Ақын, Өскемен қаласы Мәдениет, ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қалқаман Сарин жуырда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына сапарлап қайтты. Сапар Оралхан Бөкей атындағы кітапхана мен Ақтан Бабиұлы атындағы кітапхана арасындағы әріптестік байланыс негізінде өрбіген еді.
Қалқаман Сарин: Құшағы ашық, кеңпейіл қазақ жұртын көрдім
1,397
оқылды

«Бөктері боз жусан аңқыған Бөкентаудың баурайы мен Қобда өзенінің жағасындағы көркем Өлгей қаласына, байырғы Баян-Өлгей аймағына» сапарлап барып, жырымен сый жасап, құрметке бөленіп, алғысқа кенелген ақынға бірер сауал қойған едік.

– Қалқаман мырза, Өскеменнен Өлгейге сапарлап қайтқаныңыздан хабарымыз бар. Бұл сапар Оралхан Бөкей атындағы кітапхана мен Баян Өлгей аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхана ара­сындағы әріптестік байланыстың аясында өрбігені белгілі. Өлгейдегі кітапхана қоржыны қазақша кітаптармен толықты ма?

– Оралхан Бөкей атындағы кітапхана Моңғолия­ның Баян-Өлгей аймағындағы Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханамен әріптестік ынтымақ­тастықта жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Соның бір парасы, өткен жылдың қараша айында Моңғолиядағы әріптестеріміз іссапармен Оралхан Бөкей атындағы кітапханаға келді. Осы кездесу барысында әріптестеріміз моңғол еліндегі қандастарымыздың қазақ әдебиетіне зәру екендік­терін жеткізген еді. Олардың өтініші бойынша О.Бөкей кітапханасының әкімшілігі еліміздегі бір­қатар кітап баспаларына шалғайдағы ағайынға әдеби кітаптармен көмектесу туралы өтініштерін жолдады. Соның нәтижесінде 7 баспадан 500-ге жуық әдеби кітаптар мен мектеп оқулықтары жиналды. Жиналған кітаптарды Наурыз мейрамына орай алыстағы ағайынға жолдадық.

– Сапар қалай өрбіді? Өлгейлік қандастардың жай-күйімен таныстыңыздар ма?

– Сапар көптен жоспарланған еді. Тек реті осылай келді. Ақтан Бабиұлы атындағы Баян-Өлгей аймақтық кітапханасының директоры Алтынгүл Дәлелқызы арнайы хабар беріп, «Өлгейдегі оқырман қауыммен жолығып кетіңіз» деп шақырған болатын. Сапар бастамасы солай басталды. Бұрын Баян-Өлгейде туған, қазір Өскеменде тұратын азамат­тардың жол бастауымен екі-үш күндік сапарымыз сәтті болды. 

Өлгейдегі қандастардың жай-күйі жаман емес екен. Мал шаруашылығымен көптеп айналысатын­дығы байқалды. Сонымен бірге заманауи қала құрылымы да жақсы дамыған. Қандастардың көңіл күйі биік, ұлттық мәдениетке деген ынтасы жоғары екен. Қазақ тілі, мәдениеті, салт-санасы жақсы сақталыпты. 

Барлығы атажұрттағы жаңалықтардан мол хабар­дар екендігі көрініп тұрды. Qazaqstan ұлттық арнасы бастаған телеарналар көрсетеді екен. Құшағы ашық, кеңпейілді қазақ жұртын көрдік. 

– Қазір Баян-Өлгей аймағында қанша қазақ тұрып жатыр? Олардың елге оралғысы келе ме?

– Білуімізше, қазіргі уақытта Баян-Өлгей айма­ғында 100 мыңның үстінде қазақ тұрады. Көзге көрінер, көңілге қаяу салар ешқандай түйткіл байқамадым. Дегенмен мектеп, оқу, білім саласында тіл мәселесі енді туындай бастаған секілді. Кездесіп кеңес­кендердің сөзінен соны аңғардым.

Биылғы қыс пен көктем ауа райы Моңғолия үшін қолайсыз болып, мал шаруашылығына жайсыз тиіпті. Сондықтан малшы қауым арасынан және қалалы жерден атамекенге қоныс аударушылар көп дегенді естідім. Жалпы, олардың қазақ еліне деген ықыласы, ниеті, сағынышы айрықша екендігі көрініп тұрады. 

Қазақстаннан оқыған жастар келіп, еңбек істеген қандастарымыз көп екен. Жалпы, екі ел арасындағы байланыс жақсы дамыпты. Барыс-келіс те көп сияқты.

– Моңғолия ақын-жазушыларымен сырласып, сұхбаттасып қайттыңыз. Не көрдіңіз, не естідіңіз?

– Моңғолия қазақ әдебиеті ежелден іргесі бекіген, қазақ әдебиетінің бір бүрлі бұтағы ретінде дамып келе жатқандығынан хабардар едік. Бұл жолғы сапарымызда жас қаламгерлермен жүздесіп және аға буын өкілдерімен де сұхбаттастық. Барлы­ғының көкейінде ұлттық руханияттың көсегесін көгертсек, шеттегі қазақ тілін, ділін, руханиятын, мә­дениетін ұмытпаса екен деген ұлы арман жатқан­дығын байқадық. Олар да жыл сайын қазақ тілінде кітаптарын шығарып, шетте жүрсе де қазақ әдебиетін насихаттап жүр екен. Қазақстандағы әдеби жаңалық­тардан да құр қалмайды. Еліміздегі басылымдарда, сайттарда шығармалары жарияланып жатыр. Қыс­қасы, екі ел арасындағы қазақтарда әдебиет, мә­дениет саласында еш күрмеуі қиын сұрақ жоқ де­сек те болады.

– Алыстағы ағайын елдегі ақын-жазушылардың шығармаларынан хабардар ма? Кімді оқиды, кімнің шығармаларымен етене таныс екен?

– Моңғол еліндегі ағайындар қазақ әдебиетімен ежелден етене таныс десем артық айтқандық емес. Өйткені сонау Кеңес заманынан бастап, қазақ жазушылары мен ақындарының шығармалары бұл елге тоқтаусыз келіп тұрыпты. «Жұлдыз» журналын сол кездері әр үй жазылып оқып тұрдық» дейді. Ал Тәуелсіздік жылдарында да әдеби байланыс тіпті жаңа қарқынмен дами түскеніне куәміз. Қазір ол жақта қазақ тіліндегі шығармалар аз емес. Жүргін­шілер арқылы және басқа жолдармен барып жатса керек. Біз де кітапханаларына өз жолымызбен біраз кітап бергенімізді айтып өттім. Моңғолиядағы қазақ­тар қазақ әдебиетіндегі шығармалардың барлығын жастанып оқиды екен. Ақтан Бабиұлы кітапханасы да қазақ кітаптарына толып тұрғанын көрдім. Жалпы, ол жақтағы қазақтың кітап оқуға деген ерек­ше ықыласын байқадым.

– Өскеменге кеткелі әдеби әлемнен алыстап кеткен секілдісіз. Әлде біз қателесеміз бе?

– Иә, қателесіп отырған сияқтысыз... Әдеби ортадан алыстағаныммен, әдебиеттен алыстадым деп ойламаймын. Рас, әдеби ортаға деген құштарлық жас кезімізде болды. Енді аптығымыз басылып, ақылымыз тоқтаған шақта алыстау жүргеніміз де дұрыс сияқты.

– Ақынға шенеунік болған шығармашылыққа кедергі емес пе?

– Осы күмәнді ой ең алғаш мемлекеттік қызметке келгенде өзімнің де көкейімде тұрды. «Егер, өлеңнен қол үзіп қалсам, бұл қызметпен көп ұзамай қоштасам» деп серт еткен ем...

Әзірге кедергісі жоқ сияқты.

Керісінше, ең жақсы өлеңдерімді осы уақытта жазып жүргендеймін!..

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС