Жуырда Орталық коммуни­кациялар қызметінің баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы 4 айдағы өңірдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары жөнінде баян­дады.
Өндірісті өлке дамудың даңғылына түсті
1,151
оқылды

Өңір басшысының мәліметіне сәй­кес, есептік кезеңде облыстағы өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 900 млрд тең­геден асқан. Ал бюджет қазынасына құйылған инвестициялық қаражат кө­лемі 266 млрд теңгені құрады. Ауқы­мы жағынан ірі екі жобаға 2 млрд тең­геге жуық қаржы тартылды. 

Тіршілік нәрінен тапшылық болмайды

Сондай-ақ облыс әкімі өңірде «Ақ­тау теңіз порты» арнайы эко­номика­лық аймағындағы іркіліссіз істер өңір эко­номикасының даму динамикасының қарқын алуына сеп болғанын сөз етті. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Ақ­тау теңіз порты» АЭА аумағында 20 жоба іске асырылған, қалған 33 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Аймаққа тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 286,8 млрд теңгені құ­рай­ды. Өңір­дің тұрғын үй-комму­налдық шаруа­­­шылық саласында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Маңғыс­тауда ауызсу тапшылығын жою үшін бірқатар шаралар қабыл­данды. 2025 жылға дейін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін жалпы қуатты­лығы тәулігіне 200 мың текше метрге жуық жеті жобаны іске асыру жос­парланған. Мәселен, «Қара­жанбас» кен орнында қуаттылығы тәулігіне 17 мың текше метрді құрайтын су тұшыту зауыты іске қосылды. Бұған дейін кәсіпорын «Астрахань–Маңғы­ш-лақ» құбырынан су алатын. Нәтиже­сінде, «Астрахань–Маңғыстау» су құбы­рынан босаған 10 мың текше метр ауызсу Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарына беріледі. Су тапшылығын жою мақса­тында «Кас­пий» су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту арқылы тәулі­гіне 40 мың текше метрге дейін жет­кізу жоспар­лану­да. 2022 жылдың жазғы маусы­мында қуаттылығы 5 мың текше метр тұшыту қондырғысы пай­далануға берілді. Ал қалған жұмыстар 2023 жыл­дың соңына дейін аяқталады. 

 «Сонымен қатар Ақтауда жеке инвестордың есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондыр­ғысы­ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мың текше метр су алу жоспарланған. Мемлекет бас­шысы алға қойған 12 ауылды орталық­тандырылған сумен жабдықтау жөнін­дегі міндеті бүгінде толық орындалды. Нәтижесінде, елді мекендерде халық­тың ауызсуға қолжетімділігі 96 пайы­здан 100 пайызға дейін жетті», – деді Маңғыстау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі өңірде газбен жабдық­тау жұмыстарының да өз деңгейінде жалғасып жатқанын айтты. Биыл Кас­пий энергетикалық хабының «Жаңа­өзен–Ақтау» магистралдық газ құбы­рын салу жобасы аяқталады. Ол Ақ­тау­­дың жаңа шағынаудандарын газ­бен жабдықтау үшін қажет. Бұдан бас­қа, 2023 жылдың басында Үкіметтің қол­дауы­мен ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу–Жаңаөзен» газ құбы­рының екінші желісінің құры­лысы басталды. Нысан 2023 жылдың соңында іске қосылады.

Өңірдің денсаулық сақтау сала­сында да оң өзгерістер байқалған. Мы­салы, 2022 жылы жеке инвестиция­лар есебінен Жаңаөзенде 175 төсектік көпбейінді аурухана салынып, пай­да­лануға берілген. Сондай-ақ заманауи жабдықтармен жабдықталған 100 тө­сектік онкологиялық орталық іске қо­сылған.

– Медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстауда алты жеке ұйым ашылды. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Мұнайлы ауданында 150 төсектік орталық аудандық ауру­хана құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді Маңғыстау әкімі.

Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, денсаулық сақтау нысандарының ма­те­риалдық-техникалық базасы жыл са­йын жаңартылады. Облыстық бюд­жеттен 352 бірлік медициналық техни­каны сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлін­ген. Облыстың кешенді жоспары шең­берінде республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел жәрдем стансасы үшін бес реанимобиль сатып алынған. Осылайша, бүгінде емдеу меке­мелерін жарақтандыру көрсеткіші 93 пайызды құрап отыр. 

Медицина саласындағы кадрлар тапшылығы мәселесін шешу үшін 2022 жылы облыс әкімінің 157 гранты бөлін­ген. 

Өңірде халықты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Нұрлан Ноғаев 2022 жылы өңірде 21 мың 548 жаңа жұмыс орны құрылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар өңірдің ірі мұнай өндіруші кәсіпорындары мен олардың мердігер ұйымдарына 1 741 жергілікті тұрғын жұмысқа орналас­тырылған. 

Туризмге түрен салады

Екі жыл бұрын Маңғыстау облы­сына шетелден және ел өңірлерінен 310 мыңнан астам турист келген. Өңірде туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 11,5 млрд теңгені құра­ған. Маң­ғыс­тауда туристік секторды дамытудың маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен ұшақтар халықаралық және ішкі бағыттар бойынша 24 бағытта аптасына 110 әуе рейсін, оның ішінде алыс және жақын шетелдерге 16 бағытта 45 әуе рейсін жасайды. 

Мәселен, курорттық аймақтарды дамыту аясында 2022 жылы жергілікті инвесторлар 4 жобаны іске асырған. Нәтижесінде, 1,1 млрд теңгеден астам инвестиция тарта отырып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны құрылған. Олардың қатарында «Нефтемаш» КЗ» «Сартас» келушілер орталығы, «Фламинго курорты» («Фламинго» ЖШС), Глам­пинг Teniz Village (Techno west ltd ЖШС), AURA демалыс базасы («Алека» ЖШС) бар. 

–  Биыл 6 инвестициялық жобаны іске асыру әрі 210 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 100 млрд теңгеге бағаланған. Бұл жо­ба­лардың барлығы өңір экономикасын дамыту үшін оң мультипликативті әсер етеді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Инженерлік желіні жаңғырту ел игілігі үшін 

Ақтауда 2026 жылға дейін 900 шақырымнан астам инженерлік желі жаңғыртылады. Халықты сапалы ком­му­налдық қызметтермен қамта­масыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағынау­данын 5 аймаққа бөле отырып, 919 шақырымға созы­латын инженерлік желіні алмас­тыру, су, кәріз жүйесі мен жылу құбыр­ларын жаңғырту жоспар­ланған. Бүгінде 19 жобаны қаржылан­дыру мәселелері қарастырылып жа­тыр. 1 кезең бойынша жобаның жал­пы құны 20,4 млрд теңгеге бағаланған. Оның ішінде су құбыры бойынша 6 жоба, кәріз құбыры бо­йын­ша 6 жоба, кәріз тазарту станса­лары бойынша 6 жоба және жылумен жабдықтау желілері бойынша 1 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

–  Биыл Ақтау қаласының 3а, 3б шағынаудандарында және аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту басталды, жалпы ұзындығы 10,2 шақырым инженерлік желілер жаңғыртылады. Ол үшін республика­лық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, мердігер анықталды. Қалған шағын­аудан­дарды жаңарту бойынша жұмыс­тар кезең-кезеңімен жүргізілетін бо­лады, – деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.

Агроөнеркәсіп өркендеу өзегіне айналмақ

Ауыл шаруашылығын ел эко­но-микасының драйверіне айналдыру да маңызды міндет. Биыл ауыл шаруа­шылы­ғының шағын және орта кәсіп­керлерін, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, мал шаруа­шылы­ғын дамытуға 818 млн теңге, егін­шілікті дамытуға 43,6 млн теңге, инвес­тициялық субсидиялауға 720,4 млн теңге, сыйақы мөлшерлеме­лерін субсидиялауға 350 млн теңге бөлінген. Мал шаруашылығы саласын субси­дия­лауға 2021 жылы 127 млн тең­гені бө­лінсе, 2023 жылы бұл қара­жат 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.

Жалпы, өңірдің ауыл шаруа­шылы­ғы саласын дамыту үшін 2019-2021 жыл­дары агроөнеркәсіптік кешеннің 1 005 субъектісіне 2,33 млрд теңге көле­мінде суб­сидия бөлінген. 

– Өңірде ауыл шаруа­шылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» деп аталатын ауыл азамат­тары­на несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5-7 жыл мерзімге ша­ғын несие беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жос­парланып жатыр. Жоба ауыл тұр­ғын­дарының әл-ауқатын арт­тыруға және олардың мәселелерін же­дел ше­шуге мүмкіндік береді деген үміт­темін, – деді Нұрлан Ноғаев.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, 

Маңғыстау облысы