Парламент Мәжілісінің өткен сәрсенбідегі жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданған болатын.
Азаматтарға мекемелерді тексеруге құқық берілмек
1,215
оқылды

Оның негізгі мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру арқылы Конституцияда көрсетілгендей азаматтардың мемлекет ісін басқаруға тікелей қатысуына жағдай жасау. Кеше «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының баспасөз залында осы тақырыпқа қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Пресс-конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаттары, әрі «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Жұлдыз Сүлейменова мен Еділ Жаңбыршин, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет заң жобасын жан-жақты түсіндіріп өтті. Депутаттардың ең бірінші кезекте назар аудартқаны: Мәжіліс ұсынып отырған нұсқаның бұған дейінгі Үкіметтің нұсқасынан айырмашылығы жер мен көктей екендігі. Заң жобасы аясында 2 жыл жұмыс істеген жұмыс тобы үкіметтік нұсқаны барынша жетілдіріліп шыққан. Әрине, бұл жолда оларға бүгінде Қоғамдық бақылаудың объектісіне айналып отырған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары, әсіресе, «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» сынды белді-белді мекемелер мен тағы да басқа органдар едәуір қарсылық көрсеткен екен. Соған қарамастан Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған ішінде бүгінгі спикерлер бар жұмыс тобы табандылық танытып, «сайлаушылар алдында берген уәдемізден бас тартпаймыз», «Әділетті Қазақстан ашықтықтан басталады», «Конституцияда көрсетілгендей азаматтардың мемлекет ісін басқаруға тікелей қатысуына жағдай жасау – міндетіміз» деп дегенінен қайтпай азаматтық бастаманың заңи пәрменділігін арттыра түскен. Бір сөзбен айтқанда, аталған заң жобалары мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың  ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Сонымен, жаңа заң бойынша Қоғамдық бақылау қатысушылары – оның объектілері (тексерілетін) және субъектілері (тексеретін) болып екіге бөлінеді. Ол күшіне енген соң ел азаматтары 5 нысанды, яки жергілікті мемлекеттік және орталық органдарды, мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерін, дербес білім беру ұйымдарын және қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушы нысандарды өз беттерінше барып тексере алады. Депутаттар кейін қоғамның талап-тілегіне қарай бұл тізім кеңейе түсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал қоғамдық бақылауды жеке немесе топ болып жүзеге асыруға болады. Тек он сегіз жасқа толмаған, өтелмеген соттылығы бар, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған, бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік және террористік қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар жіберілмейді. Бұдан басқа, шетелдік қатысуы бар, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады.

«Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша әзірленіп отыр. Құжат қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Мәселен, бұл заң жобасының қолданылу аясына конституциялық заңдар мен бірқатар заңдар жатпайды. Ал «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес компанияларындағы мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға, сондай-ақ Қор қайырымдылық көмектеріне жүреді. Сондай-ақ, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» және өзге да дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызуға қол жеткізілді. Мұның бәрі үлкен қиындықпен жүзеге асқанын атай кеткім келеді. Заңда оның «субъектілері мен объектілері», «жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысы», «Қоғамдық бақылау тобының нәтижелері бойынша қорытынды құжат», «дәлелді жауап» сынды ұғымдар айқындалған. Тексеру процесстері 3 негіз бойынша жүзеге асады. Олар – қоғамдық талқылау, қоғамдық мониторинг және қоғамдық сараптау. Бұл процесстер кезең-кезеңімен немесе бір-бірінен тәуелсіз жеке-жеке де жүзеге асуы мүмкін», – дейді «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, Қоғамдық талқылау адамдардың шектеусіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын ҚБ объектілерінің актілері мен шешімдерін жария қарауды ұйымдастыру мақсатында өткізілсе, Қоғамдық сараптаманы осы айтылғандарды талдау және қоғамдық бағалау мақсатында жүзеге асырады. Ал Қоғамдық мониторинг кезінде олардың қызмет барысына бақылау жүргізіледі.

Қоғамдық бақылау мәселелері жөніндегі ілеспе заң жобасын әзірлеу кезінде 3 Кодекс пен 10 Заңға өзгерістер енгізілген екен. Олар – Су Кодексі, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Экологиялық Кодекс. 4 тарау, 16 баптан тұратын құжатта қоғамдық бақылаудың мақсаты мен межелері, мерзімдері мен шарттары, тараптардың құқықтары мен міндеттері айқындалған. Бұл жерде атай кететін жайт тексеруші азаматтар ҚБ объектілеріне олардың жазбаша келісімі бойынша ғана бара алады. Сондай-ақ, бір объектіге жасалатын қоғамдық мониторингтердің арасы алты айдан кем болмауы тиіс. Тексерулер аяқталғаннан соң қорытынды құжаттар қабылданады. Оны ҚБ субъектілері 7 жұмыс күнінен кешіктірмей беруі керек, ал ҚБ объектілері оны 10 күн мерзімде қарап, дәлелді жауап жіберуі тиіс. Бұл ретте олар мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қабылдауға міндетті. Егер қорытынды құжатты қараудан бас тартқан жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға шағым арыздар жіберіледі.

«Мұнда ең басты назар аударта кететін жайт – бұл заң азаматтық бастамалар бағытындағы алғашқы батыл қадам болғалы отыр. Сондықтан да оған аса сақтықпен қарап, көптеген шектеулерге баруға тура келді. Мәселен, мемлекеттік құпия, дербес деректер құпиялылығы, қарулы күштер, қылмыстық-атқару саласы, режимдік нысандар деген сияқты тағы да басқа регламенттерді сақтадық. Бір жағы лобби құралына айналып кетпеуіне де баса мән бердік. Соның өзінде де көптеген кедергілерден өттік. Десе де бұл заңды табандылықпен қорғап шықтық. Сондықтан да оның жүзеге асуында да кедергілер болуы әбден мүмкін. Қалай болғанда да біздің басты мақсатымыз – Қоғамдық бақылау объектілерінің шешім қабылдаған кезде қоғамдық пікірмен санасуына қол жеткізу, қазақстандықтардың олардың қызметіне деген сенімін арттыру, тиімділігін, айқындылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету», – дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Заң жобасында петициялар институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер де енгізілген. Әсіресе Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте (ӘРПК) қарастырылып отырған бұл өзгерістер Жалпыұлттық жоспарды іске асыру мақсатында әзірленген екен. Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет-портал арқылы бере алады. Әрине, қажет жағдайда қағаз жүзіндегі нұсқасы да сақталатын болады. Десе де, Конституциялық ұстынға қауіп төндіретін жағдайлар бойынша, мәселен, республиканың басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту, Сот төрелігі, рақымшылық, Ұлттық қауіпсіздік сынды тағы да басқа мәселелер бойынша петициялар беруге тыйым салынады.

«Біздің министрлік талаптарға сәйкес келетін петицияларды сәйкестігі анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырады. Ал азаматтар петицияға қосылуын немесе оған қатысы бар екенін сол жерде пікір жариялау арқылы-ақ білдіруге құқылы. Заң жобасы арқылы петицияны орналастыру үшін қажетті дауыстар саны 150-ден 50-ге дейін азайтылып отыр. Ал мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімдері: орталық мемлекеттік органдар үшін – 60 күннен 40 күнге, жергілікті атқарушы органдар үшін 20 күнге дейін қысқартылды. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары шәкірттерінің өмір тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығы берілмек. Бұрын мұндай құқық жоқ болатын. Петиция міндетті түрде қарауға қабылдануы үшін 5 мыңнан 50 мың дауыс аралығындағы шектік мәнге жетуі тиіс. Петиция бойынша шешімді тек мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды және жария етеді. Шекті мәнге жетпеген петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және ӘРПК-мен белгілеген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады, – дейді АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Сөз соңында айта кететіні, осынау азаматтық бастамаға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Қоғамдық бақылау оның субъектілерінің қаражаты және еліміздің заңнамалық актілерінде белгіленген өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. Бұл лоббиге жол бермеу және қоғамдық бақылау объектілерінің жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелеріне ресми қатынасын болғызбауға бағытталған. Қалай жүзеге асар болса да бұл еліміздің қоғамдық процесстерінде орасан зор прогрессивті қадам болғалы тұр.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ