4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі бірнеше шараға мұрындық болды. Аталған іс-шараға Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев, әскери музей қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері, жас сарбаздар, аудан тұрғындары қатысты.
Аулаларға Ту ілінді
1,528
оқылды

Аудан әкімі аппаратының және әскери-патриоттық орталық қызметкерлерімен бірге мұражай алдында мемлекеттік Әнұран шырқады. 

Аудан басшысы Ерлан Жаулыбаев құттықтау сөзінде мемлекеттік рәміздердің мән-маңызына тоқталды.

«Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді. Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке баршамызды жұмылдырып, ұлттық сананы оятып, патриоттық сезім сыйлауда. Тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздеріміз дүниеге келген күн – ерекше сәт. Мемлекеттік рәміздеріміз тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ізгі сезімдерді адамдардың жан дүниесіне сіңіруге қызмет етеді. Қыран бейнелі көк Туымыз, басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы дара Елтаңбамыз, Әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні, тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихы-­ мыздағы ресми белгілерге айналды», – деді Е.Жаулыбаев. 

Бұған қоса, Мемлекеттік рәміздер күнінде ауданның басты көшелері  мен аула ішіне мемлекеттік Ту ілінді. Мерекеге орай ауданда абаттандырылған жаңа аулалар ашылып, пайдалануға берілді. Жаңадан іске қосылған аулаларда түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндер де шырқалды. Балаларға арнап ойын-сауық бағдарламалары да көрсетілді. Түрлі кейіпке енген ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндер мен ата-аналарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ж.ҚҰТТЫБАЙ