Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларына қа­тысты жағдайдың жыл сайын күр­де­леніп жатқанын мойын­дады. Қазақ­станда жол апаты кө­бейді. Оның 12 пайызы адам өлімімен аяқталыпты. Әсі­ресе, қаза тапқандардың ара­сында кәмелетке толма­ған­дардың үлесі басым.
Жол қауіпсіздігі – ел қауіпсіздігі
1,615
оқылды

Мә­нісі неде? Патрульдік полиция нашар жабдықталғандықтан, жол жүрісі қағидаларының сақ­талуын қадағалау босаң­сыған. Шалғай орналасқан жол­дардағы апатта білікті көмек көрсетудің «алтын са­ғат» қағидасы сақталмай­ды. Сарапшылар техникалық байқауды қатайтуды ұсынып отыр. Өйткені техникалық бай­­қаудан қашып жүрген 266,8 мың көлік иесі анық­тал­ды. Сала оң әрі оңтайлы өз­герістерге зәру. 

Биылғы 10 наурызда Атырау облысының Полиция департаменті Ақтөбе –Атырау – Астрахань ба­ғытындағы республикалық авто­жолда болған жол апатында үш адам, соның ішінде бір бала қайтыс болғанын мәлім етті. «Ларгус» пен «УАЗ» автокөліктері бетпе-бет со­ғысқан. Салдарынан оқиға орнын­да «Ларгустың» жүргізушісі, екі жолаушы жан тапсырды. Арасында дүние есігін енді ғана ашқан 4 ай­лық сәби де бар. Тағы бір жеткіншек және «УАЗ» авто­мобилінің 3 жо­лаушысы түрлі жарақатпен облыс­тық ауруханаға жеткізілген. 

17 наурызда Ақмола облысын­дағы тасжолда жол апаты болып, бірден 4 адамның көз жұмғаны, тағы екі адамның елордалық ауру­ханаға жедел тасымалданғаны ха­бар­ланды. 1 сәуірде Алматы облы­сында қос Audi көлігінің бетпе-бет соғылуы салдарынан 5 адам опат болғаны жарияланды. 7 мамырда Атырау облысындағы Доссор – Құлсары – Бейнеу тасжолында машина аударылып, екі адам тіл тартпай кеткен, тағы 4 адам жа­раланды.

Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім ұлғайғанын айтып отыр. 2014 жылдан бері жалпы алғанда, апат­тардың азайғаны байқалады. Есесіне жол көлік оқиғасынан ажал құшатындардың саны азаймай тұр. 

Қазақстанда 5 жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, онда 11 193 адам, соның ішінде 8 212 ер адам, 2 974 әйел және 1 093 бала жантәсілім етті. Жол-көлік оқиғаларынан қаза тап­қан азаматтардың 36 пайызы – жаяу жүргінші, 32 пайызы – көлік ішіндегі жолаушылары, 27 пайы­зы – жүргізушілер, 5 пайызы – мото­көлік немесе велосипед тізгіндеген адамдар.

Мамандардың талдауы көр­­сет­кендей, ЖКО-ның негізгі себе­бі – көлік жүргізушілердің тәрті­бінің нашарлығы және жүргізу мәде­ниетінің төмен деңгейі. Сора­қысы сол, барлық жол-көлік оқиға­ла­рының 94 пайызы жүргізушілер кінәсінен болады. Соның ішінде 6%-ға жуығы мас күйінде жасалған қылмыстар. 

Апатты азайтудың амалы қайсы?

Биылғы қаңтар-сәуір айла­рында республикада 3,4 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 11,3% аз. Оның ішінде 404 оқиға немесе 12,1 пайызы кісі өлімімен аяқталды. Бұл ретте кә­мелетке толмаған балалардың қазасы былтырғыдан 24 пайызы артты. 2,9 мың жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің кінәсінен, 81 оқиға – жаяу жүргіншілердің, 1 жағдай жол қызметі мен мердігер­лердің кінәсінен болған.

Жыл басталғалы жол апатынан 522 адам қайтыс болды: оның ішінде 375 ер адам және 147 әйел өмірден өтті. Қайтыс болғандардың 52-сі кәмелетке толмағандар: қа­ралы көрсеткіш бір жылда 23,8 пайызға өсті. Өңірлер бойынша жол-көлік оқиғаларынан ең көп зардап шеккендер Алматы қала­сына (1,1 мың адам), Алматы (505 адам) және Жамбыл (501 адам) облыстарына тиесілі.

Республика бойынша барлық ЖКО-ның 2,6 мыңы ашық ауа райында, 177 оқиға – бұлтты күндері, 128 жағдай – қар жауғанда, 72 – жаңбыр жауғанда, небәрі 25 оқиға тұманда тіркелді. Олай болса, апаттардың көбеюіне қолайсыз ауа райы «айыпты» емес. Онда не айыпты?

Бұрынғы билік сыбайлас жем­қорлықтың жаһандық рейтингінде жоғарылау үшін көзбояушылық жасап, «акулаларға» тиіспей, ұсақ­тарға қырғидай тигені жасырын емес. Нәтижесінде, автомек­теп­терді коррупция жайлады де­генді сылтауратып, қазақстан­дық­тарға арнайы оқуын оқымай-ақ жүр­гізуші болуға рұқсат еткен еді. Сарап­шылар мұны әлі күнге дейін сынап келеді. Жолдағы ауыр апат­тардың артуына мұның да ықпалы барын ІІМ жасырмады: ведомство мәліметінше, 2022 жылы адам өліміне әкеліп соқтырған ЖКО-лардың жартысына жуығын ав­томектептерде оқымай, өз бетінше даярланған жүргізушілер жасапты. Сондықтан жүргізуші­лерді авто­мектепте оқуға міндет­тейтін бұ­рынғы тәжірибені қал­пына келтіріп, жаңартып, жетіл­дірген жөн. Өйткені мамандардың ай­туынша, жүргізушілерді даяр­лауға қойылатын талаптар тым төмендеп кетті. 

Талдап қарайтын болсақ, жол­дар­дағы апаттардың негізгі себеп­тері рұқсат етілген жылдам­дықты асырумен (40%), қарсы жолаққа шығумен немесе басып озумен (7%), маневр жасау қағи­даларын бұзумен (7%) байланысты екен.

Солардың салдарынан туында­ған жазатайым оқиғалардың 55 па­­йызы қала сыртындағы тас­жол­дарда болады. Нақтыласақ, 35 пайызы – республикалық маңызы бар жолдарда, тағы 20 пайызы – облыстық және аудандық маңыз­дағы жолдарда. Бұған тос­қауыл қою үшін не қажет? 

Ішкі істер министрлігінің тү­сіндіруінше, қала сыртындағы тас­жолдарда да жол жүру қағи­даларын бұзу фактілерін фотобейне жазбаға түсіретін камералар тү­сіргені абзал. Патрульдік поли­цияны жылжымалы техникалық бақылау құралдарымен жабдықтау қажет. Мұның бәрі қосымша қар­жылық шығындарды талап етеді. Елде, жолда тәртіп болуы үшін по­лиция жақсы қаржылан­дырыл­ғаны маңызды. Ал оның бүгінде нашар жабдықталуы салдарынан жол қозғалысын қадағалау мен бақылау тұрақты емес сипатта. Ірі қалалардың «құшағынан» сытылып шыққаннан кейін полицияның қадағалауынан да құтылатынын білетін бәзбір жанкешті жүргізу­шілер трассаларда жарыс ұйым­дастырады, ірі жүк көліктерінің, автобустардың, өзге жеңіл кө­ліктердің алдына түсіп, бұлғақтап, қыр көрсетеді. Барлығын басып озуға тырысып, зымыраған күйі қарсы бетке шығып кетіп жатқаны да жетерлік.

«Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Алматы –Ташкент», Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы «Орал – Атырау» автожолдарының учас­келерінде күрделі жағдай қалып­тасып жатыр. ЖКО-ларда опат болғандардың жалпы санының 60 пайыздан астамы солардың ен­шісінде», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Ескі көлік есті алады

Бақылаусыз, бассыз кеткен так­систер де жеке мәселе. 2018 жылдан бастап азаматтарды тасымалдауға арналған онлайн платформалардың дәурені туды. InDriver, Uber, Yandex мобильді қосымшалары халық арасында кең сұранысқа ие. Алайда олардың бірде-бірі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Көбіне мұндай қызметке тартылған жүргізушілер табыс қуып, еңбек және демалыс режимін сақтамайды. Ауыр апаттар жүргізушінің шар­шауы салдарынан болатыны дә­лелденген. Мұның сыртында такси агрегаторларында пайдаланатын көліктер көбіне қауіпсіздік талап­тарына сай келмейді: әбден тозған, қайта жабдықталған, оң рульді және басқа кінәраттары жетерлік. 

Талдау көрсеткендей, әрбір үшінші апатқа ұшыраған авто­мобиль AERBAG жүйесімен (қауіпсіздік жастықшаларымен) жабдықталмаған, әрбір оныншы апатта бұл жүйелер жұмыс істемей қалған. 

Үкімет утилизациялық алымды біршама азайтқанымен, кедендік бажды және салықтарды арттыру арқылы шетелден жаңа көліктердің келуін де қатаң тежеп отыр. Қоғам белсендісі, белгілі автомобиль са­рапшысы Арсен Шәкуов қытай­лық, басқа да шетелдік көліктерді шашылған күйде әкеліп, тек құ­растырумен айналысатын отандық автозауыттардың лоббиі халықты тығырыққа тірегенін айтады. Сал­дарынан қазір Қазақстандағы барлық автопарктің 50%-дан аста­мының қызмет ету мерзімі 20 жыл­дан асып кетті (олар «автохлам» аталады). Бұл – артта қалған ел­дерге тән көрсеткіш. 

Бұған көліктердің техникалық жағдайын бақылаудың нашарлығы қосылады: бұрынғы Үкімет тағы да жемқорлықпен күресті алға тартып, жаңа көліктерді техбайқауды жойды деуге болады. Бірақ ескілері де өтпеуге бейім тұрады. Соның көрінісіндей, соңғы 5 жылда 266,8 мың көлік иесіне техникалық бай­қаудан өтпегені үшін айыппұл салынды. Техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралын басқарғаны үшін 565,7 мың жүргізуші жауапкерші­лікке тартылды. Салдары ауыр болған 173 жол апатында көлікте белбеу мүлдем жоқ болып шыққан. Ендеше техникалық байқауды (техосмотр) да қатайтқан артық болмас. 

Автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғасынан зардап шек­кендерге жедел медициналық кө­мек көрсету жұмыстары өз дең­гейінде ұйымдастырылмаған. Оқиға орнының елді мекендерден шалғай орналасуына байланысты адамды құтқаруға мүмкіндік болған кезде де білікті көмек көрсетудің «алтын сағаты» қағидасы сақтал­майды. 68% жағдайда зардап шек­кендер оқиға орнында көз жұмған, 28% жағдайда – емдеу мекеме­лерінде, 4%-ында ауруханаға жет­кізілген кезде өмірден өткен. 

Жоғарыда келтірілген дерек­терден кейін «неге Қазақстанда жол-көлік оқиғасы құрбандарының саны өсті?» деп қайран қалу әбес­тік. Ахуалды түзетуге пәрменді қимыл керек. Сала Үкіметтен үл­кен өзгерістерді талап етеді. Әді­летті Қазақстанның бұған назар аудармауы әділетсіздік болар еді.

Елдос СЕНБАЙ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)