Марқұмның қарындасы ағасының артында алты баласы қалғанын, олардың алды 13-ке толса, кішкентайы тоғыз айлық екенін айтты.
«Кішкентай қызды құтқару үшін жанын берді»: Ақтөбеде 6 баланың әкесі суға батып кетті
2,195
оқылды

Ақтөбеде 39 жастағы ер адам суға түсуге рұқсат етілмеген жерде батып кетті. Туысының айтуынша, ол кішкентай қызды құтқарамын деп көз жұмған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 4 маусымда Елек өзенінде болған.

«4 маусым күні сағат 18.26-да Ақтөбе қаласы Елек өзені Жаңа көпір ауданында 39 жастағы ер адамның суға түсуге рұқсат етілмеген жерде батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Сүңгуірлер сағат 19.35-те жағадан 15 метр қашықтықта 4,5 метр тереңдіктен ер адамның денесін алып шықты», – делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Марқұмның қарындасының nur.kz тілшісіне хабарлауынша, ағасы кішкентай қызды құтқарамын деп өзі суға кеткен.

«Оқиға болған жерде біз болмадық. Ағам қалада, біз Ойыл ауданында тұрамыз. Сол күні ауылдан келген болатын. Ағаммен сағат 15.30 шамасында сөйлестім. Кешкі сағат 19.00 шамасында қаралы хабар алдық. Естуімізше, өзінің баласы кішкентай қыздың суға батып бара жатқанын айтқан. Біз шатаспасақ, сол жерде бір ұл және бір қыз бала суға батып бара жатқан. Ұл баланы әкесінің өзі құтқарып алған болуы керек. Қызды біздің ағамыз құтқарған. Ағам өзі өмірі суға түспейтін адам. Тізеден келетін судан қорқатын. Кішкентай қызды құтқару үшін жанын беріп тұр», – дейді ол.

Марқұмның қарындасы ағасының артында алты баласы қалғанын, олардың алды 13-ке толса, кішкентайы тоғыз айлық екенін айтты.