Биыл ғұлама ғалым, ақын, фольклортанушы, Алаштың әйгілі перзенті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толып отыр. Тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған бабамыздың рухани дүниесі – әр қазақ үшін құнды мұра.
Мәшһүр мұрасы жаңғырды
1,510
оқылды

Осыған орай, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аясында «Адам Жүсіпті «Мәшһүр» қылған адамдық жол...» атты симпозиум өтті. Симпозиумда 5 томдық жинақтың тұсауы кесілді. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының жаңа жинағы «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, меценат Нұркен Асановтың бастамасымен құрастырылды. Тұсаукесер рәсіміне Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, бас мүфти Наурызбай Тағанұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ғалым, елші Әділ Ахметов, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Ербол Алшынбай және Қайрат Жолдыбаев қатысты. Сонымен қатар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары да атаулы шарада бой көрсетті. Шараның ерекшелігі, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 5 томдығы 100 мектеп пен 100 жоғары оқу орнына, 100 кітапханаға тегін таратылады. Бұл – мәтіндік тұрғыдан мамандар пысықтаған басылым. Тұсаукесерге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау жолдады. Кешті «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. «Қазір бәріміз ата-анамыз. Қоғамға жауаптымыз. Қоғам мен билікті, ата-аналар мен ғылыми орталықтар арасын байланыстыратын алтын көпір – осындай қоғамдық бірлестіктер. «Сенімен Болашақ» Алаш қайраткерлері мұрасын ата-аналарға лайықтап шығарғанын білеміз. Әлемдік деңгейдегі педагогтерді шығарып келе жатыр. Бүгінгі бес томдық та халық шөлдеп отырған еңбектер қатарында», – деп атап өтті ол.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Төрәлі Қыдырдың айтуынша, 5 томдық кітаптың бірінші томына ақынның діни өлеңдері енгізілген. Қанағат туралы жұмбақ өлең, ишарат, аңыз өлеңдер немесе руаяттар, «Пайғамбардың соңғы тілегі», «Мәшһүрдің өзін таныстыруы», «Бес парыз», «Жеті жетім», «Иман шарттары» сынды басқа да өлеңдер топтастырылған. Ал екінші томында «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Аңқау адам туралы», «Кедейліктің арқаны», «Жігіт назы», «Наурыз тілегі», «Анама хат» секілді тағы басқа поэзиялық шығармалар. Үшінші том діни өлеңдер мен діни дастандардан тұрады. «Ібіліс шайтан хикаяты», «Ақыреттің егіні», «Опасыз әйел», «Ораза туралы» сынды туындылар бар.Төртінші томына жетпіс баптан тұратын ғибратты өлеңдер кірген. Мұнда әлем жаратылысынан бастап, жер-көктің тағы басқа құбылыстардың баяны жырланған. Ақын осы жетпіс бапта дәстүрлі дін дүниетанымын толық ашып берген. Мысал өлеңдері мен айтыстары бесінші томға топтасқан. «Жан­темір қажы», «Шон­тыбай қажы», «Гүлшат-Шеризат» сынды дастандары мен Мәшһүр Жүсіп пен Ғалым Күзембайұлының айтысы, Мәшһүр Жүсіптің Шабдар атпен айтысқаны, «Күйеу Мағзұм мен аруақтар», тағы басқа айтыстардан құралған. 

– «Сенімен Болашақ» республикалық ата-ана қоғам бірлестігінің міндеті – ой айту емес, ояту. Ойды Абай да, Шәкәрім де, Мәшһүр де айтып келе жатыр. Бірақ бұл қазақтың өзегіне оранып, өзін тапқызсақ болашақ ұрпаққа ең үлкен мұра деп білеміз. Ал бүгінгі кітаптың мақсаты – жүз мектеп, жүз мешіт, жүз университет, жүз кітапханаға тегін тарату. Академиялық тұрғыдан балада, кәріде оқи алатын түсінікті тілде берілген кітап болып жарық көрді,– дейді Нұркен Асанов. 

Тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бейнесін жан-жақты сомдаған Мәшһүр Жүсіп бабамыздың рухани дүниесі әр қазақ үшін құнды мұра деп есептейміз. Қазақ елі үлкен жаңалық қана емес рухани серпіліс деп айтсақта артық емес. 

– Мұрасын қанша рет басып шығарсаң да, сан рет зерттесең де артық етпейтін тұлғар болады. Сондай тұғыры биік тұлғаларымыз әдебиетімізде де, руханиятымызда да өшпес із қалдырған алыптарымыздың бірі – Мәшһүр Жүсіп. Бүгін сол руханиятымыздың қазынасына тағы бір үлкен еңбек қосылды. Ғылыми тұрғыдан сараланған, жаңарған, текстологиясын түзетілген. Былай алып қарасақ жиырма томдығы, талдамалар жинағы көп шығып жатқан сияқты. Ал біз зерттеп қарасақ, Мәшһүр Жүсіптің тұлғалық  дәрежесінде осы шығармалардың әлі де аз екенін байқадық. Біріншіден, Мәшһүр Жүсіптің шығармалары бәріне бірдей түсіну қиын. Діни, рухани, әдеби болсын жеттік меңгерген адамдар ғана түсіне алады. Екіншіден, кітаптың ішінде діни мәтіндер көп, соны түсіндіру үшін шығыстанушылары, дінтанушылардың қатысуынсыз бұл мұраның жарыққа шығару қиын болар еді. Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп ұрпақтарының ішінде әдебиетшілер, фольклортанушылар, басқа да тарихшылар көп. Бәрінің ғылыми атағы бар. Бәрі біргіп, бір ғылыми орталығын құралатын азаматтар. Біз кейде осы мұраны Мәшһүр Жүсіптің ұрпақтарының ғана дүниесі ретінде санаймыз. Сол көзқарастан арылып барлық қазақтың ортақ дүниесі ретінде қарағанымыздың нәтижесінде бұл кітаптар жарыққа шықты,– дейді Бауыржан Омарұлы. 

Рухани іс-шараның соңында «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестіктің қаржыландыруымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әр сөзін видео ролик етіп, жастар арасына жариялап байқау ұйымдастырылған. Сол жарыста жоғары нәтиже көрсеткен үш жеңімпазға марапат табыстады. Бірінші орынды Павлодар қаласы Заря ауылының тұрғыны Нұрқуат Сәрсенбайұлы еншілесе, екінші орынды Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қожанақы ауылының  тұрғыны Раушанбек Айбекұлы жеңіп алды. Ал үшінші орынды Сәтбаев қаласының тұрғыны Мадияр Маратұлына иеленді. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес мінезден» деп Алаш арыстары бекер айтпаса керек. Ұлт мүддесін бірінші орынға қойып өткен ғасырда цензураға ұшыраған, талай бұрмалауға түскен көне мұрамызды жаңартып басып, еліміздің әр өңіріне тегін тарату деген халық үшін игі іс.Баспа шығынын көтеріп демеушілік көрсеткен «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігіне және бес томдықты құрастырып баспадан шығуына көмектескен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми мамандары Төрәлі Қыдыр, Алмас Оралбек, Жанат Салтақова, Насихат Мүрсәлімова, Кәмшат Мұстафаевалардың еңбегін атап өткен жөн.

Айкүміс ЕСЕЛХАН,

ЕҰУ студенті