CEENQA Бас Ассамблеясының халықаралық форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда тағы алты шетелдік жоғары оқу орны өз филиалдарын ашатынын айтты. Бұл туралы “Хабар 24” арнасы хабарлайды.
Қазақстанда тағы алты шетелдік ЖОО филиалы ашылады – министр
1,182
оқылды

Басқарма басшысының айтуынша, бұл елімізде жоғары білім берудің сапасын арттырып қана қоймай, озық халықаралық стандарттармен қазіргі білім беру жүйесін өзгертуге мүмкіндік береді.

“Қазірдің өзінде елімізде онға жуық филиал жұмыс істейді. Рейтингтегі ең танымалы – Ақтөбедегі ең көне Шотландия технологиялық университеті Heriot-Watt. 21-і күні Ақтаудағы неміс инженерлік институтының ашылуына бармақпыз. Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Тяньцзинь университеті ашылды. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен серіктестікте жаңа бағдарлама Таразда, одан бөлек Алматыда Ташкент ирригация инженерлері институтының филиалы ашылды”, – деді Саясат Нұрбек.

Бұл университеттерде студенттер коммерциялық та, гранттық негізде де оқуға түсе алатыны айтылды. Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін бес шетелдік жоғары оқу орнының филиалдарын ашуды тапсырған болатын. Соған сәйкес,  өткен жылы ғана жетекші университеттердің төрт филиалы есігін айқара ашты.

“Аризона университеті ашылды. Жақында Мемлекет басшысы Атыраудағы Мәскеу инженерлік-физикалық институты мен Британдық Де Монфорт университетінде болды. Бұл бізге не береді? Біз Қазақстанға ірі халықаралық агенттіктерді шақыра отырып, сапа стандарттарын жаңадан құруымыз керек”, – деп қосты министр.