөлшері 10 ЕТЖ-ның 2 пайызынан немесе биыл 14 000 теңгеден аспауы тиіс. Осы екеуінің біреуі төленбей қалса, бұл қорға ол азамат­ты медсақтандырылған статусынан айыру үшін жеткілікті екен. Мәртебесін тартып алудың өзге де схемалары толып жатыр. 

«Бір азамат 2022 жылдың тамызында ресми түрде жұмысқа тұрды. Сол кезден бастап, қызметкер үшін бізге төлемнің аталған екі түрі түсе бастады. Содан биыл­ғы мамырда ол кісі емханаға дәрігердің қабылдауына барса, мәртебесі сақтанды­рыл­маған екенін біледі. Ол ресми жұмыс іс­тейтінін әрі жұмыс беруші қажет төлем­дерді уақытылы аударып тұрғанын айтып, бұл олқылықтың себебін сұрайды. Белгілі болғандай, жұмысқа орналасқанға дейін бұл адам МӘМС жарналары мен ау­дарымдарын мүлдем төлемеген екен. Ал «МӘМС туралы» заңға сай, азаматтың өткен немесе алдағы 12 айға төлемі болуы шарт», – деп мәлім етті қордың мамандары. 

Яғни, азамат бұған дейін мемлекеттік емханаларға бірде-бір рет жүгінбесе де, оның атына автоматты түрде 12 айлық мөлшерде қарыз жазылады. Соны өтемесе, ол қазіргі кезде қанша жерден тұрақты жарна мен аударым аударса да, өзіне тиесілі көмекті ала алмайды. Сонда әділет қайда? Жалпы, мұндай әділетсіздікті басқа ешбір салада таба алмайсыз. Теңдесі жоқ. Мысалы, жас адам жаңа ғана университетке түссе, одан бір жыл бұрынғы уақыт үшін ақы талап етілмейді. Банктен ипотека алса, бір жыл артық төлеуге мәжбүрлемейді.

Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл қатаң талап шамалы жұмсартылды. ӘМСҚ түсіндіруінше, егер азамат жұмысқа ресми түрде орналасып, жарна төлегеніне 10 ай өтсе және емханаға жүгінгісі келсе, онда тағы 2 ай қарызын өтеуі, әр айға кем дегенде 3 000 теңгеден төлеуі қажет (2022 жылы дербес төлеушілер төлейтін жарна көлемі осындай болды). Сонда жалпы саны 12 ай болады. Сақтандырылған мәртебесі төлем жасалған соң үш жұмыс күнінің ішінде беріледі. Бірақ бұл тетіктің де кінәраты бар: ресми жарна мен аударым аударып тұрған адам он айға дейін ем­ханада жөнді көмек ала алмайды. 

Томография түсу – алынбас асу

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да қиын жағдайда қалды. Олар енді өмірінің соңына дейін әрбір айды қалт жібермей, қорға өз бетінше әрі уақытылы жарна аударып отыруға міндетті. Салтанат Ж. бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп, өз ісімен айналысады. Науқастанып, БЖТ-ны төлеу уақытын өткізіп алған. Медсақ­тандыру жарнасы осы төлемнің құрамына кіретіні мәлім. Өзге адамдар әрине, өткен айдағы жарна қарызын өтеп, сақтанды­рылған мәртебесін қайтара алады. Алайда бұл тәсіл БЖТ төлеушілерге жарамайды: олар өткен айларға төлем жасай алмайды. Себебі салық кодексінің 774-бабына сәйкес, БЖТ төленген кезеңнің соңғы күніне дейін ғана қолданылады. Сонда қайтпек? Жауап біреу: алдын ала төле, қатаң тәртіпке бағын, төлем төлеу уақытын өткізбе! Ендеше халықтың осы қатаң тәртіпті қордан талап етуі де заңды.

«БЖТ төлеушілерге сақтандырылған мәртебесі тек үшінші айда беріледі. Мысалы, 2023 жылдың мамырында төлем жасалса, сақтандырылған мәртебесі шілдеде беріледі. Яғни, мамыр, маусым және шілде айларына БЖТ төлеп шығу керек. Ал тамыз айында төлем жасалмаса, бұл азаматтың мәртебесі «сақтандырыл­мағанға» өзгереді. Сол себепті БЖТ-ны алдын ала төлеп отырған абзал», – деп мәлімдеді қор мамандары.

Егер ғылыми зерттеу жүргізілсе, онда ӘМСҚ қорына осындай тәуелділіктің өзі жұрттың жүйкесін құртып, түрлі ауруға соқтыратыны анықталуы мүмкін.

Әділдікті орнату әлеуметтік салалардан басталғаны жөн 

«Біздің бәріміз бір елдің азаматтары­мыз, әрқайсымызда көк төлқұжатымыз бар. Бірақ біздің мүмкіндіктеріміз әртүрлі. Бүгінгі шындық – қала мен ауыл арасын­дағы өсіп келе жатқан теңсіздік. Ауыл тұр­ғындары міндетті медициналық сақ­тан­дыруды төлейді, бірақ сапалы медици­налық қызмет ала алмайды. Бұл мәжбүрлі қайырымдылық. 2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 1 трил­лион теңге жиналды. Оның 35 пайы­зын ауыл тұрғындары төледі. Егер мемлекет ауыл тұрғындарына дұрыс медициналық қызмет көрсете алмаса, бұл жарнаны төлеу қаншалықты әділетті?» – дейді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Бұл проблеманы Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаттары да бұрыннан көтеріп келеді. Олардың ай­туынша, азаматтар медсақтандыру ая­сында тексерістен тегін өтемін десе, онда бірнеше ай күтуі керек. Өйткені МӘМС аясындағы тегін көмек квотамен қатаң шектелген. Мысалы, бір айға бір емханаға КТ жасауға небары 10 квота, МРТ жасауға тек 5 квота беріледі. Ал ол емханада 20 мың адам тіркелген болуы мүмкін. Егер КТ-ға сұраныс асып түссе, онда қалған пациент­терді дәрігер келесі айларға жазуға мәжбүр. Бірақ кезектегілерге бәрібір квота жет­пейді. 

Сондықтан науқастың дерті меңдеп бара жатқанын білген дәрігер компью­терлік немесе магниттік-резонансты томо­графияға шұғыл түсу керектігін, бірақ квота жоқтығын айтады. Яғни, тез өту үшін шығын шығаруға тура келетінін меңзейді. Денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ. Жұрт амалсыз ақылысына жүгінеді. Осылайша, қазақстандықтардың басым көпшілігіне МӘМС-тен қайыр болмай тұр. 

Тұйықтан шығудың жолы бар ма?

«Еріксізден ақылы қызметті алуға мәжбүр болғандар: «біз не үшін ай сайын жалақымыздан жарна төлейміз» дейді. Бұл негізінен жасанды проблема. Өйткені ол жүйеде енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр» деген де­путаттар Үкімет басшысы Әлихан Смайылов­қа бірнеше ұсыныс айтты. Біріншіден, квоталаудан және ай сайынғы қаржыландырудан бас тартып, оның ор­нына көрсетілген қызметтерге фактісі бойынша төлеуді енгізу қажет. Екіншіден, пациенттерге медициналық ұйымды таң­дау еркіндігін беру керек. Қолданыстағы емханаларға тіркелу сөз жүзінде ерікті болғанымен, іс жүзінде медициналық ұйымдарға соның жанында орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындары ғана тіркеле алады. 

Үшіншіден, түсініспеушілікті бол­дырмау үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакеттерін нақтылау керек. Ол болмаған соң, емханалар сақтандырыл­маған азаматтарды қабылдаудан ары қарай бас тарта береді. 

Төртіншіден, МӘМС миллиардтарын игеретін медициналық ұйымдардың қосып жазуына, яғни сырқаттардың ал­маған емін, жасалмаған тексерісті, көр­сетілмеген қызметті сырттай жаза салуына тегеурінді тосқауыл қойылғаны жөн. Қордың деректеріне сәйкес, қор тарапы­нан ақшасы төленген, бірақ шын мәнінде көрсетілмеген медициналық қызметтер өте көп. Қор көрсетілді делінген қызмет­тер­дің шамамен тек 10 пайызын тексерген, сонда 52 мың жалған медициналық қызметті анықтады. Егер 100% тексерсе, онда жалған қызмет 500 мыңнан аса ма?

Бесіншіден, ӘМСҚ қорынан мол қаражат алатын жеке емханалар медици­налық қызметтердің көп бөлігін өзі көрсетпей, оған мұқтаж пациенттерді талонмен басқа ұйымдарға жолдайды. Салдарынан, азаматтарымыздың үлкен бөлігін тек жалпы практикалық бейіні бар жалғыз дәрігер қабылдайды. Ал анализдер тапсыру, түрлі тексерілуден өту үшін сырқаттар қала аралап, ауданды шарлап, сенделіп жүруге мәжбүр. Мұндай емха­налар аймақ түгіл, Астанада да жетерлік. Мәжіліс депутаттары мұны болдырмау үшін басқа ұйымдарға берілетін медици­налық қызметтердің шекті көлемін нақты белгілеуді ұсынды.

Ең бастысы, «бір адам – бір жарна» тәртібін, формуласын енгізген жөн. Үкімет пен Парламентке үздіксіз түсіп жатқан шағымдарда қазақстандықтар бір адам үшін оның әртүрлі табыс көзінен жалақысынан қорға жарна аударуға мәжбүрлеу – әділетсіздіктің зоры деп санайды. Егер заңнама өзгертіліп, бір адам үшін бір рет қана жарна алынса, онда МӘМС жүйесіне қарсы бағытталған шағымдардың үлкен бір бөлігі өзектілігін жояр еді. Мұның сыртында халық пен сарапшылар қордың есепшотында бос жатқан қаражатты ақылы негізде емделуі үшін адамдарға қайтару бастамасын көтерді.

Қалаулылар қор қызметі ашық емес деп санайды. Халық өз табысынан ӘМСҚ қорына қанша қаражат түскенін, олардың қайда және қандай мақсаттарға бағыттал­ғанын нақты білуі керек. Азаматтарға төл электронды денсаулық паспорттарын көруге толық мүмкіндік берілгені жөн. Оны тек дәрігер ғана көре алады. Жалпы, жүйеде мәселе көп. Бірақ оның барлығын шешуге болады. Оның көбісін Мәжіліс депутаттары заңға бастамашы болып, өз бетінше шеше алар еді. Тек құлық болса, құнттаса, халық шағымына құлақ түрсе игі.

Елдос СЕНБАЙ